• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
12 Ақпан, 2019

Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңес отырысы өтті

519 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңестің отырысында өңір басшысы Алтай Көлгінов, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар және облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Ербол Салықов өткен жылы атқарылған жұмыстардың есебін берді.

Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Ербол Салықовтың айтуынша, 2016 жылы ақпан айында 41 адамнан құрылған Қоғамдық кеңес мүшелерінің нақты саны қазір 38 адамға тұрақтаған, оның 31-і – азаматтық қоғам өкілдері екен. Қоғамдық кеңес құрылғалы бері өткен үш жыл ішінде 23 мәрте кеңейтілген отырыс, 60 мәрте төралқа отырысы өткен. Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданының атауы Президент Жарлығымен Бәйтерек болып өзгеруі, өзге де елдімекендер мен көшелер атауын ауыстыру алдымен осы Қоғамдық кеңес отырыстарында қаралған. Кеңес құрылған алғашқы жылы бүкіл қоғамды алаңдатқан жер мәселесіне орай 2016 жылы Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысы бір айда 5 рет ұйымдастырылған. Бұл жиынға 500-ден аса адам қатысып, 126 адам сөйлеген. Осының өзі-ақ Қоғамдық кеңестің ел-жұрт алдында беделді, сенімді алаңға айналғанын көрсетеді. Тек 2018 жылы ғана Қоғамдық кеңестің 7 отырысы өткізіліп, 125 құқықтық-нормативтік актілер қаралған.

- Елбасының «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасынан бастау алған Қоғамдық кеңестер құрылғалы бері өткен үш жыл ішінде билік пен халық арасындағы пікір алмасу алаңына айналды, - дейді Батыс Қазақстан облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар.

Жиында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша атқарылған жұмыстар мен 2019 жылдың даму жоспары туралы баяндаған Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов ел игілігі, қоғам жарасымы үшін ақысыз-пұлсыз көп жұмыс атқарып жүрген Қоғамдық кеңес мүшелеріне үлкен алғыс айтты.

- 2018 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі өнеркәсіп көлемі 2,5 трлн. теңгені құрады. Өңдеуші өнеркәсіптің экспорты 202 млн. АҚШ доллар, инвестиция көлемі 453 млрд. теңге болды. Шикізаттық емес сектордағы инвестиция 11,4%-ке өсті, соның ішінде ауыл шаруашылық саласындағы инвестициялар 42%-тен жоғары болды. Мемлекет бюджетіне 304 млрд. теңге мөлшерінде салық түсті. ЖІӨ құрылымында шағын және орта бизнестің үлесі 40%-дан асады. 2018 жылы 432 мың. шаршы метр тұрғын үй салынды. Осының бәрі, құрметті кеңес мүшелері, өздеріңіздің тікелей араласуыңызбен жүзеге асты, - деді Алтай Көлгінов.

Облыс әкімі мемлекеттік бағдарламалар мен Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес жүзеге асырылған шараларды да атап өтті.

Батыс Қазақстан облысы экономикасының арқасүйері – мұнай-газ саласы екендігі белгілі. Бірақ соңғы жылдары экономиканы әртараптандыру жүйелі қолға алынды. Соның ішінде өңірдің ауыл шаруашылық әлеуеті өсіп келеді. Мәселен 2018 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 140 млрд. теңгеден астам болды. Соның ішінде төрт түліктің де саны артқан: ірі қара - 3,7% (565,6 мың бас), жылқы - 9,4% (180,6 мың бас), қой - 0,6% (1 082,4 мың бас), құс - 39,3% (1 859 , 4 мың бас)-қа көбейген. Асыл тұқымды мал саны 35%-ға артқан. Соңғы 4 жылда асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылықтардың саны да екі есе өсті.

- Мал басының өсуі ет экспортын ұлғайтуға мүмкіндік берді. Бүгін біз ет пен ет өнімдерін Ресей, Иран, Қытай, Армения, Белоруссия және басқа елдерге жеткіземіз. 2017 жылмен салыстырғанда ет экспорты 34 пайызға көбейді немесе 3 мың тоннаға артты, - дейді өңір басшысы.

Былтыр өңірде ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін 4 кәсіпорын іске қосылды. Суармалы алқап көлемі 43,8 мың гектарға жетті. Соңғы 4 жылдың өзінде 8 ірі ирригациялық нысан қалпына келтірілген. Облыс әкімі осы суландыру жүйесіне республикалық бюджеттен қаржы көзін қарастыруға қолғабыс еткен осы өңірден шыққан Паоламент депутаттарына алғыс айтты.

- Өткен жылы Ақ Жайық өңірі көптеген әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне қол жеткізді. Бұл барлық мемлекеттік органдардың және азаматтық қоғам өкілдерінің бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесі. Біз бұл жұмыспен тоқтап қалмай, алдымызда тұрған зор міндеттерді жұмыла атқаруға тиіспіз. Халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «7-20-25» мемлекеттік және басқа да салалық бағдарламаларды сәтті жүзеге асыруымыз керек. Бұл тапсырмалар Елбасының Жолдауында нақты айқындалған. Сондықтан баршаңызды еліміздің бәсекеге қабілетті 30 мемлекет қатарына кіруіне, облысымыздың одан әрі көркеюіне үлес қосуға шақырамын, - деп қорытты Алтай Көлгінов өз есебін.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан