• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
22 Қыркүйек, 2012

Ықпалдастық – өмір талабы

591 рет
көрсетілді

Ықпалдастық – өмір талабы

Сенбі, 22 қыркүйек 2012 7:29

Болашақ Еуразиялық Одақтың бастапқы негізі – Біртұтас экономикалық кеңістік біздің халықтарымыздың бірлесе табысты дамуының ауқымды ареалы ретінде болмақ.

НұрсұлтанНАЗАРБАЕВ.

 

Сенбі, 22 қыркүйек 2012 7:29

Болашақ Еуразиялық Одақтың бастапқы негізі – Біртұтас экономикалық кеңістік біздің халықтарымыздың бірлесе табысты дамуының ауқымды ареалы ретінде болмақ.

НұрсұлтанНАЗАРБАЕВ.

* * *

Мен Еуразиялық Одақтың әрбір мүше елдің мүдделерін ескеретін, нақты да шынайы өкілеттіктерге ие, консенсус негізінде іс-қимылдар жасайтын ұлтүстілік органын құруды ұсындым. Бірақ бұл саяси егемендікті беру дегенді тіптен де қарастырмайды. Бұл аксиома. Негізіне интеграция бойынша әріптестердің теңдігі алынған Еуразиялық Одақ құрудың табысты тәжірибесі дәл осындай болмақ.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

ИӘ, МҰНЫ УАҚЫТТЫҢ  ӨЗІ АЙТЫП ОТЫР

Бүгінде Еуразиялық экономикалық аймаққа бірігудің дүбірі тіптен жиі естіліп, бұл идеяның сөзден гөрі нақты іске аса бастағанын күнделікті өмірде көріп, біліп жүрміз. Жалпы осы ықпалдастықтың маңызы, мәні, әлеуеті қандай? Біз  бұл жөнінде ғалым, саясаттанушы, тарих ғылымдарының кандидаты Сапарбек САХОВТАН сұраған едік.

– Саясатта кез келген нәрсе  бірден бола қоюы мүмкін емес,– дейді бұл жөнінде әңгіме иесі. –Кез келген идеяның екінші жағы да болады. Бір нәрседен ұтсақ, бір нәрседен ұтылуымыз мүм­кін. Өмір философиясы тала­бының өзі сондай. Сол себептен бұл одақтың пайдасы не дегенде біз ең алдымен оның түбіне, тере­ңі­не, болашағына үңілуіміз керек. Меніңше Еуразиялық ай­мақ­қа бірігу мәселесінің біз үшін маңыз­дылығы әлі де көп айтылмайтын сияқты. Насихат аз. Көбінесе Ел­ба­сының қоз­ғауы­мен, талдап көр­сетуімен білеміз. Сондықтан көзі ашық, оқыған азаматтар ғана болмаса, қарапайым халық бұл мәселенің тереңіне ой жібере алмай, жалпылама ғана біледі. Ал, бұл дегеніміз біздің тағды­ры­мыз емес пе?! Оны үнемі талдап, зерттеп жүрген басылымдар, ға­лым­дар сиректеу. Сондықтан бұл экономикалық аймақтың маңы­зы, мәнін жете зерттеп, елге тү­сіндіру қажет. Пайдасы бар деп жалпылама айта салмай, ұңғыл-шұңғылын талдап, жілікше шағу қажет.

Саясаттанушы ретінде бұл ықпалдастықтың мән-маңызы ту­ралы айтар болсам, ТМД аума­­ғын­дағы елдер алдағы уа­қытта бірте-бірте экономика және мә­де­ни мәселе жағынан жақындай түсіп, түбі еуразиялық эконо­ми­калық аймаққа бірігеді. Мұны өмірдің өзі қажет етіп отыр.  Дәл қазір бұл идеяға Қа­зақ­стан, Ресей, Белоруссия және Қырғыз­стан президенттері бейіл болып жүр ғой. Алдағы уа­қытта бұл одақ­қа басқа да елдер бірігеді. Мен тіпті шикізат іздеу, сауда нарығы, мәдени қарым-қатынас жасау бағытында Бал­тық жаға­лауындағы елдер де осы идеяға жақындайтынына бек сенімдімін. Бұл үшін ең алдымен мемлекеттер демокра­тия­лық  нор­маларды сақтап, тәуел­сіздік талап­тарын  орын­дап, елдер арасындағы өзара сыйластықты негізгі шарт деген ұғымды берік қалып­тастыруы қажет.

– Сонда бұл экономикалық аймаққа бірігу – уақыт тала­бы, оны жағдайдың өзі қажет етіп отыр дейсіз ғой?

– Қазір ХХІ ғасыр. Бұл дәуір­дегі саяси жағдай да, эконо­ми­калық  тыныс-тіршілік те мүл­дем бөлек. Жасыратыны жоқ, жер бетіндегі 200-ге жуық мем­лекеттің бәрі бір-бірінен пайда көруге ұм­тылады. Қазақстанның жері кең, қойнауы қазба байлық­қа толы. Еліміздегі осы байлық­ты тек қорып қана,  ешқандай әре­кетсіз, тек алақан жайып оты­ра берсек, біз одан  ұты­ламыз. Бұл жерде бар мәселені сыртқы байланыс, қарым-қаты­нас шешеді. Біріншіден, біз ол байлықты өзіміз игере алмай­мыз. Оны жүзеге асыратын техника, технология, тәжірибе. Ол жағы бізде жеткіліксіз. Екіншіден, жоғарыдағы  байлықты игер­ген күннің өзінде де оны сыртқы нарық саудасына шы­ға­ру­дың, өнімді саудалаудың қи­ын­дықтары өте көп. Абайла­ма­саң, қарызға батып қалуың мүм­кін. Әлемде «үлкен сегіздік» деген атпен белгілі одақты білесіздер. Оған  мүше елдер бір-бірі­мен ынтымақтаса, келісе оты­рып, өз мүдделерін қорғайды, өз сая­сатын жүргізеді. Одан бөлек Еуроодақ, «үлкен жиырмалық» деген ұйымдар бар. Сондықтан жер жүзіндегі дамыған мемлекеттер бір одаққа кіріп, екі жақты, одан топтық, аймақтық, құр­лық­тық келісімдер жүргізіп, өз бола­шақтарын жасап жатқан кезде, біз бір шетте бөлек, оқ­шауланып тұра алмаймыз. Елба­сымыз Нұр­сұлтан Назарбаев о бастан-ақ елді тығырықтан шы­ғару, эконо­ми­ка­мызды дағда­рыс­тың толқыны­нан аман алып қалу жұмыстары осы бағытта өрбиті­нін айтқан болатын. ХІХ ғасыр­дағы Жапония сияқты ешкімді кіргізбейтін жабық ел болудың керегі  жоқ. Сондықтан ХХІ ға­сырда Еур­азия­лық экономикалық аймақ қажет.

Әрине, Қазақстанды бүгінде дүние жүзі таниды, барлық ел мойындайды. Әлемдік рейтингте 51-ші орынға көтерілдік. Сон­дық­тан соңғы 20 жыл ішінде то­лағай табыстарға қол жеткізген елі­міздің Еуразиялық эконо­ми­ка­лық аймақта да салмағы басым, дауысы жарқын, беделі биік болатыны анық.

– Еуразиялық экономика­лық аймақтың алғашқы қа­дам­дары басталып та кетті. Кеден одағының құрылуы, ЕурАз­ЭҚ, көрші елдермен бірлескен кәсіпорындардың дү­ниеге келуі алдағы уақытта бұл ықпал­дастықтың әлі де те­реңдей, ады­мы ашыла түсе­тінін бай­қа­татын секілді.

– Бұл идеялардың барлығын  алғаш рет Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың көтергенін бәріміз жақсы білеміз ғой. Шынында бү­гінгі саясатта кез келген ел дос­тарсыз өмір сүре алмайтыны белгілі. Ал, біз неге досты алыстан, Африкадан немесе Австралиядан іздеуіміз керек? Кедендік одақ – Еуразиялық эко­но­микалық ай­мақ­тың сөзден гөрі нақты іске көше бастағанының белгісі. Енді біздің елдің ал­дын­да тұрған бас­ты міндет – БСҰ-ға мүше болу. Еуразиялық эконо­ми­калық аймақ Қазақстанның БСҰ-ға мүше бо­луына зор ық­па­лын тигізетіні анық. Сондықтан аймақтың ты­ны­сын ашып, елде біріккен кә­сіпорындарды көбей­ту керек. Көрші елдердің эконо­мика сала­сындағы жақындасуын заң жү­зінде жүзеге асыру осы Еуразия­лық экономикалық ай­маққа жүк­теліп отыр. Әйтсе де оның оқ­панына жұтылып кетпей, басқа елдермен тереземіз тең болу үшін әлі де көптеген жұмыстар атқарылуы тиіс. Ең бастысы – осы жүйені түсінетін, жағдайды ек­шеп, оң шешім қабылдай алатын білікті кадрлар дайындау қажет деп ойлаймын.

Әңгімелескен

Оралхан ДӘУІТ,

«Егемен Қазақстан».

ШЫМКЕНТ.