Ертіс пен Жайық өзендерінің аралығын мекендеген Ботай тайпаларының тарихы бүгінге дейін әлем ғалымдарының назарын аударып отыр. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау өңіріндегі Ботай ескерткішіне өткен ғасырдың 80-жылдарының алғашқы жартысында тарих ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Археология және дала өркениеті» ҒЗИ директоры, Герман археологиялық институтының корреспондент-мүшесі Виктор Зайберттің жетекшілігімен зерттеу жұмыстарының басталғаны белгілі. Міне, сол аралықтан бергі қырық жылға жуық уақыт ішінде энеолит дәуіріне тиесілі Ботай мәдениетінің жұмбақ әлемі ғалымдарды әр кез тың жаңалықтарымен таңдандырып келеді. Ғалым Виктор Зайберт дала өркениетінің бастамасына айналған әрі Еуразияда жылқыны қолға үйретушілердің алғашқы мекені болған Ботайда жатқан тарихи әлемнің құнды жәдігерлеріне қатысты ойларымен бөліскен еді.
– Виктор Федорович, Ботай мәдени-тарихи музей қорығы бүгінде маңызы жоғары нысандардың бірегейі. Ғаламдық деңгейде зерттелген мекеннің әлі де екі ғасырға жуық мол қоры туралы зерттеулеріңізде жиі айтып жүрсіз...
– Қазақстан тарихында Ботай ескерткіштерінің әлеуеті зор екені рас. Жуырда Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында уақыт пен кеңістіктің дала өркениетіндегі маңыздылығына тоқталып, атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарап, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашқандығына қатысты мәселеге ерекше назар аударғаны белгілі. Мемлекет басшысының алға қойған мақсаттары Қазақстан халықтарының бай тарихи мұрасының өзара терең байланысына негізделеді. Бұл барлық этнос өкілдерінің экономикалық, мәдени және рухани саладағы ықпалдастығы дейтін болсақ, Қазақстанның ежелгі және орта дәуірлердегі халықтар тарихының тәжірибесін дамыту Еуразия стратегиясына зор серпін беретіні сөзсіз. Қазақстанда жүргізілген археологиялық зерттеулер Еуразия тарихының мыс-тас ғасырларына, біздің заманымызға дейінгі IV-III мыңжылдықтар қойнауында жатқандығын анықтады. Отандық және шетелдік ғалымдардың соңғы отыз жылдан астам уақыт ішінде ашқан ғажайып ізденістері Ботай, Берел, Есік, т.б. энеолит мекендерінің Қазақстанның, сондай-ақ бүтіндей Еуразияның ежелгі және ортағасырлық тарихындағы ғылыми жетістіктерінің дәлелі ретінде белгілі болды. Қалыптасуы тарихи-табиғи үдерістерге байланысты болып келетін әрі әртүрлі мәдениеттердің өзара ықпалдастығынан қалыптасқан Ботай мәдениеті осы кеңістікті ұзақ жылдардағы мекеніне айналдырды.
– Өткен жылдан бастап киелі мекенде ашық аспан астындағы Ботай-Бурабай музейін жасау туралы игі шаралардың қолға алынғаны белгілі. Мұндай жағдайда Ботайдағы археологиялық жұмыстар қалай жалғасын табатын болады?
– Ашық аспан астындағы Ботай-Бурабай тарихи мұражайының ашылуы отандық ғылымның өрістеуімен қатар, туризм саласының дамуына да серпін беретіні сөзсіз. Осы жұмыстарға байланысты қазіргі кезде әрі қарайғы зерттеу нысандарының шекарасы оқшауланып, тарихи мұражайдың нақты аумағы анықталуда.
– Біздің заманымызға дейінгі IV мыңжылдықта Солтүстік және Орталық Қазақстан аумағында жылқының қолға үйретілгендігі археологиялық жаңалықтардың шоқтығы болды. Осыған орай кейінгі жылдарда анықталған тың деректер жайында айтып берсеңіз.
– Бірнеше миллиондаған жылдардан кейін адамзаттың атқа міну кезеңіне өтуі дала өркениетінің бастамасына айналды әрі әлемдік тарихи үдерістерге зор серпін бергені анық. Бұл құбылыстың тарихи маңызы тереңде жатыр. Ботай мәдениеті қалыптасқан біздің заманымызға дейінгі IV мыңжылдықтан бастап XVII-XVIII ғасырлардағы индустриялық дәуірге дейін, ұлы даладағы барлық эволюциялық өркениет үдерістерінде ғана емес, Ежелгі Әлем кеңістігінде де жылқы маңызды рөлге ие болды. Қазақстандық ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, ботайлықтардың зерттеу аумағында бүгінге дейін 360 мыңнан астам жылқының азық ретінде пайдаланғандығы анықталды. Ат сүйектерінің айтарлықтай бөлігі еңбек құралдарын жасауға, тұрғын жай қабырғасын тұрғызуға пайдаланылды.
– Ал Ботай жылқыларының бүгінгі тақ тұяқтылармен ұқсастығы қандай?
– Табиғи төзімділігі, жылдамдыққа бейімділігі тұрғысынан алсақ, қазіргі жылқыларға келеді. Олардың әсіресе жергілікті жабыларға сәйкестігі анықталған. Жабылар Ботай үйірлерінің көшірмесі деуге негіз бар. Ботай жылқылары басқа сипаттары жағынан Пржевальск жылқыларына да жақындау. Генетикалық үрдістерде күрделі мәселелердің кездесіп отыруын заңдылық дейтін болсақ, будандастырудың салдарынан генетикалық түрлер жойылып кеткен. Алайда зерттеу жұмыстарының ретіне қарай әлі де тың мәліметтердің пайда болатыны сөзсіз. Ботай мәдениеті мыңжылдықтарға созылғанымен онда қазіргі заманмен генетикалық үйлесім табатын деректер мол. Тарихи-мәдени үдерістер бұл маңда жылқылардың үйірімен бағып-күтілгендігін, Ботай мәдениеті тұсында қолға үйретілгендігін дәлелдеп берді.
Біздің заманымызға дейінгі ІV-ІІІ мыңжылдықтарда дала климаты айтарлықтай ылғалды әрі өсімдікке бай болып келді. Палеогеографтар мен топырақтанушы ғалымдардың деректері бойынша ол замандарда шөптің биіктігі 2 метрге дейін жеткен. Дәл осы кезеңде мұнда миллиондаған жылқылар мекендеді. Басым көпшілігі жабайы болғандықтан, оларды аулау үшін үйретілген аттардың мінілгендігі дәйектеліп отыр. Бүгінде Ботай жылқыларын қолға үйретудің басқа да археологиялық деректерінің мол қоры жинақталды. Ал ыдыстарда қымыз молекулаларының анықталуы ботайлықтардың тұтынған тағамдарының этникалық маркерін көрсетеді.
– Осы қорымнан табылған Ботай тайпаларының өмір сүру салтына байланысты басқа да деректердің өзіндік ерекшеліктері болды. Олардың құрылыс жүргізудегі әдіс-тәсілдерінде де көптеген қызықты мәліметтер кездеседі...
– Энеолит кезеңінде шаруашылық-мәдениеттің дала түрлері қалыптасып, мыңдаған жылдар бойы сақталып келді. Жылқышылардың мекені бірнеше аумаққа бөлінді. Олар алғаш рет ерекше сәулет тәсілдерін қолдана отырып ағаш құрылыстар сала бастады. Жартылай жертөле үйлер ағаштан, балшықтан, ат сүйектерінен, ағаш қабықтары, жер қыртысынан тұрғызыла бастады. Үйлердің ауданы 120 шаршы метрге дейін жетті. Олар көп бұрышты әрі тіреусіз өте мығым етіп, бір-біріне қабыстырыла бой көтерді. Бұл үй құрылысында ең тапқыр әрі ерекше тәсілдер еді. Ботайлықтар мыс құралдарды пайдаланды. Олар аса шебер, зергер, суретші, тіптен медицинаға икемді болды. Сол кезеңде адамның ми қабығына трепанация жасауының өзі фантастикалық құбылысқа тән болатын. Ботайлықтар пайдаланған кейбір бұйымдардың жасалу ерекшеліктеріне қарап тас ғасырына тиесілі екендігіне сену қиын.
– Археологиялық мәліметтер бойынша бүгінде Ботай қонысының аумағы кеңейіп 30 гектарға жуықтап қалды. Әлі күнге дейін ежелгі мекеннен жаңа артефактар табылуда. Өткен жылы да тың учаскелер зерттелгені белгілі.
– Бүгінге дейін Ботай қорымдарынан үш жүз мыңнан астам жәлдігер табылғаны белгілі. Бүгінде жәдігерлердің саны емес, ғалымдарды оның маңыздылығы қызықтырады. Әсіресе жылқылардың, иттердің жаңадан табылған қаңқаларына қатысты зерттеулер жүргізілмек. Ботай тайпалары сондай-ақ дала малшыларының күнтізбесін алғаш ойлап тапқаны белгілі. Олардың тіршілігі жыл бойғы шаруашылық қызметінің тәртібіне байланысты болды. Қыста олар 20-30 гектар аумақты алып жатқан мекендерде тұрса, көктемде тұрғындардың бір бөлігі жылқылармен бірге Торғайдың терең сайларына, Жезқазған өңіріндегі Ұлытау сілемдеріне қарай ығысты. Олар талдан, аттың терісінен жасалған лашықтарды уақытша үйшік ретінде пайдаланды. Алғашқы лашықтардың пайда болуының өзі ерекше. Оны балық аулағанда пайдаланатын, балшықпен сыланған әрі талдан өрілген себеттің қарапайым да мықты құрылымы ерекше қызықтырды. Төңкерілген себет ботайлықтардың лашығының үлгісін сипаттап тұрғандай... Ботай тайпалары кешенді шаруашылық жүргізген. Аңшылық, балық аулау, үй кәсібінде сүйек, ағаш, тас өңдеумен де айналысқан. Қыштан құйылған ас үй ыдыстарын түрлі өрнектермен қашап жасаған. Қолданыстағы ыдыстардың бірінде бейнеленген дөңгелек суреті ботайлықтардың арбаны пайдаланғандығынан хабар береді. Осылайша жылқышылардың қандай болмасын ашқан жаңалықтары тәжірибеге еніп, дәстүрлі тәрбиенің өзегіне айналды, атадан балаға мұра болып, Еуразияның далалы және орманды алқаптарына мыңдаған жылдар бойы тарап келді.
– Ботай тарихи кешеніне бүгінде отандық ғалымдармен қатар шетелдік зерттеушілердің де атсалысқаны белгілі. Қазіргі кездегі ықпалдастық мәселесі қалай жалғасын табуда?
– 1990 жылдары бірқатар көрнекті ғалымдар Ботайдағы жылқыны қолға үйретумен байланысты деректерді анықтады. Дэвид Энтони, Доркас Браун, Норберт Бенеке, Анжела фон ден Дриш, Марша Левин, Сандра Олсен, т.б. ғалымдар осы тақырыпқа орай кең көлемдегі зерттеулерін жариялады. Ботай зерттеулеріне сондай-ақ Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Франция, Дания, Қытай, Литва сияқты елдерден көптеген ғалымдар араласты. Өз ісінің білгірі болып табылатын ғалымдар Ботай жәдігерлерін зерттеуде заманауи әдіс-жүйелерді пайдаланды. Тіптен Ботайда әлемдегі ғылымның ең жаңаша ізденістері мен әдістері алғаш рет жүзеге асты деуге негіз бар. Ғажайып мекен ғалымдарға ерекше серпін бере отырып, инновациялық дүниелерді енгізуге мүмкіндік берді. Ботай бүгінде жас ғалымдарды оқытуға арналған орталық. Археология үздіксіз әрі адамзатпен бірге жасасатын тарихи үрдіс болғандықтан, оны жүргізу үшін әр кез жаңа талаптар қажет екендігі сөзсіз. Кәсіби мамандардың үздіксіз дайындалуы, зерттеу нысандарының заманауи қондырғылармен жабдықталуы, ғалымдардың ғылымнан қол үзбей айналысуы уақыт үдесінен туындап отыр. Осы орайда археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, дамытуда шетелдік әріптестердің тәжірибесін назарға алып отырудың маңызы зор. Себебі Ботай сияқты еліміздің тарихқа тұнған өлкелерінде археология ғана емес, ғылымның барлық саласы үшін ізденістерге мол мүмкіндік бар.
Әңгімелескен
Эльвира Серікқызы,
«Еgemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ