• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 07 Ақпан, 2019

А.Мамин ТЖ алдын алу және жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссия отырысын өткізді

424 рет
көрсетілді

2019 жылдың 6 ақпанында ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Асқар Маминнің төрағалығымен Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысы болып өтті. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі хабарлады.

Отырысқа Комиссия мүшелері, мемлекеттік органдар басшылары қатысты. Бейнеконференция байланыс режимінде – облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдерінің орынбасарлары, төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшылары есеп берді.

Отырыс барысында еліміз тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ары қарайғы шаралары жан жақты пысықталды.  Ағымдағы жылдың 5 ақпанындағы Үкімет отырысында Премьер-Министрдің тапсырмаларын орындау шеңберінде ҚР Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті  бөлімшелерімен республикалық және өңірлік деңгейде өрттің алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру жөніндегі штабты құру бойынша жұмыстар басталды. Жылыту кезеңінің соңына дейін тұрғын үй секторындағы өрттің алдын алу бойынша кешенді профилактикалық іс-шаралар жалғасын табатын болады.

Бұдан басқа, түсіндіру жұмыстарын өткізу сапасын күшейту, сондай-ақ тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі саласынан түсінігі бар азаматтардың қатарын көбейту жөніндегі қосымша шараларды жүзеге асыру қарастырылған.

«2017-2020 жылдарға арналған су тасқыны қаупін жою және алдын алу жөніндегі кешенді шаралар» Жол картасын жүзеге асыру жөнінде ҚР ішкі істер министрі Қ.Қасымов хабардар ете кетті. Соңғы екі жылда өткізу қабілеті арттырылған 64 көпірге, 119 гидротехникалық құрылғыға жөндеу жүргізіліп, 174 қорғаныш дамбасы салынған және күшейтілген. Толықтай алғанда, Жол картасымен шамамен 600 іс-шараны жүзеге асыру қарастырылған.  

2018-2020 жылдарға арналған ТЖ жөніндегі департаментті кезеңімен материалдық-техникалық жарақтандыру жөніндегі Жол картасы әзірленіп отыр. Сутасқыны қауіпті кезеңіндегі Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің құралдары мен күштері, басқару органдарының дайындығы туралы ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Ю.Ильин баяндап берді.

Отырыста сондай-ақ ҚР Бас прокурорының орынбасары А.Лукин, ҚР энергетика вице-министрі С.Нұрлыбай, ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Е. Нысанбаев, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі К.Өскебаев сөз алды. Олар темір мен автомобиль жолдарын су басудың алдын алу жөніндегі шараларды, жол желілерін су басқандағы жағдайы, тасқын суды қабылдау үшін су қоймаларының техникалық  дайындығы және жалпы су тасқыны кезеңіне дайындық барысын ортаға салды.

Су тасқыны кезеңіне дайындық туралы Алматы, Шығыс-Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстары әкімдерінің орынбасарлары айтып берді.

«Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары өңірлерде Жол картасындағы су тасқыны қаупінің алдын алу жөніндегі бірқатар іс-шаралардың орындалмағандығын қадап айтып, «Жол картасындағы іс-шаралардың орындалмауы өңірлерде ТЖ туындауы қауіпіне алып келуі мүмкін» екендігін ескертті.

- «Иесі жоқ суқоймаларының, гидротехникалық құрылғылардың болуы Қарағанды облысында орын алғандай, төтенше жағдайларға алып келуі мүмкін. Таяуда тасқын судың алдын алу кезеңі басталады. Жауапты мемлекеттік органдарға әрбір өңірдегі иесіз құрылыстарды коммуналдық иелікке өткізу мәселелерін қатан бақылауға алу керек», - деп атап көрсетті А.Мамин.

Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Е.Нысанбаев 2018 жылы анықталған 49 иесіз құрылыстың 21-і есепке алынғандығын, ал қалған 28-і бойынша олардың жағдайы бақылауға алынып, есепке қойылып жатқандығын хабарлады.

Бірінші Вице-Премьер барлық мүдделі мемлекеттік органдарға алдағы көктемгі кезеңдегі болжамды есепке ала отырып және   тәуекелдерді ескере,  тасқын су қаупінен инфрақұрылымдар мен елді мекендерді максималды қорғауды қамтамасыз ету, су тасқыны құбылысын болдырмау жөніндегі барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.