Алдағы 5 наурыз күні Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағаты ерекше құнды құжаттардың бірегей көрмесін ашуға әзірленуде. Ұжым үшін ертең де айрықша мәнді күн. Олар Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен бірлесе отырып, Елбасы Жолдауынан туындайтын міндет-мәселелерді сөз ететін “дөңгелек үстел” өткізбекші. Осыған орай біз көрме материалдарымен алдын ала танысып, одан соң Мұрағат директоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Владимир Шепельмен әңгімелескен едік.
– Құрметті Владимир Николаевич, өзіңіз білесіз, осыдан екі ай ғана бұрын 90 жылдығын тойлаған “Егемен Қазақстанның” оқырмандары газет беттерінде Президент мұрағатының жұмысымен және әртүрлі тарихи тақырыптар бойынша өзіңіз жариялаған мақалаларда келтірілген жекелеген құжаттармен танысуға бұдан бұрын талай рет мүмкіндік алған болатын. Ол үшін сізге рахметімізді айта отырып, Президент мұрағатының басқа мұрағаттардан айырмашылығы неде екенін білгіміз келер еді. Естуімізше, мұндай мұрағаттар әлемде соншалықты көп те емес көрінеді.
– Иә, Президент мұрағаты шын мәнісінде де бірегей. Мәртебесі жағынан да және мұнда сақталып отырған құжаттар орайында да. Әрине, мысалы, АҚШ-тағы сияқты, басқа елдер президенттерінің архивтері бар. Бірақ олар көбіне-көп жеке адамдардыкі болып келеді және қайыр-жәрдем есебінен ұсталады. Әрі оларға қалың көпшіліктің қолы жете де бермейді. Қазақстан Президентінің мұрағаты әуел бастан мемлекеттік мәртебе иеленді. Мұның өзі оның “Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы” Заңға сәйкес жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Бүгінгі таңда Мұрағат Қазақстан Республикасы Президентінің, оның Әкімшілігінің және Мемлекет басшысына тікелей бағынышты һәм есеп беруге міндетті басқа да мемлекеттік органдардың қызметін ақпараттық-мұрағаттық қамтамасыз ету саласындағы негізгі міндеттерді орындайтын, техникалық тұрғыдан жақсы жарақтанған заманауи кешен болып табылады. Бірақ заңды негіздегі қоғамдық пайдалану үшін ашық құжаттар нақ бір кез келген мемлекеттік мұрағаттың құжаттары сияқты қолжетімді екенін айтпақпын. Бұған мысал үшін кейбір статистикалық деректерді келтірейін. 2009 жылы Мұрағаттың оқу залында 350 зерттеуші ғылыми ізденістермен айналысты, соның ішінде төртеуі АҚШ, Франция, Германия және Италиядан еді.
Бір айтарлығы, мұрағатта қазір 734369 іс мемлекеттік сақтауда тұр. Бұл дегеніңіз – 150 миллион парақтан астам құнды қазына.
– Қазір Мұрағат “Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының ерекше құнды құжаттары” атты тарихи-құжаттық көрме әзірлеу үстінде екен. Көпшілік қауым назарына шын мәніндегі бірегей құжаттар тартылмақ. Сол жайында айтыңызшы.
– Мұндай көрмені біз бірінші рет ұйымдастырып отырмыз. Мұрағат бірқатар жылдардан бері тарихи дәуірлердің ақиқат мәнін, ерекшелік сипатын айғақтайтын әрі сол себептен де ерекше құндылар санатына жататын неғұрлым жарқын ақпараттық құжаттарды ашумен келеді. КОКП-ның бұрынғы мұрағаттық қорын құпиясыздандыру нәтижесінде зерттеушілердің, сондай-ақ отандық тарихқа қызығушылық танытқан жай азаматтардың құжаттарға қолжетімділігін кеңейту мүмкіндігі туды. Көрмеге 1917 – 2000 жылдар аралығындағы барлығы 166 құжат қойылмақ, бұлардың көпшілігі алғаш рет көрсетілмекші.
Мысалы, ертеректегі құжаттардың біреуі, міне, құрылтай жиналысына және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлау жөніндегі нұсқаушылар курсын бітіргені туралы Али-Бей Джангильдинге (кейіннен Дала өлкесінің төтенше комиссары, Қырғыз Орталық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары) Жұмысшы және шаруа депутаттары Кеңесінің Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті берген куәлік. Куәлікте 1917 жылдың 25 қыркүйегі (ескі күнтізбе бойынша) таңбаланған, яғни қазан төңкерісінен бір ай бұрын. Ол кезде Ә.Жангелдин Петроград кеңесінің Торғай облысында кеңестер құру жөніндегі ұйымдастырушы-нұсқаушысы болатын. Айтқандай, 2009 жылы Мұрағат Әліби Жангелдиннің 125 жылдығына орай “Төтенше комиссар” атты құжаттар жинағын шығарды. Жинақты көптеген қызғылықты құжаттар мен сирек фотосуреттер тартымды ете түскен. Оқып шығуға кеңес беремін.
Бұдан басқа екі құжатқа келейік. Олар – РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы В.Ленин өзі қол қойған, 1919 жылғы 24 шілдеде С.Меңдешевті Қырғыз өлкесін басқару жөніндегі Әскери-Революциялық Комитеттің мүшесі етіп тағайындау туралы мандат және Қазақстан КП(б) Орталық Комитеті бюро отырысының С.Меңдешевті халық жауы ретінде жұмыстан алып, партиядан шығару туралы 1937 жылғы 1 қазандағы №17 хаттамасынан көшірме. Ол біраз жыл КирЦИК төрағасы болған еді. Тағдырдың құбылуы мынадай қасіретке соқтырды.
Көрмеде Қазақ КСР мемлекеттілігінің бастауларына жетелейтін басқа да бірегей құжаттар баршылық. Бұл, ең алдымен, РКФСР құрамында Қырғыз (Қазақ) Автономиялық КСР-ін құру туралы 1920 жылғы 26 тамыздағы Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті мен РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің декреті. Бұл құжатта республиканың әкімшілік-аумақтық шекаралары, облыстардың құрамы ресми түрде айқындалған, басқару органдары, қаржы және техникалық құралдармен жабдықтау жүйесі белгіленген. В.Лениннің 3-ші Коминтерннің 2-ші конгресінде сөйлейтін сөзінің тезистеріне 1920 жылдың мамыр, маусымында Т.Рысқұлов, С.Қожанов, А.Байтұрсынов, Юмагулов, А.Валидов дайындаған қосымшалар айрықша назар аударарлық. Ленинге жазған хаттарында олар: “Біз ұлттық және отаршылдық мәселелері жөніндегі сіздің тезистеріңіздің 11-ші, 12-ші тармақтарын өзгертіп, 13-ші тармақты қостық” деп тікесінен атап көрсетеді. Бұл қосымшаларда олар проблема хақындағы өз пайымдарын баяндап, оны Шығыста шешудің саясаты мен тәсілінің қиындығына һәм ерекшеліктеріне назар аударды.
Ұлтшылдықпен, кейінірек троцкийшілдікпен, солшыл және оңшыл ауытқушылықтармен күрес сол кезеңнің барлық дерлік құжаттарының өзегіне тартылған. Мінеки, 1922 жылдың 1 маусымында Орталық Комитет хатшысы И.Сталин қол қойған, Қырғыз Республикасы коммунистеріне партияның ұлт мәселесі жөніндегі 10-шы съезі туралы РКП(б) Орталық Комитетінің циркулярлық хаты. Онда, атап айтқанда: “Қырғызия партия ұйымдары ұлттық саясат негіздерін жете меңгермеген және оны практикада бұрмалайды. Отаршылдар тарапынан да, ұлтшылдық көңіл күйдегі элементтердің күші кем емес тобы тарапынан да күрес жалғасуда” – деп көрсетті. Одан әрі осы және басқа бағалар тоталитарлық тәртіптің жаппай саяси қуғын-сүргініне негіз етіліп алынды. 1923 жылдың ақпанында-ақ ГПУ-дің Шығыс бөліміне, Я.Петерске Алаш-Орданың жай-күйі мен қызметі туралы ҚКСР бойынша ГПУ баянхаты түсті. Осы арада Президент мұрағаты “Алаш” қозғалысының тарихы бойынша 5 томдық құжаттар жинақтарын шығарғанын айтқанымыз ләзім.
– Ерекше құпия ақпаратты бауырына басқан, былайша айтқанда, “ерекше папкалардағы” құжаттар көрмеден орын ала ма? Жалпы, осы “ерекше папка” дегеніміз не?
– Иә, олар міндетті түрде көрмеге қойылады. Үкімет комиссиясы “ерекше папкалардағы” көптеген құжаттарды құпиялылық қамауынан босатып, қазірде құжаттар жинақтарын дайындау барысында ғылыми айналымға енгізуде.
Кейбір адамдар “ерекше папкаларды” темірден немесе басқа қатты материалдардан жасалған, құпия белгілі құлыптармен қорғалған, қағаздар сақталатын әлдебір қобди-қорап деп ойлайтын шығар. Мүлдем де олай емес. Олар қатырғы қағаз мұқабалы істерге тігілген. Рас, оларға тек құпиялылығы аса жоғары дәрежедегі құжаттармен танысуға арнайы рұқсаты бар санаулы басшы адамдар ғана жіберіліп, бұл істер брондалған сигнализациялы сейфтерде сақталды.
Мына бір құжат қысқа әрі қарапайым болғанымен, шын мәнінде мазмұны жантүршігерлік.
Бұл Қазақстан КП Орталық Комитеті бюросының 1937 жылғы 19 қарашадағы “Антисоветтік элементтер туралы”, бюро мүшелері қол қойған (сауалдама жолымен) шешімі. Онда ВКП(б) Орталық Комитетінің 17 қарашадағы шешімі негізінде барлық 8 облыс бойынша жазаланатын антисоветтік элементтер санын қосымша көбейту керектігі айтылады. Мәшіңкеде басылған сандар 1-ші (концлагерьге қамау) және 2-ші (алысқа жер аудару) санаттар бойынша біршама азайту жағына қарай қарындашпен түзетілген. Бірақ, соған қарамастан, 750 адам “резерв” бағанында тұр.
Бірқатар құжаттар Ф.Голощекин жариялаған, қасіретті зардаптарға соқтырған “кіші қазанға” байланысты зорлап ұжымдастыру мен ашаршылық тарихын, қуғын-сүргінге ұшыраған халықтардың Қазақстанға депортациялануын паш етеді. Өте бір маңызды бөлім – Ұлы Отан соғысы жылдарында “ерекше папкаларға” түзілген бұрынғы қатаң құпия құжаттар. Олардың бір бөлігі Ұлы Жеңістің алдағы 65 жылдығына арналған көрмеде таныстырылады. Солардың ішінде аға сержант М.Калашниковтің өзінің пистолет-пулемет ойлап тапқандығы туралы 1942 жылғы 25 мамырдағы хатын, Қазақстан КП (б) Орталық Комитеті жанындағы Әскери өнертабыстар жөніндегі республикалық комиссия мәжілісінің М.Калашников құрастырған пистолет-пулемет туралы 1942 жылғы 26 маусымдағы хаттамасын, Қазақстан КП Орталық Комитеті мен ХалКомКеңесінің автоматтың 5 тәжірибелік үлгісін жасау туралы 17 тамыздағы қаулысын атап өткіміз келеді.
Қару-жарақ тарихы бойынша басқа да құжат бар. Бұл 1943 жылдың қыркүйегінде жазылған Қазақ КСР ХалКомКеңес төрағасының орынбасары А.Заговельевтің ВКП(б) ОК хатшысы Г.Маленков пен КСРО ХалКомКеңес төрағасының орынбасары Л.Берияға Қазақ ауыл шаруашылығы институты жанындағы бумен жүретін “КВ” типті танк жасау жөніндегі ерекше конструкторлық тобының жұмысы туралы хаты. Хаттан белгілі болғанындай, Қызыл Армияның бронетанк басқармасы танк жасауға кірісу жөнінде шешім қабылдаған. Қорғаныс зауыттарында оқ-дәрі жасау жайындағы тапсырмаларға байланысты құжаттар да аз емес.
Бұрынғы құпия құжаттармен қатар, көрмеге құпия емес сипаттағы әртүрлі партиялық қаулы-қарарлар, хаттар, үндеулер, т.б. дайындалуда. Мысалы, Панфилов атындағы 8-ші Гвардиялық дивизия жауынгерлері митингісінің қарары, мақалалардың қолжазбалары: “Ұмытылмас күндер” – КСРО халық әртісі К.Байсейітованың майданға сапары жайлы, “Қазақстан әйелдері” – Совинформбюродан берілген, шетел баспасөзіне арналған Г.Шәріпованың мақаласы, Қазақстан комсомолы ОК хатшысы В.Якуповтың майдандағы Кеңес Одағының Батыры М.Ғабдуллинге хаты, КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалы партия ұйымының кеңейтілген отырысының Қ.Сәтбаевтың Қазақстан КП(б)-на кандидаттыққа кіруі туралы 1942 жылғы 2 сәуірдегі хаттамасы, қолбасшы К.Рокоссовскийдің Қазақстан КП(б) ОК бірінші хатшысы Н.Скворцов пен Қазақ КСР ХалКомКеңес төрағасы Н.Оңдасыновқа неміс әскерлерінің Сталинград түбінде талқандалуы туралы хаты. Сондай-ақ кадрлар есебі жөніндегі жеке парақшалар, С.Мұқановтың, К.Паустовскийдің, М.Зощенконың соғыс кезеңінде өз қолдарымен жазылған өмірбаяндары бар.
– Владимир Николаевич, мен Қазақстанды индустрияландыру, тың игеру орайындағы бірқатар қызғылықты құжаттарды көріп тұрмын. Солардың ішінен бөле-жара атайтындарыңыз қайсысы?
– Индустрияландыру тарихына қатысты құжаттар қатпарларының қалыңдығы сонша, одан көрмеге арнап неғұрлым жарқын құжаттарды таңдап алу да оңайға соққан жоқ. Соған қарамастан, индустрияландырудың бастапқы кезеңі Түркістан-Сібір темір жолының құрылысы (1928-1932 ж.ж.) жөніндегі құжаттар, Қоңырат мыс кен орнының геологиялық барлау партиясы (1931 ж.) мен Риддер қорғасын зауыты (1939 ж.) мамандары мен жұмысшыларының сирек фотосуреттері, геолог Қ.Сәтбаевтың КСРО ауыр өнеркәсіп халық комиссары Л.Кагановичке, Қазақстан КП(б) ОК хатшысы Л.Мирзоянға Жезқазған кенішінің негізінде (1938 ж.) жаңа мыс қорыту комбинатын салу жөніндегі баянхаты арқылы көрініс тапқан. Текелі қорғасын-мырыш руднигінің, Алматы ауыр машина жасау зауыты жаңа цехының фотосуреттері де осында.
Тың игеру жайына келер болсақ, Н.Хрущевтің, Л.Брежневтің, Д.Қонаевтың, М.Шолоховтың тың кеңшарларына барған кездегі қызықты фотосуреттері мінеки. Алғашқы тың игерушілердің ерлігі мен табандылығы жайлы сыр шертетін құжаттар көп-ақ.
60-шы жылдардың басындағы ерекше құнды құжаттар ішінде 1961-1968 жылдар аралығында КГБ-ның құпия бақылауымен Екібастұз қаласында ресми емес қуғында жүрген КСРО Министрлер Кеңесінің бұрынғы төрағасы Г.М.Маленковты КОКП қатарынан шығару туралы Павлодар облыстық партия комитетінің Орталық Комитетке хабарламасын атап өтпекпін. Жалпы, КСРО мен КОКП құлағанға дейінгі бүкіл соғыстан кейінгі кезең де өз зерттеушілерін күтіп тұрған өте тартымды, қатпары қалың тарих.
– Қазақстанның тәуелсіздік кезеңі, ондағы Тұңғыш Президенттің тарихи рөлі аса қызғылықты әрі маңызды екені күмәнсіз. Көрме аясында осы тұрғыда не нәрселер ұсынылған?
– Алдағы көрмеде бірқатар құжаттар Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қызметін паш етеді. Оның 1962 жылғы 27 ақпандағы – сол кездегі Қарағанды металлургия зауыты домна пеші көрікшісінің Қазақстан ЛКЖО Х съезінде бірінші қазақстандық шойын, кокс және синтетикалық кәушік шығарылуы жайындағы, Теміртау қалалық комсомол комитеті бірінші хатшысының 13-ші қалалық партия конференциясында (1971 ж.), Қазақстан КП ОК бірінші хатшысының КСРО Халық депутаттарының 3-ші съезінде (1990 ж.) басқарудың президенттік үлгісін енгізу мәселесі бойынша, КОКП ОК Пленумында (1991 ж.) сыртқы саяси және экономикалық ахуалды бағамдай келе, елді дағдарыстан алып шығу жөніндегі шұғыл шараларды жедел қабылдауға шақырған, Қазақ КСР Президентінің КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессиясында (1991 жылғы тамыз) демократиялық күштерді қорғаған, жаңа Одақтық шартты қолдаған, әлемдік экономикаға кірігу және біздің қоғамды жаңарту бағытын ойластырып жасау туралы сөйлеген сөздерінің мәтіндері қойылады.
Оның түбегейлі экономикалық реформаны жүзеге асырудағы және сыртқы экономикалық қызметтегі Қазақ КСР-інің іс-қимыл еркіндігі туралы КСРО Президенті М.Горбачевке 1990 жылғы 15 мамырда жолдаған хаты назар аударарлық. Атап айтқанда, Н.Назарбаев: “Қазақ КСР-інің Президенті құқығын пайдалана отырып, КСРО Министрлер Кеңесінің 1989 жылғы 7 наурыздағы №203 “Сыртқы экономикалық қызметті мемлекеттік реттестіру шаралары туралы” қаулысына наразылық білдіруді қажет деп санаймын. Бұл проблемаларды мен талай рет көтерген болатынмын, бірақ олар тиісті шешімін тапқан жоқ”, – деп жазды. Ол 1991 жылдың 31 мамырында КСРО Президенті М.Горбачев қатысқан Алматыдағы республика активінің жиналысында бұдан да батылырақ сөйледі. Нұрсұлтан Әбішұлы: “Іс жүзінде біз үнемі экономиканы басқарудың келешегі жоқ, өз беделінен ақыр-тақыр айрылған әкімшілдік-әміршілдік жүйесін жантәсілім еткізбей сауықтыруға әрекеттеніп келдік. Бұл мәселедегі біздің тұғырымыз айқын: басқа республикалар сияқты, Қазақстан да ақыл-кеңеске, әсіресе өз іс-әрекеттерінің мақұлдануына немесе мақұлданбауына мұқтаж емес”, деп атап көрсетті.
Көрме экспозициясына Семей ядролық полигоны бойынша бес құжат кірді. Ең алдымен, оқиғалардың мерзімдік ретімен алғанда, Қазақстан КП ОК хатшысы Н.Назарбаевтың 1990 жылғы 20 маусымдағы Семей полигонында ядролық қару сынағын толық тоқтату және оны халық шаруашылығы мүдделеріне сай қайтадан бағдарлау туралы КСРО Жоғарғы Кеңесіне, КСРО Министрлер Кеңесіне, КОКП Орталық Комитетіне хатын атап айтар едім. Одан соң Республикалық ведомствоаралық комиссияның полигон төңірегіндегі жағдай туралы 1990 жылғы 12 қыркүйектегі қорытындысы және КСРО Денсаулық сақтау министрлігі радиология диспансерінің бас дәрігері Б.Гусевтің ядролық полигон маңындағы радиациялық-гигиеналық жағдай және жер бетіндегі һәм әуедегі ядролық жарылыстар кезіндегі (1949-1965 жж.) иондаушы сәулеленуге ұшыраған адамдар денсаулығының жай-күйі туралы хабарламасы тұр. Топтаманы Елбасының 1991 жылдың 29 тамызындағы №409 “Семей сынақ полигонын жабу туралы” Жарлығы түйіндейді.
Тәуелсіздік пен мемлекеттік егемендік алу кезеңі шын мәнісінде тарихтың деректі жәдігерлеріне, қастерлі ескерткіштеріне айналған 29 құжатпен өрнектелген. Бұлар – Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Жоғарғы Кеңес сессиясындағы мемлекеттік егемендікті қабылдау туралы тарихи сөзі, 1995 жылғы Ата Заңымыз және 1991 жылғы 10 желтоқсандағы Президент Анты.
Көрмеде сіздер түпнұсқадағы 10 Конституциялық заңмен және Мемлекет басшысының ұлттық валюта енгізу туралы, Үкімет туралы, Қазақстан халықтары (халқы) Ассамблеясын құру туралы, Парламент туралы Жарлықтарымен таныса аласыздар. 1997 жылдың 10 желтоқсанында Президент Н.Назарбаев, Премьер-Министр Н.Балғымбаев, Парламент Сенатының Төрағасы Ө.Байгелди, Парламент Мәжілісінің Төрағасы М.Оспанов қол қойған Қазақстан халқына Үндеуде былай деп айтылған: “Бүгін біз, Қазақстан Республикасы билігінің жоғарғы органдары, 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Ақмола мемлекетіміздің астанасы болып табылатынын салтанатты түрде куәландырамыз. Бүгіннен бастап және мәңгі-бақи осы арада, ұлан-байтақ елдің кіндігінде халық тағдырын айқындайтын шешімдер қабылданатын болады”. Баршаңызға белгілі, 1998 жылғы 6 мамырдағы №3941 Президент Жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана деп өзгертілді. Бұл Жарлық та көрмеден орын алмақ.
Көрмеге сондай-ақ АҚШ президенті Д.Буштың (1991 ж. 27 желтоқсан) және Ұлыбритания Премьер-министрі Д.Мейджордың (1991 ж. 31 желтоқсан) Қазақстанды тәуелсіз мемлекет деп тану туралы ресми жолдаулары жәдігер ретінде қойылған. Өзінің жолдау-хатында Д.Мейджор: “Мен Сіздің саясатыңызды, саяси және экономикалық реформаларыңызды біздің нық қолдайтынымызға Сізді сендіремін”, деп атап көрсетті.
– Мұрағатта жеке адамдардың да айтарлықтай қоры бар деп естіп едік.
– Иә, біз 1998 жылдан бері мемлекет қайраткерлерінің жеке қорларының құжаттарын мұрағат айналымына қосу жөнінде белсенді жұмыс жүргізудеміз. Қазірге дейін осындай 79 қор сақтауға қабылданды. Көлемі жөнінен Парламент Мәжілісінің бұрынғы төрағасы М.Оспановтың қоры өте ауқымды. Көрмеге Қазақстан Президентін сайлау нәтижелері туралы мәлімдеме жобасымен қоса, оның сөйлеген сөзінің мәтіні, бірқатар фотосуреттер қойылмақшы.
Мазмұны жағынан Ә.Әлімжановтың да жеке қорының құндылығы ешбір кем емес. Онда Расул Ғамзатовпен, атақты пәкстандық ақын Файз Ахмад Файзбен, А.Вознесенскиймен, Ю.Эль-Сибаймен және басқалармен түскен сирек те қызғылықты фотосуреттер бар. Қорда КСРО Жоғарғы Кеңесі Республикалар Кеңесінің төрағасы Ә.Әлімжановтың қолтаңбасы қалған, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру туралы жария етілген КСРО Жоғарғы Кеңесі Республикалар Кеңесі Декларациясының бір данасы, сондай-ақ 1991 жылдың 24 желтоқсанында КСРО Жоғарғы Кеңесінің соңғы отырысында Ә.Әлімжановтың сөйлеген сөзі мәтінінің қолжазбасы сақталған.
Ал, М.Есенәлиевтің қорында одан 1974 жылы “Жазушы” баспасында “Аз и Я” кітабын басып шығару мәселесін тездетуді өтінген О.Сүлейменов хатының түпнұсқасы, 1982 жылдың қарашасында БҰҰ Бас Ассамблеясы 37-ші сессиясының пленарлық отырысында өзі сөз сөйлейтін күнгі БҰҰ Бас Ассамблеясының отырыс залындағы М.Есенәлиевтің фотосуреті назар аударарлық.
Әлбетте, бұл айтқандар Президент мұрағатында сақталған ерекше құнды құжаттардың аз ғана бөлігі. “Теңіз дәмі тамшыдан білінеді” десек, Президент мұрағаты ұсынар тарих пен тағылым ұшан-теңіз. Тек “Ұлттық мұрағат қоры және мұрағаттар туралы” Заңға сәйкес, бүгінде тәуелсіз Қазақстан бойынша 1991-1992 жылдар ашық екендігін ғана атап өтпекпін. Зерттеушілердің, тарих әуесқойларының қалың қауымы үшін неғұрлым кейінгі жылдар алдағы уақытта заңнамаға сәйкес біртіндеп ашыла бермек.
– Мазмұнды әңгімеңіз үшін көптен-көп рахмет.
Авторы: Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ.