Сәрсенбі, 18 қаңтар 2012 7:01
Еліміз тәуелсіздігін алған кезде жан-жаққа жол ашылып, өзге ұлт өкілдері тарихи отандарына кетіп жатты. Қазақ жерін Отаным, елім, үйім дегендері қалды. Шетте жүрген ағайындарымыз да атамекенге орала бастады. Елге ел қосылса – құт. Қайта оралған қазақтың енді ешқайда кетпейтіні, өз елінде босаға бекітетіні анық еді. Ал, талай жылдар үйімен-үйі көршілес, балалары бірге ойнап өскен, өздері бірге қызметтес болып бір жерде өмір сүріп келе жатқан өзге ұлт өкілдерін де өгейсітпей, ортақ Отанға біріктіру егемендікті орнықтырудың тағы бір мақсат-мүддесіне айналды.
Сәрсенбі, 18 қаңтар 2012 7:01
Еліміз тәуелсіздігін алған кезде жан-жаққа жол ашылып, өзге ұлт өкілдері тарихи отандарына кетіп жатты. Қазақ жерін Отаным, елім, үйім дегендері қалды. Шетте жүрген ағайындарымыз да атамекенге орала бастады. Елге ел қосылса – құт. Қайта оралған қазақтың енді ешқайда кетпейтіні, өз елінде босаға бекітетіні анық еді. Ал, талай жылдар үйімен-үйі көршілес, балалары бірге ойнап өскен, өздері бірге қызметтес болып бір жерде өмір сүріп келе жатқан өзге ұлт өкілдерін де өгейсітпей, ортақ Отанға біріктіру егемендікті орнықтырудың тағы бір мақсат-мүддесіне айналды. Сөйтіп, Қазақстан деп аталатын жерде тыныштықты сақтап, ұлттар достығын нығайту мақсаты қалыптасты. Елбасының ортақ мүддеге жұмылдырған татулық, ынтымақтастық, берік достықты сақтау саясаты, ел ішінде қолдау тапты.
Бұл күндері Отан, тәуелсіздік, тұрақтылық, тұрақты даму деген ұғымдар әрбір қазақстандықтың жүрек-жадынан берік орын алған. Тәуелсіздік алғанына жиырма жылдай уақыт өткен, Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді қоғамдық институт құрылғанына 17 жылдай болған Қазақстанда ҚХА-ның еліміздің мемлекет ретінде орнығуына, өркендеуіне, тату-тәтті өмір сүруінде қосқан үлесі аз емес. Елімізде өмір сүріп жатқан барлық ұлт өкілдерінің ел мүддесіне ортақ Отан тыныштығын ойлаған бірауыздылықтары, бірліктері қуантады. Солардың қатарында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы да еліміздің тәуелсіздігін нығайтуда тыныштықты сақтауда Елбасының бір жағына шығысып, оның саясатын жүргізуде белсенді қызмет атқаруда. Өткен ғасырларда жерімізге келіп қоныстанып қалған орыстар, украиндар, татарлар, белорустар қатарына ауыр жылдардың зобалаңы мен тағдыр тәлкегіне түскен корейлер, немістер, поляктар, чешендер, ингуштар, қарашайлар, балқарлар, тағы басқалары келіп қосылды. Көпшілік ұлт өкілдерінің индустрияландыру тың игеру жылдары келіп, елімізді өзімнің Отаным деп тұрып қалғандары да белгілі.Алғашқылардың бірі болып, 1996 жылы облыста поляктардың «Полония «ұлттық этномәдени бірлестігі құрылды. Осы бірлестіктің төрағасы Виталий Свинцицкийдің айтуынша, 41-жылдары жер аударылып келген поляктар қиын күндері қазақ жерінен пана тапты. Осы күні облыста тұрып жатқан мың жарымға жуық поляктың әке-шеше, туысқандары осында жерленген. Өткен зобалаң күндерді кім ұмыта алсын, «Полония» бірлестігі ата-аналарының құрметіне ескерткіш тақта орнатты. Сонымен қатар, Польшаның Познань, Быгдош қалаларымен байланыс жасайды. Ұл-қыздары бірлестікте ана тілдерін үйреніп, салт-дәстүрлерін біле бастады…Ал Мария Землевская болса, ұлттық «Жаңғыру» мектебі поляк тілі бөлімінің ұстазы, Польша азаматшасы. Жыл сайын облыс орталығындағы Ұлттық жаңғыру мектебіне келіп тұрады. Филолог. Сондықтан кез келген ұлт үшін оның байлығы – тілінің маңызы қандай екенін жақсы түсінеді. «Бүгінде әлем Қазақстанды ынтымағы мен бірлігі жарасқан біртұтас ел деп біледі», дейді ол.«Эльпида» грек этномәдени бірлестігінің төрайымы Людмила Ифандопулоның айтуынша, бірлестікте 400-ге жуық грек бар екен. Үлкендер өз білетіндерін кішкентайларына үйретеді. Грекия елшілігімен байланыста. «Басқа бірлестіктермен бізді біріктіріп, басымызды қосатын нәрсе – ол бірлік, татулық», дейді Л.Ифандопуло. Ал Ақтоғай ауданы Харьков ауылының тұрғыны, чешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің мүшесі Элик Алисултанов сонау қиын-қыстау кезде әртүрлі ұлт өкілдеріне пана болған қазақ халқына алғыс білдіреді. Ол қуғын-сүргін куәгерлерінің естеліктерін кітап етіп шығару ұсынысын жеткізді. Облыстық филиалдың белсенді мүшесі Александр Верещак ата-анам 1957 жылы Қазақстанға келді. Баянауылдықтар үш балалы әке-шешемді бауырына басты. Ауылда тұрып, тілді үйрендік, дейді. 2009 жылы облыстағы Т.Шевченко атындағы украин мәдениеті серіктестігінің төрағасы Михаил Парипсамен бірге Киев қаласына барған. Қазақ өнеріне құштар екенін айтады.«Сол кезде елшілер алдында қазақ өнерін паш етіп, домбырамен ән салғанымда, жұрт таңқалысты. Олар менен: «Өзің – украинсың. Қазақша сөйлейсің. Ол жақта сонда ұлтшылдық бар ма, өзге ұлт өкілдеріне қысымшылық жасалмай ма?» деген сауалдарын қойды. Ал мен болсам елімізде әртүрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүретінін, сондай-ақ әр ұлттың өзінің мәдениетін, ана тілін насихаттауға ешқандай шектеу жоқ екенін жеткіздім», дейді А.Верещак. Ал Ақсу қалалық Славян мәдениеті орталығының мүшесі Юрий Монзиков болса, өзінің облыстағы Славян мәдениеті орталығындағы «Русские узоры» ансамблімен көптеген елдерді араласа да, туған жері – Ертіс өңірін, Павлодарды сағынып, оралғанша асық болатынын айтады. Ал, Ахмет Дзейтов болса, Екібастұз қаласының «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени бірлестігінің мүшесі. Облыста чешен-ингуш ұлтының 4 мың өкілі өмір сүруде. Ұлтымыздың тарихын, салт-дәстүрлері мен тілін құрмет тұтуға, сондай-ақ қазақ мәдениетіне құрметпен қарауға тәрбиелеу мақсатында чешен-ингуштар бірлестік аясына бірікті, дейді ол. Мысалы, «Возрождение» немістер қоғамының мүшесі Иван Кохтың айтуынша, соңғы бес жыл ішінде елімізге көптеген бұрынғы отандастарымыз – немістер қайта оралған көрінеді. «Бұл – біздің отандастарымыздың келер ұрпақтың болашағын елімізбен байланыстырып отырғандығының дәлелі. Біз осы жерде өмір сүріп, қалаған ісімізбен айналыса аламыз. Германиямен байланысымызды үзбей, мәдениетімізді дамытудамыз. Былтыр Екібастұз қаласында тұратын немістер отбасында Вилен, Генрих, Элен деген үшем дүниеге келді», дейді И.Кох. Роман Пак, Қазақстан корейлері қауымдастығы облыстық филиалының белсенді мүшесі. Ол төрт жылдан астам уақыттан бері жастар қанатының жетекшісі қызметін атқарады. Корейлердің рухани мәдениетін дамытып, насихаттау жолында жастардың да қосар үлесі басым. «Біздің ортақ міндетіміз – еліміздегі этносаралық, конфессияаралық татулық пен бірлікті сақтау», дейді Р.Пак.Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында облыс орталығындағы Кутузов көшесі бойында этномәдени бірлестіктер аллея-алаңы ашылды. Аллеяда шағын түрдегі кескінделген әрбір этнобірлестіктердің ұлттық болмысына сай жасалған мүсіндер бар. Аллея қалалықтардың демалыс орнына айналды. Осыдан үш жылдай уақыт бұрын «Достық үйінің» пайдалануға берілу салтанатты рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Бұл күндері «Достық үйінде» облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы, 18 этномәдени бірлестік, Ассамблеясының жастар бірлестігі, ұлттық өркендеу мектебі, 9 қалалық этномәдени бірлестік, 30-ға жуық аудан, ауылдарда филиалдары, жастардың 14 этнобірлестігі жұмыс істейді. Өткен жылы жаз айларында бұл бірлестіктер қатарына қырғыздар мен ұйғырлардың бірлестіктері қосылды. 1996 жылы ашылған ұлттық «Жаңғыру» мектебінде қазір 17 этностың ұл-қыздары, атап айтқанда, 600-ге жуық оқушылар өздерінің ана-тілдерін, салт-дәстүрлерін, тарихын оқып үйренуде. Қазір қазақ тілі де оқытыла бастаған. Сонымен қатар, 20 этностың мәдениетін дәріптейтін 42 шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Былтырғы мамыр айында «Мақсаты бірдің – рухы бір» ұранымен «Достық. Бірлік. Тәуелсіздік» атты этностық топтардың ХІV облыстық фестивалі өтті.Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университетте облыстық ассамблеяның филиалы құрылған. Бірнеше жыл қатарынан белсенді жастардың университетте білім алуы үшін ректор Ерлан Арынның гранты бөлініп келеді. Ал «Достық үйі» мәдени-сауық орталығында өмір белсенді түрде қызыққа толы. Таңертеңнен кешке дейін клубтарда сабақтар өтеді, 18 вокалдық хор мен 16 хореографиялық ұжымға әртүрлі жастағы адамдар келеді. Мұнда 300 орынға арналған концерт залы бар. Жақында «Біз тұратын үй» атты кітап жарыққа шықты. Шекаралас ынтымақтастықтың «Бірлік – Единство.kz» халықаралық жастар этномәдени форумы өтті.Мәдени-ақпараттық сала арқылы толеранттылыққа, яғни төзімділікке тәрбиелеу жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Облыс орталығындағы «Достық» үйі жанынан медиа-орталық ашылған. Этномәдени бірлестіктер «Тіл – қатынас құралы» атты республикалық тілдер фестиваліне қатысты. Ал «Шевченко атындағы украин мәдениеті қоғамдастығы» қоғамдық бірлестігі «Ертіс бойындағы домбыра мен бондура дауысы» атты шығармашылық кеш өткізді. Екібастұз қаласында «Достық үйі», Шарбақты ауданында еврейлердің «Меркас» этномәдени бірлестігі ашылған. Аталған ауданның Орлов ауылында украин ұлтының өкілдері көп тұрады. Қазір бұл ауылда қазақ және украин тілінде ән айтатын «Криницы» атты ансамбль бар.Осындай бірлікті, берекелі тыныс-тіршілікке әуелден бас болған облыста екі адам болды. Бірі осы күнге дейін этномәдени бірлестіктер өкілдері тебірене, сағына еске алатын марқұм Қанат Дәржұманұлы. Жақсы адамның соңында жылы сөз, ұлағатты естеліктер қалды. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының аяғынан қаз тұруына үлкен үлес қосты. Өзге ұлт өкілдері көп тұратын облыстағы тыныштық пен бірлік, татулық, достық үшін еңбек етті. Екіншісі өзіміздің Зара апамыз. Ақ кимешегін киіп алып, этномәдени бірлестіктер құрылып жатқан кезден бастап, тынымсыз белсене еңбек етіп келеді. Барлық этностар осы бір апамыздың да айналасында жүреді. Аталған екі адам достық туын көтерген осы орталықтың қозғалмас қазығы іспетті. Бұл жақсы жол өнегесін бүгінде Гүлбарам Наурызбаева, Идият Әбдіхалықов жалғастырып келеді. Ортақ іске жұмылған, мән-мақсаты үлкен облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясын бұл күндері Сейсенбай Жетпісбаев басқарады.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар.