• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
18 Қыркүйек, 2012

Аймақаралық ынтымақтастық – ел дамуының алғышарты

416 рет
көрсетілді

Аймақаралық ынтымақтастық – ел дамуының алғышарты

Сейсенбі, 18 қыркүйек 2012 8:25

МҮДДЕЛЕСТІК. ӘРІПТЕСТІК. МҮМКІНДІК. ЫҚПАЛДАСТЫҚ

Ертең Павлодар қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы басшыларының қатысуымен Аймақаралық ынтымақтастықтың ІХ форумы өтеді

АЙМАҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ АЛҒЫШАРТЫ

 

Сейсенбі, 18 қыркүйек 2012 8:25

МҮДДЕЛЕСТІК. ӘРІПТЕСТІК. МҮМКІНДІК. ЫҚПАЛДАСТЫҚ

Ертең Павлодар қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы басшыларының қатысуымен Аймақаралық ынтымақтастықтың ІХ форумы өтеді

АЙМАҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ АЛҒЫШАРТЫ

Ел Президенті Н.­Ә.Назар­баев­тың бастамасымен құрылған Аймақаралық ынты­мақ­тастық фо­румы жыл сайын дәстүрлі түр­де өткізіліп, қысқа уақыт аралы­ғын­да маңызды ша­раға айналып үлгерді.

Әр жиында Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарындағы және шекара бойында орналасқан об­лыс­тар арасындағы ең өзекті мә­селелер қаралып келеді. Қазіргі таңда екі елдің шекаралас ай­мақ­тары арасында жасалған 200-ге тарта келісімдер негізінде аймақ­ара­лық және шекарааралық ын­ты­мақтастық жандана түсуде. Соның ішінде табиғатты пайдалануда бірыңғай үлгі-қалып­тар­ды ұстану, су және өзге де табиғи ресурстарды бірлесе пайдалану сияқты мәселелер өзекті болып табылады.

Соңғы рет Қазақстан мен Ресей басшыларының қатысуымен аймақаралық ынтымақтастықтың VIII форумы былтырғы жылғы 15 қыркүйекте Астрахань қала­сын­да (Ресей) өткен еді. Сол кездегі форум «Трансшекаралық си­пат­тағы төтенше жағдайлар кезінде бірлесе әрекет ету» деген та­қырыпқа арналған болатын. Ал биылғы Павлодар жерінде өтетін форум «Инновациялық ынтымақ­тас­тық» деген аса маңызды ба­ғытты қарастырады. Осы аталған шараға 13 қазақстандық және 12 ресейлік өңірдің басшылары қа­тысады деп күтілуде.

Одан басқа, форум барысын­да көрмелер мен мәдени шаралар да өткізіледі. Мұның барлығы фо­румның екі ел үшін қанша­лық­ты маңызы зор екендігін көр­се­те­ді. Сондай-ақ, форум көршілес елдер арасындағы ынтымақ­тас­тық­ты барлық сала бойынша жан­дандырудың жақсы бір сатысы болуға тиіс.

Қазақстан мен Ресейдің ара­сын­дағы қарым-қатынас, әсі­ре­се, Біртұтас экономикалық ке­ңістік құрылуына байланысты қазір жақсы қарқын алып отыр. Осы бағытта тиісті құрылымдар көптеген шаруаларды атқарып келеді. Жалпы, екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастар орнаған күннен бастап есептейтін болсақ, ынтымақтастықтың барлық салаларын қамтыған 480-нен астам әр түрлі келісімдер мен шарттар қабылданған екен. Бұл құжаттар екі ел ара­сындағы қарым-қатынасты ба­рын­ша қарқынды дамытуға мүм­кіндік туғызып, екі ел хал­қының игілігіне жақсы жұмыс іс­теп келеді.

Бүгінгі таңда екі ел арасында шешілмей жатқан қандай да болса мәселелер жоқ деп айтуға толық негіз бар. Әрине, еркін эко­номикалық кеңістікке байла­ныс­ты әлі де болса кейбір бизнеске кедергілерді алып тастау бағытында біршама жұмыстар жүргізу керек. Оның ішінде заң­дар­ды бір-бірімен реттестіру мен сәйкестендіру мәселелері де бар. 2012 жылдың 7 маусымында Ресей Президенті В.В.Путиннің Қа­зақстанға жасаған ресми сапары барысында 1992 жылдың 25 ма­мырында қол қойылған Қазақ­стан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы өзара достық, ынтымақтастық және кө­мек туралы келісімнің мерзімі ұзар­тылып, оның кейбір бап­та­рына өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізілген-ді.

Сонымен қатар, Қазақстан мен Ресей арасында 1999 жылдан бастап екіжақты ынтымақ­тастық­тың барлық қырларын пысық­тай­тын Үкіметаралық комиссия жұмысын жүргізіп келеді. Оның 15-ші отырысы 2011 жылдың 24-25 қарашасында Астана қала­сын­да өткізіліп, онда 17 мәселе қа­ралған болатын. Әсіресе, отын-энергетикалық кешен, ғарыш кеңістігін бірлесе игеру, көлік саласында өзара ықпалдастық, шекаралық және әскери-тех­ни­калық ынтымақтастық мәселе­ле­рі жан-жақты талқыланды. Бұл бағыттарда ынтымақтастық әлі де тереңдей беретін болады.

Жалпы, Ресей Қазақстанның ірі сауда әріптесі болып табы­латыны баршаға белгілі. Арадағы сауда айналымы еліміздің сырт­қы сауда көлемінің 20 пайыз­дайын құ­рай­ды. Тек былтырдың өзінде Қа­зақ­стан мен Ресей ара­сындағы сауда-саттық 23,8 миллиард АҚШ долл­а­ры­на жетсе, бұл 2010 жылмен салыстырғанда 42,3 пайызға артқандығын көрсе­теді. Осы орайда Қазақстанның экспорты 47,8 пайызға өсіп, 7,5 миллиард долларды құраса, Ресейден келетін импорт көлемі 39,8 пайызға өсіп, 16,3 миллиард долларға жетті.

Әрине, биыл алыс-беріс көле­мі сәл бәсеңдегенімен, айтар­лық­тай көп емес. Егер 2012 жылдың қаң­тар-мамыр айларын алып қарайтын болсақ, онда Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда ай­налымы шамамен 9,3 миллиард АҚШ долларына жеткендігін көреміз. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыс­тырғанда 1,5 пайызға төмен, алайда жыл соңына дейін айтарлықтай өсуі де ғажап емес.

Соңғы ақпараттарға қараған­да, бизнес құрылымдарына түс­кен салықтық ауыртпалықтар жө­нінен Қазақстан ұтымды пози­ция­да. Салықтық төлемдер мен тексерулердің жеңілдігінен көп­теген ресейлік компаниялар өз құрылымдарын Қазақстанда ашып жатқандығы жасырын емес. Әрине, бұл – біздің ар­тықшылығымыз. Бұл жерде екі ел арасындағы ынтымақтастықты айтқанда, тек салықтық алымдар жайында емес, ең маңыздысы, компаниялардың ешқандай кедергісіз рынокқа кіруі, өзінің тауарларын еркін сатуы мен тұ­рақты орнын табуы тұрғысында мәселе қарастырылуға тиіс.

Әр интеграциялық үдеріс өз жеткен деңгейінде тиісті орган­дарды талап етеді. Бүгінгі кездегі Біртұтас экономикалық кеңіс­тік­ке байланысты тиісті органдар толықтай құрылды. Аталған құ­рылымдарда қазақстандық азаматтар да арнайы келісімдерге сәйкес қызмет жасауда. Осы орайда ұлттық органнан биік тұратын біріккен парламент бо­ла­ды екен деген сөздер де айты­лып қалып жатыр. 2015 жылдан бастап Еуразиялық экономика­лық одақ құрылады деген жоспар бар. Сол кезде ғана бірлескен парламент құру жайы да қаралуы мүмкін. Бірақ, оның мемле­ке­тіміздің тәуелсіздігіне, дербестігіне нұқсан келтірмейтін жобада болатыны сөзсіз.

Қорыта айтқанда, Павлодар­дағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы басшы­ларының қатысуымен өтетін Аймақаралық ынтымақтастық­тың ІХ форумы көршілес екі елдің, әсіресе, шекара бойындағы өңірлердің дамуына ерекше серпін беретіні сөзсіз. Оның үстіне аталған форум кейбір түйткілді мәселелердің шешіміне де оңды ықпал ететін болады.

Икрам АДЫРБЕКОВ,

Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар,

қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы.