КСРО тұсында ұзақ уақыт пен көптеген адамның өмірін жалмаған – Ауған соғысы болды. Әскери құрылымы құрыштай қуатты КСРО бұл соғыста жеңімпаз атанбаса да 10 жыл өз әскерін Ауғанстан территориясында ұстады. Осы жылы бұл соғыстың аяқталғанына аттай 30 жыл толды.
1978 жылы сәуір айында төңкеріс жасап, Ауғанстан билігін басып алған Н.Тараки бастаған коммунистер ел басқару тізгінін қолдарына алғанымен, оны ұстап тұра алмады. Коммунистердің билікке келуі және олар жүргізген реформалар халық көңілінен шықпады. Жер-жерде наразылық шаралары ұйымдастырылып, ақыры билік пен халық арасында қарулы текетірес пайда болды. 1979 жылдың соңына қарай елде ірі көлемді әскери ұрыс-қимылдары басталып, Ауғанстанның 26 провинциясының 18-інде қарулы қақтығыстар болды. Елдегі шиеленісті жағдай АДР басшыларын бірнеше рет Кеңес Одағына әскери қолдау мен көмек сұрап жүгінуге мәжбүрледі. «Ауғанстанның заңды үкіметінің» өтінішін ескеріп және 1978 жылғы 5 желтоқсандағы Шартты, сондай-ақ БҰҰ Жарғысының мемлекеттердің өзін өзі қорғау құқығы туралы 51-бабын алға тартып, КСРО Ауғанстанға қарулы күштерін кіргізуге келісті.
Ауғанстанға әскер кіргізу жөніндегі саяси шешімді желтоқсанның 12-сі күні кеңес басшыларының шағын ғана тобы қабылдады. Түркістан әскери округінен (ТүрӘО) Ауғанстанға кіретін 40-армия құрылып, оған қолбасшылыққа генерал-лейтенант Ю.Тухаринов тағайындалды. 25 желтоқсан күні мемлекеттік шекараны кесіп өту Мәскеу уақыты бойынша 15.00 (жергілікті уақыт бойынша 17.00) басталды.
1980 жылы қаңтар айында 40-армия Ю.В.Тухаринов қолбасшылығымен елдің маңызды аудандарына орналасты. Ауғандық армиямен бірлесіп әкімшілік орталықтарды, қажетті нысандарды, әуежайларды және Хайратон-Кабул, Кушка-Герат-Кандагар, Кабул-Жалалабад, Пули-Хумри-Құндыз-Файзабад автомагистралдарын қарауылдауға алды. Кеңес әскерлері барлығы 21 провинцияны, тоғыз әуежайды (Кабул, Баграм, Шинданд, Кандагар, Құндыз, Жалалабад, Гардез, Герат, Файзабад) қамтамасыз етті.
Кеңес әскерлерінің ең алғашқы соғыс қимылы 1979 жылы 27 желтоқсанда Х.Әминнің көзін жоятын «Дауыл-333» жауынгерлік операциядан басталып, 1989 жылы қаңтардағы «Тайфун» операциясымен аяқталды. 40-армия Ауғанстанда ірі көлемде «Дауыл-333», «Кунар», «Паншер», «Құндыз», «Магистраль», «Удар», «Тайфун» және т.б. операциялар жүргізді. Бұл айтылған әскери операцияларға мыңдаған жауынгерлер мен әскери техникалар қатысты.
Ең алғашқы, үлкен қарулы қақтығыс 1980 жылдың ақпан-наурыз айларында өткен Кунар операциясы еді. Алғашқыда, моджахедтер отряды ашық түрде соғысуды жөн көрді, бірақ, «тасадан атқылау» тактикасына өтуге мәжбүр болды, өйткені, ашық қақтығыстарға олардың күші тең келмеді. Ауғанстанның тау шатқалдарын қиялай кесетін Кунар өзенінің жанында Бақытжан Ертаев (бүгінде Халық Қаһарманы) басқарған батальон орналасты. Сол кезде 27 жастағы командирге анау-мынау емес, соғыс жағдайындағы басшылық тапсырылды. Кунар өзенінің бойында Пәкістан жағында Читрал, ал Ауғанстан жағында Асадабад аталатын екі провинция орналасқан. Пәкістанға жақын орналасқан әскери бөлімдер өмірі қауіп-қатерге толы болды. Кеңес әскерлері 1980-1985 жылдары 5 жыл ішінде 7 рет Кунар әскери операциясын жүргізді. Ең алғашқы Кунардағы әскери операция 1980 жылы ақпан айының аяғында басталды. Осы жылы Кеңес сарбаздары жүргізген Кунардағы әскери операцияда күзге дейін, басқасын айтпағанда дұшмандардың 6 штабы, 2 биік асудағы базасы, 17 бекініс бекеті, 12 зеңбірек пен минометі, әскери әуе күштеріне қарсы күресетін 5 орналасу алаңы және 1,5 мың бүлікшінің көзі жойылды. Ал кеңестік тараптан 52 жауынгер ажал құшып, 43-і ауыр жараланды, 1 жауынгер із-түзсіз жоғалды. Оған қоса 9 тікұшақ істен шықты.
40-армия «Паншер» аталған алқапта он жыл ішінде 9 рет ірі әскери операция жүргізді. Ахмад шах Масуд иелігіне қарайтын бұл алқап өте қауіпті еді. Осы қауіпті аймаққа маршал Соколов кейін «Қара майор» атанған Борис Керімбаевты батальонымен апарды. Өйткені «Паншер арыстаны» атанған Ахмад Шахқа анау-мынау командирдің тісі батпайтын еді. 1982 жылдың мамыр-маусым айларында «5-Паншер» операциясы өтті, алғашқы үш күн ішінде 4 мыңнан астам кеңестік десантшы түсірілді. Барлығы бұл операцияға 12 мыңнан астам Кеңес жауынгері мен офицері қатысты. Бұл операция, бір мезгілде 120 шақырым көлеміндегі шатқал аңғарларында өтті. Нәтижесінде, бұл жолы Паншер алынды, бірақ ауған армиясының бұл стратегиялық жағынан маңызды аймақты ұстап тұруға күші жетпеді.
1986 жылдың тамыз-қыркүйек айларында «Құндыз» операциясы өтті. Мен осы операцияда Ханабад провинциясындағы ұрысқа қатыстым. Операцияның негізгі мақсаты: Ауғанстанның солтүстік-шығыс бөлігінде әскери-саяси жағдайды тұрақтандыру, 40-армияның жүк тиелген колонналарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, асулардағы базалар мен тірек пункттерін жою, үкіметке қарсы күресушілердің белсенділігін бейтараптандыру, оларды АДР үкіметі жағына тарту, үлкен көлемдегі қару-жарақ пен оқ-дәрілерді және барлау құжаттарын қолға түсіру болды. Құндыз провинциясына қарайтын Чардара, Ханабад, Алиабад, Имам-Сахиб, Дашт-и-Арчи, Калай-и-Заль және т.б. уездердегі моджахедтер орналасқан аймақтарда жауынгерлік қимыл ешқашан тоқтаған емес.
1987 жылдың 23 қарашасы – 1988 жылдың 10 қаңтары аралығында ең ірі операциялардың бірі – «Магистраль» операциясы іске асырылды. 40-армия қолбасшысы Б.Громовқа осы операцияны сәтті өткізгені үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
40-армия жоғарыдан түскен бұйрық бойынша Ауғанстаннан толық шығып кеткенше жауынгерлік операцияны жалғастыруға мәжбүр болды. Мысалы, 1989 жылы қаңтар айының басында Кабулға КСРО СІМ Э.Шеварнадзе келді. Ауғанстан басшысы М.Наджибулла Мәскеуден келген өкілге Ахмад шах Масуд пен оның жасақтарының күшін әлсіретіп беруді өтінді. М.Горбачевтан нұсқау алған КСРО Қорғаныс министрі Д.Язов 40-армия қолбасшысына 23 қаңтарда А.Масуд жасақтарына қарсы жауынгерлік операцияны бастауға бұйрық берді. Бірақ бұл операцияны бастауға 40-армия қолбасшылығы тікелей қарсы болды. Өйткені біріншіден, қолбасшылық әскер кетер алдында А.Масудпен оқ атыспауды келісіп қойды. Екіншіден, буынып-түйініп отырған армияға қақаған қыста мұндай операцияны жүргізу олжа әпермейтін еді. Үшіншіден, әскердің әкетілуіне санаулы күндер қалғанда құрбан санын арттырудың қажеті жоқ еді. Бірақ Мәскеудің бұйрығы одан күшті-тұғын. Сөйтіп 23-25 қаңтарда Паншер алқабы мен Оңтүстік Саланг асуын қуатты бомбалау мен атқылау мақсатында «Тайфун» кодымен аталатын операция жүргізілді. Қолбасшылық Ахмад шах Масудқа алдын ала сақ болуды және қарсылық жасамауды ескертті. Бейбіт тұрғындарға уақытша қышлақтарын тастап шығу да ескертілді. «Тайфун» операциясы біткен соң Ахмад шах Масуд КСРО-ның Кабулдағы дипломатиялық өкіліне өзінің наразылық танытқан хатын жолдады.
Осылайша, 40-армияның Ауғанстанда жүргізген жауынгерлік қимылдары соңғы сағаттарға дейін жалғасты. Мен тек олардың арасындағы бірер ірі операция барысына тоқталдым. Шындығында, он жыл ішінде қаншама қақтығыстар мен ажал айқастары болғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Жүргізілген ірі көлемдегі және кішігірім операциялар кезінде қаншама қаруластарымыз көз жұмды. Жауынгер жарғысында: «Бұйрық талқыланбайды, тек орындалады» – деген қағида бар. Осы қағидаға сүйенсек әрбір қаза тапқан, мүгедек болған және қатысып тірі қалған жауынгерлеріміз өз борышын адал орындауға күш салды. Сондықтанда олар өзінің әскери антын ешқашан бұзған жоқ.
1979-1989 жж. КСРО-ның 620 мың азаматы Ауғанстан аумағында әскери қызметін өтеді, олардың 525 мыңы Кеңес армиясының қатарында, 90 мыңы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (МҚК) шекаралық және т.б. бөлімшелерінде, 5 мыңы Ішкі әскерлер мен милиция қатарында өз міндеттерін атқарды. Сондай-ақ 21 мың адам жұмысшы және қызметші кәсібінде қызмет етті. Ал Кеңес армиясы әскерінің жыл сайынғы тізіміне 80-104 мың әскер, 5-7 мың жұмысшы мен қызметші тіркелді.
110 айға созылған Ауған соғысындағы санитарлық шығын 469 685 адамды құрады, оның ішінде жараланған, бастан зақым (контузия), түрлі мертігу алғандар – 53753 адам, ауырғандар – 415932 адам, олардың арасынан – 115308 адам жұқпалы гепатитпен, 3180 адам – іш сүзек ауруымен, 140665 адам басқа да жұқпалы аурулармен ауырды. Асқынған ауруына, жарақаттануына байланысты армиядан 11654 адам босатылды, 10751 адам мүгедек болды, оның арасында 672 адам – І топ, 4216 адам – ІІ топ, 5863 адам ІІІ топ мүгедегі болды.
Ауған соғысынан қайтып оралмаған жалпы адам шығыны 14453-ке жетті. Нақтылай айтсақ, Кеңес армиясы қатарынан 13833 адам, МҚК бөлімшелерінен 572 адам, КСРО ІІМ жасағынан 28 адам, басқа министрліктер мен ведомостволардан 28 адам опат болды.
Біздің республикамыздан 22 мың адам Ауған соғысына қатысты. Олардың 1000-ға жуығы соғыста құрбан болды және Қазақстан жерінде жерленді, 20 адам із-түзсіз жоғалды Ал жалпы шығынның 362-сі қазақ ұлтының өкілі екендігі анықталды.
Ауған соғысында із-түзсіз жоғалғандар мен тұтқынға түскендер саны 417 адамды құраса, одан кейінгі жылдары 333, ал қазіргі таңда 264 адамды құрап отыр. Олардың 20-сы Қазақстан азаматы болып саналады. 2013 жылы бұл тізім екі адамға қысқарды, ал қалған он сегізден әлі күнге дейін не дәйек, не хабар жоқ.
Ауған соғысында барлығы 200153 адам мемлекеттік марапатқа ие болса, оның 10955-і осы соғыста шейіт кетті. Ал марапатталғандардың – 111966-ы сержанттар мен солдаттар, 19261-і прапорщиктер, 66251-і офицерлер мен генералдар, 2675-і Кеңес армиясының жұмысшы қызметшілері, оның 1350-і әйел. Сондай-ақ марапатталғандардың 2265-і қазақ, 635-і қырғыз, 6050-і өзбек, 855-і түркімен, 2710-ы тәжік, 102547-сі орыс, ал қалғандары басқа ұлт өкілдері болды.
Шектеулі контингент құрамында – 86 адам Кеңес Одағының Батыры атағын алса, 103 әскери қызметші Ленин орденімен, 1972 адам Қызыл Ту орденімен марапатталды. Батыр атағын алғандардың 29-ы осы соғыста құрбан болды. Батырлар арасында бір қазақ, бір өзбек, бір тәжік, елу орыс бар, ал қалғандары басқа ұлт өкілдері. Олардың 15-і қатардағы жауынгер мен сержант, 1-еуі старшина, 62-сі офицер, 7-еуі генерал, 1-еуі Кеңес Одағының маршалы.
1988 жылы 14 сәуірде, АДР-дағы жағдайды саяси реттеу туралы Женева келісіміне қол қойылды. Қол қойғандар қатарына КСРО, АҚШ, Ауғанстан мен Пәкістан кірді. Кеңес Одағы өз контингентін 9 айлық мерзімде алып шығуға, ал Құрама Штаттар мен Пәкістан өз тараптарынан қарулы оппозицияны қолдауды тоқтатуға міндеттелді. Женева келісімінде белгіленгендей, 1989 жылы 15 ақпанда Ауғанстаннан соңғы Кеңес әскерлерінің әкетілуі аяқталды. Кеңес Одағы Женева келісімін белгіленген мерзімде орындады. Осылайша 110 айға созылған соғыс аяқталды.
Болат САЙЛАН,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Қазақстан тарихы» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Ауған соғысының ардагері