Жаңа технология қарапайым шамдарға да келіп жетті. Бұрынғы қолданыстағы қыздыру шамдарын жарық диодты баламасы басып озды. Ұзақ қызмет етеді, есесіне шығыны аз, электр қуатын үнемдейді. Мұндай «ақылды» шамдар күн санап көркейіп келе жатқан Атырау көшелерін тіпті жарқырата түсті. 2017 жылы 19 көшеге 1066 жарық диодты шам орнатылған еді, өткен жылы көше саны 20-ға жетті. Ал 2019-2020 жылдары облыс орталығында 192 көше, Құлсары қаласында 83 көше жаңа технологияның игілігімен жарықтандырылады деген жоспар бар.
Жоба мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қолға алынып отыр. Дәстүрлі мемлекеттік сатып алулармен салыстырғанда мемлекеттік-жекеменшік серіктестік моделін қолдану кезінде құрылыс сапасы жоғары болады, өйткені жобаны ары қарай пайдалануға жеке серіктес жауапты. Көше жарықтандыру құрылысы мен пайдалану ісін елімізде алғаш қолға алған жеке компания – «Батыс Транзит» АҚ. Мекеменің атқарушы директоры Мақсат Исақанов облыс орталығы мен қала маңындағы елдімекендердің және Құлсары қаласының көшелеріндегі жарық шамдарын ауыстыру жұмыстары жалғасып жатқанын айтады. Жалпы ұзындығы 220 шақырым көшеге жаңа шамдар орнатылады. Компания жобаға 8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартуды жоспарлаған.
Жасыратыны жоқ, бұған дейін Атыраудың орталық көшелері ғана самаладай жарқырап тұрғанымен, қала шетін, іргелес елдімекендерді түн болса қою қараңғылық басатын. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында осы олқылықтың орны толмақ. Бұл жаңалықты қала тұрғындары да қуана құптап отыр. Көлік қозғалысы мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін түнгі жарықтың орыны бөлек.
- Өткен жылы қалада электр қуатынан 3 млн теңге үнемделді, Led-шамдардың осындай артықшылығы бар, - дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Данияр Мұқышев. –Тағы бір атап өтер жайт, шамдарды қуат көзінің түсетін аумағына қарай азайтып не көбейтуге болады. Шамдарды арнайы қадағалайтын диспетчерлік бөлімше ашылды, сол арқылы электронды жүйеде шамдардың жағдайларын анықтауға мүмкіндік бар. Жаңа жобаның мерзімі он жыл.
Болашақта Атырау-Индер, Атырау-Доссор тас жолдары да жарықтандырылады деген жоспар бар. Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында атап көрсетілген «Ақылды қала» тұжырымдамасын жүзеге асыру жолындағы игіліктің бірі – осы.
Бақытгүл БАБАШ,
«Egemen Qazaqstan».
Атырау