• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 05 Ақпан, 2019

Бейбіт атом: қазақстандық жол

2962 рет
көрсетілді

Қазақстанның мемлекеттік саясатындағы маңызды бағыт­тар­дың бірі – әлемдік сахнада «бей­біт атом» саласын дамы­туға басымдық беру.

Қазақстан 1990 жылдардан бастап ядролық қ­ару­ға қарсы қозғалысты атом қуатын адамзат игі­лігі үшін бейбіт мақсатқа ғана пайдалануды қолдап келеді. Қазақтың қазыналы жерін қырық жыл бойы қасірет құрсауына орап, Ұлы дала кіндігі – Сарыарқаны сілікпеге салып сілкінген Семей ядролық сынақ алаңының ащы зардабын шеккен еліміз үшін бейбіт атом сөзінің астары терең, маңызы зор. Сондықтан да қазақ елі Тұңғыш Президентіміздің Жарлығымен жабылған Семей полигонының базасын бейбіт атомды дамыту мақсатындағы ғылыми жұмыстарға пайдалану үшін Курчатов қаласында Ұлттық ядролық ғылыми орталық ашып, алғаш рет «Бейбіт атом» ұғымын нақты істермен дәйектеген еді.

Ұлттық ядролық ғылыми орталық негізінде ядролық ғылымды дамыту мәселесіне алғаш рет бетбұрыс жасалды. Осы мақсатпен Курчатов қаласында «Ядролық технологиялық паркі» акционерлік қоғамы құрылған болатын. Оны құрудағы басты мақсат – ядролық және жанама технологиялар саласында ғылыми негізде жұмыс істейтін жоғары технологиялық инновациялық кәсіпорындарды өрістету еді. Бү­гінде ядролық технология өте жоғары қарқынмен дамып барады. Озық ойлы адамзат атом реакторларының жаңа түр­лерін ойлап табуда. Әлемдік ғы­лым жылу нейтрондарымен, жеңіл су және ауыр сумен, жыл­дам қозғалыстағы нейтрондар­мен жұмыс істейтін және термо­ядролық реакторларды игере бас­тады. Мәселен, Ресейдің Били­бино атом электр стансасы (АЭС) электр энергиясымен қоса жылу да өндіреді. Солтүстік полюс­те орналасқан 10 мың тұрғы­ны бар Билибино кентін осы стан­са жылумен және электр қуаты­мен қамтамасыз етеді. Ал Сібір АЭС –і Северск және Том қала­ларын жылумен және электр қуа­тымен толық қамтамасыз етіп тұр.

Озық технологияларға не­гіз­делген бейбіт атом өнеркәсібін дамыту үшін Қазақстанда барлық алғышарттар бар. Әсіресе, атом энергетикасын дамыту еліміз үшін тағдырдың өзі тарту еткен үлкен мүмкіндік. Атом энергетикасының басты қозғаушы күші – уран.

Ендеше, жомарт жеріміздің қой­науындағы уран кенінің көлемі жағы­нан дүние жүзінде екінші орынды иеленетін еліміз үшін атом энергетикасын дамытуға басымдық беру бірінші кезе­к­тегі міндет. Осы орайда айта кете­тін мәселе, Қазақстанның атом өнер­кәсібі 2003 пен 2010 жылдар ара­лы­ғында уран өндіру өнеркәсібін барынша дамыту бағдарламасын жүзеге асырды. Нәти­жесінде елімізде 2003 жылы 3 мың тонна уран шығарылса, 2010 жылы 17 мың тонна уран өндіріліп рекордтық көр­сет­кішке қол жеткізілді. Сөйтіп еліміз санау­лы жылдардың ішінде ядролық отын нарығында дүние жүзі бойынша көшбасшылық орынға шықты. Бүгінде әлемдегі ядролық отынға сұраныс бұрын­ғы­дан артып, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ-тың әлеуетін еселеуге барынша жағдай туғызуда. Осыған байланысты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Таяу болашақта әлемдік дамуда арзан атом энергиясына деген сұраныс үнемі өсетін болады. Қазақстан – дүние жүзінде уран өндірудің көшбасшысы болып табылады. Біз атом электр стансалары үшін өзіміздің отын шығаратын өндірісімізді өркендетуіміз және өзіміздің атом электр стансамызды салуымыз керек», деп атап көрсетті.

Қазіргі таңда әлемдік нарықтағы мұнай және газ бағасының тұрақсыздығы, осы шикізаттық энергия көздерінің табиғи қорының жылдан-жылға күрт азаюы адамзатты басқа балама қуат көздерін іздеуге мәжбүрлеп отыр. Осы жолда жаһандық экономика басқа баламалы қуат көздерінен әлдеқайда тиімді атом энергетикасына басымдық береді. Бүгінде әлемнің бірқатар дамыған елдерінде электр қуатын өндіру үлесінде атом энергетикасының үлес салмағы 50 пайыздан артып отыр. Мәселен, Францияда бұл көрсеткіш 77 пайызды құрайды. Әлемнің 40-тан астам мемлекетінде атом электр стансалары (АЭС) жұмыс істеп тұр. ХХІ ғасырдың ортасына таман оның саны 50-ден асады деп күтілуде. Қазіргі таңда дүние жүзінде ядролық электр энергиясын өндіруде АҚШ, Франция, Жапония, Ресей, Корея және Германия көш бастап келеді. Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттіктің дерегі бойынша, бүгінде жер бетінде жалпы қуаты 374,7 ГВт болатын 441 ядролық реактор жұмыс істеп тұрған көрінеді. Сонымен бірге жалпы қуаты 58,6 ГВт болатын тағы 60 ядролық реактордың құрылысы салынып жатыр. Мамандардың пікірінше, 2050 жылдары жаһандық энергетикадағы атом энергиясының үлесі 35 пайыздан асып жығылмақ. Ендеше, даму болашағының баяндылығын ойлаған әрбір мемлекет өз экономикасына орасан зор пайда әкелетін, экологиялық таза және экономикалық тиімді атом энергетикасын дамытуға мүдделі екендігі даусыз.

Қазақстанда атом электр стансасын салу жөніндегі мәселенің сөз болып келе жатқанына көп жылдың жүзі болды. Жылдан-жылға жоғары қарқынмен дамып келе жатқан ел экономикасы қазірдің өзінде электр қуатының тапшылығын айқын сезіне бастады. Мамандардың нақты деректері бойынша, еліміздегі электр энергиясын тұтыну көлемінің өсуі 2010 жылғы 77,9 миллиард кВт сағаттан 2030 жылы 173 миллиард кВт сағатқа дейін өсетін көрінеді. Қазір негізінен Қазақ­станда өндірілетін электр энергиясы орга­никалық отын жағу есебінен жұмыс істей­тін электр стансаларына тиесілі. Олар елімізде тұтынылатын барлық электр қуа­тының 87 пайызын өндіреді. Оның ішінде елімізде шығарылатын барлық электр энергиясының 70 пайызы көмір жағатын ЖЭС-тің үлесіне тиеді. Елі­міз­дің ірі көмір кеніштері Солтүстік және Орталық Қазақстанда орналасқан. Сон­дық­тан елімізде өндірілетін бар­лық электр энер­гия­сының басым көпшілігі сол­түс­тік өңірлердегі электр стансаларында өндіріледі.

Солтүстік өңірлер Оңтүстік және Батыс Қазақстанға мыңдаған шақырым электр желілері арқылы энергия қуатын жібереді. Шығыс Қазақстандағы электр қуатына деген тапшылық та Солтүстік­тен келетін электр қуатымен қанағат­тандырылады. Мыңдаған шақырым қашықтыққа тартылған электр желі­лері­мен қуат айдаған кезде біршама электр қуатының шығындалуына жол беріледі. Қазір еліміздегі жоғары вольтты электр тарату желілерінің жартысынан астамының тозығы жеткен. Солтүстік өңірлердегі электр қуатын өндіретін стансалардың 70 пайызға жуығы күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл тығырықтан шығар бірден-бір тиімді жол – қазақстандық ядролық энергетиканы дамыту, АЭС салу болмақ.

Елімізде АЭС салу мәселесі сөз бол­ған кезде, ядролық энергетика­ның қар­сыластары халқымыздың қауіпсіз­дігін ойласақ, қазақ жерінде АЭС салмауымыз керек деген біржақты пікірді үзілді-кесілді алға тартады. Әрине бетін аулақ қылсын, АЭС-терде апат бола қалса, реакторлардан бөлінетін ядролық изотоптар шекарадан тайсалып, халық таңдап жатпайды. Мәселен, іргеміздегі көршіміз Өзбекстан өз аумағында АЭС салу жөнінде Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясымен келісім жасап, іске кірісті. Сондықтан Қазақстан халқының қауіпсіздігі тек Қазақстан­да ғана салынатын АЭС-ке тіреліп тұрған жоқ. Басты мәселе, атом энергетикасын дамыту жолына түскен әрбір мемлекет, алдыңғы қатарлы адамзат­тың ақыл-ойы ядролық технология­ның адамзат үшін мүлде қауіпсіз болатын жолын үздіксіз жетілдіре беруі керек. Бұл туралы Елбасы Н.Назарбаев Чернобыль қасіретінің 25 жылдығына орай өткізілген Киев саммитінде: «Осы ғасырдың ортасына таман әлемнің 50-ден астам елінде атом стансалары жұмыс істейді деп күтілу­де. Кез келген АЭС-те болған ядролық апаттың келеңсіз кесапаты міндетті түрде трансшекаралық сипат алады. Сондықтан атом энергетикасы нысандарының қауіп­сіз­дігі жөнінде бірыңғай қатаң халық­ара­лық қауіпсіздік талаптары мен стан­дарттары жасалуы керек. Осы стан­дарт­тар мен талаптарға сәйкес кел­мей­тін бірде-бір АЭС пайдалануға беріл­меуі тиіс», деп атап көрсете келіп, бұл талаптар­ды бақылауды МАГАТЭ-нің жауап­кер­шілігіне беру қажеттігін күн тәртібіне қойған болатын.

Электр энергиясы – бүгінгі өмір­дегі бас­­ты қажеттілік. Бүкіл әлем осы энер­гия­ның нәтижесінде жұмыс істей­ді. Адам­зат сұранысына қажетті энергия­ның басым бөлігін қазір мұнай мен көмір­ден алып жатырмыз. Бұл табиғи шикі­зат көздерінің қоры енді 60-70 жыл­да сарқылады деген болжам бар. Ал таби­ғи қоры 4 мың жылға дейін таусылмайтын энергия көзі – уран, атом энергиясы. Ең «жасыл энергия» – атом энергиясы. Болашақта адамзаттың электр энергиясына деген жоғары сұранысын қана­ғат­тандыру атом электр стансаларына келіп тіреледі. Ендеше, кімде-кім атом электр стансасын ертерек салып, ядро­лық технологияны жетік білетін маман­дар тәрбиелейтін болса, сол елдің жұл­ды­зы жоғары, табысы толайым болмақ. 

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»