Бейсенбі, 11 қазан 2012 7:11
Алматы облысының оңтүстік өңірінің тұрғындарына 60 жылдан астам уақыт сапалы медициналық қызмет көрсетіп келе жатқан Алматы көп салалы клиникалық ауруханасы «басы ауырып, балтыры сыздап», жанына дауа іздеп келген жандардың маңдай тірейтін бірден-бір емдеу орны, қазақы ұғыммен айтсақ, қарашаңырағы…
Бейсенбі, 11 қазан 2012 7:11
Алматы облысының оңтүстік өңірінің тұрғындарына 60 жылдан астам уақыт сапалы медициналық қызмет көрсетіп келе жатқан Алматы көп салалы клиникалық ауруханасы «басы ауырып, балтыры сыздап», жанына дауа іздеп келген жандардың маңдай тірейтін бірден-бір емдеу орны, қазақы ұғыммен айтсақ, қарашаңырағы…
Алматы көп салалы клиникалық ауруханасы 1952 жылдың 10 қаңтарында Алматы облыстық халық депутаттары кеңесінің шешімімен Алматы қаласындағы Малая станица ауруханасы базасында 75 орындық мекеме ретінде құрылады. Жыл соңына дейін емдеу мекемесі 200 орындық терапия, хирургия, балалар және перзентхана бөлімдерімен толығады. 1958 жылы №2 облыстық аурухана Талдықорған қаласында ашылып, аталмыш емдеу орны №1 Алматы облыстық ауруханасы атанады. Он жылдан кейін 250 орындық емдеу және күніне 500 кісі қабылдайтын емханасы бар 3 бокстан тұратын, жергілікті радиотелефон қызметімен қамтылған 3 қабатты ғимарат пайдалануға беріледі. Одан кейінгі жылдары урология (30), неврология (30), онкология (30), травматология (40) бөлімдерімен толығып, аурухана 355 орынға ұлғаяды. Ақыл-кеңестік емхана құрамында жоспарлы шұғыл көмек көрсететін бөлімше ашылып, санавиация жасақталады. Бұл бөлімде 3 ұшақ, 5 дәрігер, 4 диспетчер, 10 жүргізуші тәулік бойы жұмыс істейді. Ал 1972 жылы облыстық ауруханада 10 ауданның 718 мың халқына қызмет көрсететін терапия, гастроэнтералогия бөлімдерімен төсек-орын саны 450-ге ұлғаяды.Аурухананың қалыптасу кезеңдері мен өсу жолдары республика денсаулық сақтау саласының күллі даму жүйесімен тығыз байланысты. Оған дәлел, 1978 жылы Алматыда тарихи оқиға болып тіркелген Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйымдастыруымен әлемнің 134 мемлекетінен мыңнан аса делегат қатысқан ХХ ғасырдың ұлы хартиясы – «Алматы Декларациясы» қабылданған халықаралық конференцияда медицина мамандары мен ғалымдарына көрсетілген 50 нысанның 38-і осы Алматы облыстық ауруханасына қарайтын емдеу мекемелері еді. Сол жолы конференция делегаттары еліміздің медицина мамандарының білімі мен біліктілігіне жоғары баға беріп, біздің алғашқы медико-санитарлық көмек көрсету жүйесін өздеріне қолдануға ұйғарым жасайды.1986 жылы 2 қабатты жаңа акушерлік-гинекология корпусы іске қосылады. Сөйтіп, Перинаталды орталық (150), пульманология (30), нейрохирургия (30), жансақтау (6) бөлімдері ашылып, ауруханадағы кереует саны 610-ға жетеді. Әсіресе, Перинаталды орталықтың ашылуы облыстың акушерлік-гинекология қызметіне серпін береді. Үкімет тарапынан мол қаражат бөлініп, анестезиолог, реаниматолог, акушер-гинекологтан құралған дәрігерлер тобы тәулік бойы қызмет көрсетеді. Сол кезеңде облыс көлемінде ана өлімінің жылына 25-29 оқиғасы тіркелсе, жаңа орталық қызметінен кейін бұл көрсеткіш 2 есеге азаяды.Иә, өткенсіз бүгін жоқ деген. Кезінде ұйымдастыру, қалыптасу, өсу, көркею жолдарын басынан өткізген аурухана облыс жұртшылығына медициналық қызмет көрсететін ірі орталық болып қалыптасуымен қатар, елімізде кәсіби дәрігер мамандарды даярлауда өзіндік дәстүрі бар мектеп те бола білді. Бүгінде алпыс белесті бағындырған облыстық емдеу мекемесінің іргетасын қалап, аурухананың алғашқы бас дәрігері қызметін атқарған Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген дәрігері, Отан соғысының ардагері Әбдіғали Тұржановтың еңбегі ұрпақтар жадында еш ұмытылмақ емес. Әбдіғали Тұржанұлының бастаған ісін одан әрі жалғастырып, аурухананы басқарып, оның көркейіп, дамуына үлес қосқан азаматтар қазір отандық медицинаны ұйымдастыруда білікті басшы, кәсіби маман ретінде еліміздің ірі қалалары мен облыстарында басшылық қызметті лайықты атқаруда. Олардың қатарында Әлмұрат Шәріпов (1968-75), Абай Баспақов (1975-79), Орынбай Дайырбеков (1979-81), Сайлаубек Тәукейұлы (1981-88), Болат Жұбашев (1989-95), Қанат Әбіқұлов (1995-2002), Ұлтай Кілтбаева (2002-2010), Т.Сансызбаев (2010), Б.Қойлыбаев (2011) бар. Әсіресе, емдеу орнын ұзақ жылдар басқарған Ұлтай Кілтбаева еңбек жолын осы ауруханадан бастап, оның барлық баспалдағынан өтеді. Ол кісі басқарған кезде 2 млрд. теңге көлемінде арнаулы медициналық жабдықтар сатып алынып, облыста тұңғыш рет 30 орындық көз аурулары бөлімі ашылады. Акушерлік-гинекология қызметін көрсету ісінде де түбегейлі өзгерістер орын алып, ана мен бала өлімі күрт азаяды. Қалай дегенде де, облыстық клиникалық аурухана ұстаханасынан шыққан дәрігерлердің арасында Алматы облысына ғана емес, республиканың мақтанышына айналған КСРО халық дәрігері З.М.Мадиеваны, Еңбек Қызыл Ту орденді дәрігер М.Г. Крылованы, т.б. үлкен құрметпен атауға болады.Шынын айту керек, бұдан бір жыл бұрын аурухананың бас дәрігері қызметіне медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары дәрежелі уролог Қуатжан Тұрысбеков келгелі емдеу орнында үлкен серпіліс сезіледі. Оңтүстік астанадағы жедел жәрдем ауруханасында қызмет жолын бастаған Қуатжан бұған дейін Қазақстан Президенті Іс басқармасының Алматы қаласындағы орталық клиникалық ауруханасында урология бөліміне жетекшілік жасайды. Қағылез жас маман қай жерде қызмет атқармасын істің көзін біліп, өз мамандығын меңгеруде үнемі ізденісте жүреді. Міне, сол қасиеттері оған үлкен мекемені сеніп тапсырғанда күш-жігер қосты.Қашанда білікті басшы бір күнмен өмір сүрмесе керек. Өзінің бастамашылдығымен, жаңашылдығымен ұжымды бірден баурап алған жаңа басшы бүгінде орынтаққа жайғаса қалса сенімді командасын жасақтайтындар қатарынан болмай шығады. Қайта керісінше, сол ұжымға қалайда кірігудің жайын ойластырады. Ең алдымен 310 төсек-орындық аурухананың, оның ішінде 12 клиникалық, 13 параклиникалық және кеңес беру-диагностикалық орталықтардың жұмысымен, емдеу орнының материалдық-техникалық жағдайымен, ондағы 700-ден астам қызметкердің атқаратын қызметімен жіті танысып шығады. Бүгінде ауруханада қалтқысыз қызмет жасап жатқан 128 дәрігердің 9-ы ғылым докторы, 13-і ғылым кандидаты, 4-уі доцент, 2-уі еңбек сіңірген дәрігер, 45-і жоғары санаттағы дәрігерлер болса, 292 орта медициналық қызметкердің 124-інің жоғары, 32-сінің бірінші санатты екенін айтар болсақ, оның үлкен күш екенін, сол арқылы алынбайтын қамалдың болмайтынын сезіне түсесіз.– Мәселен, бір жарым млн.-нан астам халқы бар Алматы қаласының тұрғындарына медициналық қызмет көрсетіп отырған емдеу орындарын таңдауға еріктері бар, – деп шешіле сөз бастады бас дәрігер Қуатжан Тұрарұлы. – Неге десеңіз, шаһарда ірі-ірі жеті аурухана, оған он республикалық дәрежедегі ғылыми орталықты қосыңыз. Қала халқы соның кез келгеніне барып емделе алады. Яғни, оларға мүмкіншілік те, таңдау да бар. Екіншіден, ол емдеу орындарының бүгінгі материалдық жабдықталуы өте жоғары деңгейде. Ішіне кірсең шыққысыз.Ал облыстық ауруханаға келсек, бұдан алпыс жыл бұрын тұрғызылған аурухананың бас ғимаратына 1998, 2003, 2007 жылдары кезең-кезеңмен облыстық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, күрделі жөндеу жүргізілгенімен, сапасы төмен болып, олардың да кетеуі кетіп тұр еді.Міне, осы олқылықтар мен шегіне жеткен кемшіліктерді жоюдың жолын іздеген басшы қажетті құжаттарды дайындап, жаңадан келген облыс әкімі Аңсар Мұсахановқа кіріп, бар жағдайды баяндайды.Облыс әкімі бар жағдайды нақты біліп, шешім шығару үшін арнайы комиссия құрады. Облыстан келген экономист, қаржыгер, іскер жігіттер бар жағдайды көзімен көріп, көңілдерін сендірген соң облыс әкімінің алдына не істеу керектігі жөнінде бағдарлама жасап апарады. Сонымен күрделі жөндеу кезең-кезеңмен жүргізілетін болып шешіледі. Биылғы жылға жансақтау, қабылдау бөлімдері, босанатын, кір жуатын, ас дайындайтын блоктарды күрделі жөндеуден өткізуге 135 млн., ал аурухана аумағын қоршап, абаттандыру мен көгалдандыруға 190 млн. теңге бөлінеді.Аурухананың басқа да проблемалары да аз емес. Облыс тұрғындарына жедел және жоспарлы медициналық қызмет көрсететін жалғыз мекеме болғандықтан бүгінгі таңдағы 310 төсек-орын аздық ететіндіктен, науқастардың кезек күтуіне тура келуде. Белгіленген 310 төсектің орнына 350-400 науқас жататындықтан, дәрі-дәрмек, тамақ, оталық материалдар жетіспей қиналады. Өйткені, Үкімет қаражаты тек 310 төсекке есептелінген. Жаны қиналып, ауруы дендеп шалғай ауылдан келген науқасты қалай қайтарсын. Бұл мәселеге де көңіл бөлген облыс әкімі амандық болса, аурухана ауласынан жүз елу орындық қосымша блок, сондай-ақ қаланың күнбатыс жағынан тағы да үш жүз төсектік жаңа аурухана салуға қаражат, инвесторлар қарастырамыз деп уәде етуі әзірге дәтке қуат беріп тұр.Аурухана бүгінде медициналық техника, құрылғы, аппараттармен жабдықталған. Дегенмен, әлі күнге осындай ірі емдеу орнында дәл, нақты диагноз қоюда ауадай қажет МРТ-ның болмауынан науқастар әр жерге барып, әуре-сарсаңға түсуде. Егер, еуропалық стандарт бойынша отыз мың, дүниежүзілік стандарт бойынша жүз мың тұрғынға осындай бір аппарат керектігін ескерсек, әрине, екі млн. халыққа Талдықорған қаласында бір қондырғы жеткіліксіз.Бас дәрігер облыс әкімінің келісімін алған соң ұжымды жинап, қуанышты хабарды жеткізе отырып, биылғы жылдың ерекшелігін, алда үлкен жауапкершілік, сын тұрғанын айтады.– Аурухананың 60 жылдығын атап өтетін болдық. Бұл баршамызға ортақ қуаныш, – деп ұжымды ашық әңгімеге шақырды.Осылайша, дайындық басталып кетеді. Алдымен өмірі қолға алынбаған аурухана тарихын түгендеп, жинақ дайындауға кіріседі. Ал мерейтой күні өткізілетін ғылыми-теориялық конференция аясында осы уақытқа дейін әркімнің айналысып жатқан ғылыми деңгейдегі еңбектерінің басын құрап, тағы бір кітап шығаруды ұйғарады. Осы уақыт аралығында құрылыс жұмыстары да аяқталуға жақын қалды. Күрделі жөндеу барысында бүкіл аурухана ғимараттары сейсмикалық жағынан күшейтіліп, металконструкциямен қапталды. Жансақтау бөлімінің еуропалық жобасы жасалынып, дүниежүзілік стандартқа лайықты жасақталды. Кір жуатын, асхана блогының іші-сырты қырып тасталып, терезелері ауыстырылып, жылу қазіргі заманға лайықталып, жаңа кейіпке енген.Ал атшаптырым аумақты алып жатқан аурухана ауласы да адам танымастай өзгерді.Бүгінгідей ай сайын емес, күн санап қарыштап дамып отырған медицина көшіне ілесуде дәрігерлердің білімін жетілдіріп, кәсіби шеберлігін арттыру – күн тәртібіндегі мәселенің бірі. Бұл ретте аурухана дәрігерлері Үкіметтің тегін оқытуға арналған бағдарламасының нәтижесінде шетелге, Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтына барып мамандығын шыңдап, жетілдіруде. Ал қосымша білім алғысы келген талапкерлерді үлкен фармкомпаниялар арқылы да оқытып алуда. Мәселен, жыл басынан бері он дәрігер оқып келсе, қыркүйек айынан бір дәрігер Кореяда дәріс алуда.Медицинадағы үлкен жетістігіміз десек те болғандай, бүгінде санавиацияға Үкімет қыруар қаражат бөлуде. Егер алыс шалғай ауылда немесе көлік жете алмайтын қиын жерлерде, мәселен, қойшының әйелі босана алмай жатса, аудан орталықтарында қан кету фактісі орын алса, санитарлық ұшақпен жедел түрде ауруханаға жеткізіледі. Бір жарым жылдың ішінде санавиацияға елу, биыл отыз, ал реоанимобильге ай сайын жүзге дейін шақырту түсіп жатады.Ауруханадан жиырма төсектік ақылы бөлім ашылуы да құптарлық іс. Бұған дейін ақылы бөлім болмағандықтан жақсы жағдай іздеген қалталы науқастар Алматының емдеу орындарына немесе жеке меншік орындарына кетіп жатты. Сондықтан, ақылы бөлім облыс көлемінде ашылған алғашқы қарлығаш болып саналады.Аурухана С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина мен Қазақстан-Ресей медицина университеттерінің профессор-тәлімгерлерімен көп уақыттан бері тығыз ғылыми-өндірістік байланыста, бұл өз кезегінде науқастарға сапалы медициналық қызмет көрсетуде оң нәтиже беріп, зор ықпалын тигізіп отыр.Облыстың көрсеткіші – мемлекеттің де көрсеткіші. Соңғы жылдары Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында аурухана бөлімшелері заман талабына сай халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуде медициналық құрал-жабдықтармен толықтырыла түсуде. Соның нәтижесінде ауруханада жоғары арнаулы медициналық көмек көрсетіліп, миға, жұлынға, көзге күрделі оталар жасалуда. Қазіргі заман талабына сай денені кеспейтін эндоскопеялық әдістер қолданылады. Қан тоқтататын аппараттар алынған. Бүгінде елімізде өлім мен сырқаттанушылық жағынан жүрек-қан тамырлары аурулары бірінші орында екенін ескерсек, аурудың алғашқы «алтын сағатында» көмек көрсетілсе, науқасты аман алып қалуға болатындықтан, мұнда оған қажетті аппараттар алу жағы да қарастырылып отыр. Мәселен, облыс әкімдігінің қолдауымен 230 мың долларға ангиограф алынды. Алдағы уақытта жүрекке коронаография, ангиография, қан тамырларын стенттеу, аортакоронарлы шунттау оталарын жасауды қолға алмақ.Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,«Егемен Қазақстан».АЛМАТЫ.