• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Ақпан, 2019

Ұлтаралық араздық береке әкелмейді

16556 рет
көрсетілді

Бүгінгі заманауи әлемде этностық гомогендік, яғни белгілі бір ұлт үстемдік етіп отырған мемлекеттер көп емес. Ғаламдық саяси картаға көз салсақ, ондай мемлекеттердің шартты саны 12 немесе барлық мемлекеттердің 9 пайызын ғана құрайды. Демек, этностар арасындағы келісім мен татулықты нығайту ісі әрбір мемлекеттің алдында тұрған ең маңызды міндеттердің бірі.

Әр кезде ұлтаралық қақтығыстар­ға тер­риториялық талас-тартыс­тар, халық­­­тар арасындағы тарихи өш­пен­­­ді­­­лік, үстем ұлттың аз ұлттарға өктем­­­­дігі мен қысымы, саяси эли­та­ның таны­мал­дылық пен билікке жету­дің жолы ретінде ұлттық мәсе­ле­лер­ді көтеруі және халықтың көпэт­нос­ты мем­ле­кет деңгейінен жеке мемлекет­тілік­ті құру­ға ұмтылысы себеп болып жатады. Мұн­дай көріністер, әсіресе XX ғасырда әлемдік саяси картада тәуелсіздік алуына байланысты пайда болған жаңа мемлекеттерде көбірек қылаң берді. 

Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Орта­лық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерт­теу орталығы жетекшісінің орынбасары Дастан Көшербаевтың айтуына қарағанда, алыс елдерді айтпағанда, бұрынғы Кеңес Одағының көлемінде де ұлтаралық қақтығыстар белең алып отырған.  

– Ұлтаралық шиеленістердің зар­да­бынан адамзат сабақ ала алмай келеді.  Оған мысал ретінде Оңтүстік Африка Республикасы, Босния мен Герцеговинаның осындай қақты­ғыс­тардың салдарынан қанға бөккендігін айтуға болады. ТМД елдерінің біра­зы, оның ішінде Таулы Қарабақ, Осе­тия­дағы шиеленістердің зардабын қара­пайым халық әлі тартып келеді, – дейді Д.Көшербаев. 

Сарапшымыз осы орайда, ұлтара­лық шиеленістерді шешудің бірыңғай үлгісі мен тиімділігі табылмағандығын алға тартады. 

– Ұлтаралық шиеленістерді шешу­дің жолдары көп. Халықаралық құқық­тық ережелер де жақсы құрылған. Алайда, бір елде орын алған шиеленіс келесі елдегі шиеленістен бөлек болуы мүмкін. Яғни, оның шешілу жолдары да өзгеше болады. Ұлтаралық шиеленістерді шешудің бір әмбебап тәсілі жоқ. Ең тиімді жолы – ұлтаралық шиеленісті болдырмау. Мемлекеттердің барлығы осы бағытта жұмыс атқару­да. Алпауыт елдердің әлемдік саяси сах­на­да экономикалық, әскери, саяси ықпалға ие болу мақсатындағы бақта­лас­тықтарының салдарынан кейбір «ұлтаралық» шиеленістер қолдан жасалуда. Ақпараттық техно­логиялардың дамыған заманында өзге елде отырып басқа елдің ішкі жағдайы мен халықтың көңіл күйіне ықпал ету дәстүрлі «саяси соғыс» құралына айналды, – деп ойын қорытты Дастан Көшербаев. 

Ал «Халықаралық құқық қорғау орталығы» ҚБ президенті Жанділдә Жақыповтың пікірінше, этносаралық шиеленістерді былай қойғанда, осы уақытқа дейін «этнос» терминінің бір мағыналы ұғымы қалыптасып болмаған.  

– Әлем елдерінде қарапайым бұза­қы­лық, басқа да қылмыстық құқық­бұзу­шылықтарға «этностық қақты­ғыс» деп диагноз қою өршіп кетті.  Бүгінгі интернетпен қарулан­ған қо­ғам отқа май құя түсіп, қарсы та­р­ап­тар­дың арасындағы өшпен­ді­лік­ті қозды­рып, алыстан бақылап, анық-қанығы анықталмаған оқиға­лар­ға байланыс­ты сырттай тон пішуге дәні­гіп алды. Әрине тек біртұтас ұлт­тың өкілдері ғана мекендемейтін мем­ле­кеттерде белгілі бір этнос өкіл­дерінің болуы мүмкін. Бұл жерде осы этностардың өкілдері арасын­дағы қатардағы төбе­лестерге ұлтара­лық маңыз беру ақылға сыймайды. Мәселен, АҚШ пен Еуропа елдерінде ақ нәсілділер мен қара нәсілділер арасындағы қақтығыстар әлі де бар. Бірақ бұл шиеленістерді көбіне ұлтаралық қақтығыстарға жатқыза беруге болмайды, – дейді Ж.Жақыпов. 

Бірақ шиеленістер мен қақты­ғыс­тарды шешудің халықаралық тәжірибеде әбден сыналып, кем-кетігі жонылған айқын жолдары бар екендігі де рас. Ол – зорлық-зомбылық пен мәжбүрлеуден бас тарту, барлық қатысушы тараптардың мүдделері ескерілген мәміле жасау, адамның құқығы мен бостандығын басты құн­дылықтардың қатарына кіргізу жән­е түйткілді мәселелерді келіссөздер ар­қылы шешуге тырысу. 

Бүгінде осы жолды таңдаған Қазақ­станның үлгісін әлемдік қоғамдас­тықтың мойындағанын айта кету керек. Бұл сөзімізді саясаттанушылар да қолдайды.

– Қазақстан – халқы сүттей ұйыған мемлекет. Бұл – біздің байлығымыз, құндылығымыз. Ең бастысы – этнос өкілдерінің ауызбіршілігі мен татулығы құр жалаң ұран сөздер емес. Қазақстан халқының ұлтаралық шиеленістерге қарсы тұра алуының басты себебі де осында. Қазақтың құндылықтарын бойына сіңірген және бір шаңырақ­тың астында өмір сүріп тәрбие­лен­ген азаматтардың бірлігі берік болады, – дейді Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияара­лық қатынастарды зерттеу орталығы жетекшісінің орынбасары Дастан Көшербаев. 

Осы арада «ұлтаралық қарым-қатынас» терминіне сабақтас болып келетін «дінаралық қарым-қатынас» елімізде дұрыс жолға қойыл­ған. Оған әдетте бірін-бірі көрместей болатын бүкіләлемдік дәстүрлі дін өкілдерінің Астанада бір үстелде бас қосуы дәлел.  

Түптеп келгенде, қылдан да нәзік түсініктермен сипатталатын ұлтаралық қатынастарды қоздыру мен оны саяси экстремизмнің құра­лы ретінде қолдану қай тарапқа да опа бермейтіні тарихтың ащы сабақ­тарынан белгілі. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»