Әлемдегі әрбір елдің басшысының өз халқына жолдауы – билік пен саяси мәдениетте қалыптасқан берік дәстүр. Кез келген елдің қоғамдық өміріндегі маңызды бұл шара жылдың басында немесе аяғында орын алуы мүмкін. Жолдау – бұл өзінің аты да айтып тұрғандай, мемлекеттің жүріп өткен жолына есеп беру және болашақ дамудың жолдарын анықтап бағдарлау. Жолдау – бұл дамудың басты бағыты, келешектің күре жолы. Жолдаудың сөзі шынайы әрі нақты қажеттіліктерді айқындайтын өмірдің өзі. Жаңа жолдауға сәйкес үкіметтің алдындағы жаңа міндеттер айқындалады. Әрбір ұйым мен кәсіпорын, әрбір әлеуметтік бірлік пен отбасы, тіпті жекелеген азаматтар мен адамдар да өздерінің өмірлік жоспарларын, бағыт-бағдарын осы маңызды құжатты ескере отырып өлшейді, екшейді, оған өзгерістер мен түзетулер енгізеді. Өткенге есеп беріп, келешекке үміт артады. Сондықтан да жыл сайынғы Елбасының Жолдауын жұртшылық асыға күтеді.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына биылғы Жолдауы әдеттегідей ақпан айының аяғында немесе наурыз айының басында емес, 29 қаңтар күні жарияланды. Мұның да өзіндік астарлары болып отыр. Қазақстанның әлемдік қоғамдастық елдері арасындағы беделі жылдан жылға артып, еліміз биыл Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуде. Бұл жоғары лауазым Қазақстанға орасан зор жауапкершілік жүктеп қана қоймай, еларалық, дінаралық, мәдениетаралық сұхбатқа үндейтін, демократиялық оңды өзгерістерге жетелейтін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл жаңа ғасырдағы біздің Отанымыз тарихының шешуші кезеңдерінің бірі болмақ. Болашақ дамудың даңғыл жолын саралап алған Қазақстан дүние жүзі елдерінің экономикасын тұралатып кеткен жаhандық дағдарысқа төтеп беріп, дағдарыстан кейінгі кезеңдегі дамудың жолдарын жоспарлап отыр.
Бар-жоғы осыдан он сегіз жыл бұрын ғана дербес мемлекет мәртебесіне ие болған біздің еліміз де қалыптасу үстінде. Және, ең бастысы, еліміз Президентінің Қазақстан халқына жолдаған 2020 жылға дейінгі он жылдық стратегиялық жоспарында әлгі мәңгілік ақиқат – діттеген нысанаға барлық қазақстандықтарды жаңаша тәрбиелеу арқылы жету мүмкіндігі негіз етіп алынған.
Өндірістің, соған сай, жалпы ұлттық табыстың баяу болса да өсу қарқыны байқалады. Кәсіпорындар осы заманғы жаңа технологиялармен жарақтандырылуда. Бұрынғыдай шикізат қана емес, өңделген өнімдер шығаратын мүлде жаңа өнеркәсіп орындары пайда болуда. Президент барлық жолдауларында әлеуметтік салаға ылғи көңіл бөлуде, биылғы жылдың бюджетінде білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларына бөлінетін қаржы көлемінің әжептәуір өсуі көңілге сенім ұялатады.
Ең бастысы, этностық құрамы ала-құла еліміз әлемдік дағдарысқа ұшыраған мемлекеттер жиі жолығатын аласапыран егес қатерін айналып өтіп, халықтың басым көпшілігі тыныштық пен орнықты дамудың қадір-қасиетін ұғынған тәрізді.
Осы айтылған жағдайлардың бірқалыпты дамуының өзі-ақ біздің Президентімізге өз халқының алдында да, әлемдік қоғамдастықтың алдында да жеткілікті саяси капитал әперері анық.
Қазақстанның 2020 жылға дейінгі дағдарыстан кейінгі орнықты даму стратегиясының жариялануы үлкен оқиға болды. Бұл оқиғаның ішкі мүмкіндіктеріміз бен болашақ ұлттық мүдделерімізді ғылыми таразылаудан туған іргелі шешім екендігі анық. Әсіресе, біздің еліміз дамуының 2020 жылға дейінгі стратегиясында айтылған тұжырымдамалардың ғылыми негізділігі мен тегеурінді қарқыны әлемнің әр түкпіріндегі сан түрлі саяси-әлеуметтік процестерге куә болған сарытіс саясаткерлердің өзін таңқалдырғаны анық.
Сонымен, енді 10 жылдан кейін еліміздің қандай болатынын әрқайсымыз көз алдымызға елестетерліктей нақты кезеңдерден тұратын стратегиямыз бар. Мақсат айқын болмай бағыт түзу болмайды. Осыған орай діттеген нысанаға жету жолдары да белгіленді. Сағат іске қосылды.
Жоқ, бұл жарыс емес. Бұл – халқының саны аздығына қарамастан, Еуразия құрлығының дәл ортасындағы әлемдік мүдделер мен коммуникациялар желісінің болашақ торабына айналуға тиіс маңызды да кең байтақ геосаяси аймақты алып жатқан, жерінің асты қазынаға толы үлкен елдің ұлан-асыр даму көшінің басталғаны. Демек, біз бүгінде санымыз он алты миллионның, о жақ, бұ жағынан аспайтын бүкіл қазақстандықтар басталып кеткен ауқымды әлеуметтік, экономикалық және саяси процестің сырттай қызықтаушылары ғана емес, тікелей қатысушылары мен оны іске асырушылары екенбіз.
Елбасының биылғы Жолдауы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” деп аталады. Алты бөлімнен тұратын бұл маңызды мемлекеттік құжаттың алғысөзінде “Қазақстан – 2030” Стратегиясы аясында көзделген мақсат-міндеттерге сай XXІ ғасырдың өткен он жылында қазақстандық бірлік пен татулықтың арқасында қол жеткен жетістіктер мен осы жүзжылдықтың келесі, екінші онжылдығына арналған келелі мақсат сөз болады.
“2010 Стратегиялық жоспарын іске асыру – ел дамуының маңызды шебі” деп аталатын бірінші бөлімде өткен онжылдықтағы республика ІЖӨ-сінің екі есеге, орташа айлық жалақының бес есеге, орташа зейнетақының үш есеге өскені және т.б. жетістіктер сөз болса, “Дағдарыс кезеңі – дұрыс шешімдер қабылдау уақыты” деп аталатын екінші бөлімде өткен 2009 жылдың жетістіктері, “Жол картасы – 2009” бағдарламасының табыстары, БҰҰ 2009 жылғы баяндамасында Қазақстанның адам әлеуетінің жоғары деңгейі бар елдер санатына қосылуы (өмірдің ұзақтығы 65-тен 68 жасқа ұлғайды) баяндалады.
Жолдаудың “2020 Стратегиялық жоспары – көшбасшылыққа қазақстандық жол” деп аталатын үшінші бөлімі бірнеше бөлімшелерге бөлініп, оның негізгі өзегін құрап тұрғандай. Онда экономиканы дағдарыстан кейінгі дамуға әзірлеп, әртараптандыру арқылы индустриялық-инновациялық дамудың жолына түсу жаңа онжылдықта нақтылыққа айналуы әбден ықтимал жаңа мүмкіндіктер екендігі айтылады, болашақтың экономикасына басты назар аударылады. Болашақ экономикасының негізін ұлттық инновациялық жүйе құрайды. “Ғылым туралы” жаңа заңның қабылдануы бұл бағыттағы шараларға жаңа серпін береді деп күтілуде.
Жолдауда Ресеймен және Беларусьпен бірге Кеден одағына кірудің, Бүкіләлемдік сауда ұйымына енудің, жобалық қаржыландыруда шетелдік инвестицияларды тартудың тиімді тұстары талданады. Елдің экономикасын жаңғыртудың қозғаушы күші кәсіпкерлер екендігі анық. Осыған орай Елбасы 2010 жылдан бастап өңірлерде кәсіпкерлікті дамыту жөнінде “Бизнестің жол картасы-2010” деп аталатын бірыңғай бюджеттік бағдарлама енгізуді ұсынып отыр. Сондай-ақ Елбасы шикізаттық емес тауарларды өндірушілерді қолдаудың, өңірлерді дамытудың жаңа саясатын негіздей отырып, 2020 Стратегиялық жоспарын жүзеге асырудың іргелі шарттарын нықтап, Үкіметке нақты тапсырмалар берді.
Жалпы, Жолдауда еліміздің экономикалық өсуі мен дамуына үлкен көңіл бөлінеді. “Қырық күн аш болғаннан қырық жыл ақыл сұрама” демекші, еліміздің әлеуметтік әлеуеті мен экономикалық әл-ауқатын арттыру күн тәртібінен түспейтін міндеттердің бірі. Бүкіл әлемді шарпыған жаhандық дағдарыс біздің әлеуметтік-экономикалық жағдайымызға да теріс әсерін тигізгені рас. Жолдауда қарастырылған экономиканы жаңғыртудың басты бағыттары мен жолдары дағдарыстан кейінгі халқымыздың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Президент өз Жолдауында “Адам – елдің басты байлығы” деп төртінші бөлімді белгілей отырып, өмір сапасын жақсартуға, денсаулық сақтауға, тұрғындардың әлеуметтік қорғалуына, тұрғын үй-коммуналдық сектордағы жағдайды жетілдіруге, соғыс ардагерлеріне қамқорлық көрсетуге жіті назар аударады.
Қоғамдық-әлеуметтік даму процесінің сәтті болуы, ойлаған жоспарлардың көңілдегідей орындалуы, ең алдымен, оны жүзеге асыруға қатысатын адамдар әрекетінің тиімділігі мен белсенділігіне байланысты. Халықтың көпшілік бөлігі елдегі биліктің негізгі иесі болып табылатын демократиялық қоғамда тұрғындардың басым бөлігінің еркі мен көңіл қалауы шешуші фактор болып саналады.
Міне, сондықтан, Президентіміздің Қазақстан халқына Жолдауында таяу болашақтағы дамуымыздың шешуші факторы ретінде адамды және оның дүниетанымын жетілдіру мәселесі алға шығарылып отыр. Егер сіз бен біз өмір талабына сай өзгермесек, сана мен психология өзгермесе, бағдарлама сол бағдарлама күйінде әдемі қиял болып қалмақ.
Кез келген қоғамда адамдардың рухани және мәдени дамуы мен жетілуіне жағдай туғызылғанда ғана сол қоғамның дамуы орнықты сипатқа ие болмақ. Бұдан шығатын қорытынды: өркениетке ұмтылған өз елінің орнықты дамуын қамтамасыз еткісі келген Мемлекет басшысының басқа шаруалардан гөрі қоғамдағы адамдардың рухани-адамгершілік дамуына бірінші кезектегі міндет деп қарауы заңдылық. Қоғам дамуының ағымдық және ұзақ мерзімдік бағдарламаларының бәрі адамды әлеуметтік тұрғыдан қорғау мен дамыту ісінен басталып, осы міндетті жүзеге асыру оның бүкіл өн бойындағы негізгі арқауына айналып, аталған мәселенің жоғары деңгейде шешімін табуы түрінде түйінделуі тиіс.
Кез келген қоғамның даму тенденциясы ондағы адамдардың даму тенденциясы арқылы айқындалады. Біздің елімізде адамды дамытуға көңіл бөлінуде. Тіпті, осы уақытқа дейін отандық экономиканы өрге сүйрейтін ұлттық элитаны толық қалыптастыра алмадық. Ал өзіміз қоғам тұрақтылығының кепіліне балап жиі айтатын “орташа тап” тек ұлттық элита қалыптасып болғаннан кейін, халық ішіндегі өзара үйлесімді де ынтымақты еңбек бөлінісінің іске қосылуы нәтижесінде пайда болады. Оған орта және шағын бизнесті дамыту қажет. Болашақ халқымыздың, шынымен-ақ, адамзат өркениетінің алдыңғы легінде жүретіндей, өзге жұрт өкілдерімен терезесі тең тұрып бәсекелесе алатындай, сонымен бірге, өзінің ұлттық қадір-қасиетін, болмысын, құндылықтарын, ойлау машығын, дінін, ділін, тілін жоғалтпайтындай орнықты дамуы бүгінгі дағдарыстан кейінгі басты міндетке айналды. Егер біз ұлттық экономикамызды әртараптандыру, инвестиция тарту, орта және шағын бизнесті дамыту, елді индустрияландыру, жедел инновациялық даму жолына түсу арқылы дамыта алсақ, онда саяси-экономикалық тәуелсіздігіміз бен қауіпсіздігімізді қамтамасыз ете аламыз. Еліміздің жаңа тарихындағы шешуші кезең – осы 2020 жылға дейінгі даму стратегиямызды толық іске асыру.
Жолдаудың бесінші және алтыншы бөлімдері сәйкесінше, ішкі және сыртқы саясаттың түйткілді мәселелеріне арналған. Елбасы қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтау ел қауіпсіздігінің сенімді тірегі екенін ескере отырып, заңдарды ізгілендіріп, біздің демократиялық мемлекетте жаңа онжылдықта құқық қорғау қызметінің халықаралық үлгілеріне сәйкес келетін жаңа құқық қорғау жүйесінің қажеттілігін алға тартады. Туған жеріміздегі бейбітшілік пен тыныштық, ынтымақтастық пен татулықтың маңыздылығын айта келе, Елбасы болашаққа белгіленген ұлттық стратегияның басты төрт құндылығын айқындайды: тәуелсіздіктің баяндылығы, тұрақтылықтың сақталуы, экономикалық өрлеу, өңірлік және әлемдік нарыққа интеграциялану. Сыртқы саясатта Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасының жауапты да абыройлы міндетін атқара отырып, ұлттық мүддені қамтамасыз етуге, елдің халықаралық беделін арттыруға, ұлттық, өңірлік және әлемдік қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған белсенді, прагматикалық және теңестірілген сыртқы саясаттың жүргізілетіні, үстіміздегі жылы ЕҚЫҰ саммитін Астанада өткізу мәселелері сөз болады. Аса ықпалды әрі беделді бұл ұйымға қазақстандық төрағалық мынадай ұранмен өтетін болды: Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік. “Ағылшын тілінде бұл төрт сөз түгел “Т” әрпімен басталады.
Бізді Жолдаудағы білім беру мен ғылымға қатысты мәселелер қызықтырады. Бұл мәселелер “Адам ең басты байлық” деп аталатын бөлімде қарастырылып, адами құндылықтармен ажырамас тұтастықта, бәсекеге қабілетті адам тәрбиелеу арқылы адами капиталды қалыптастырумен байланыста қарастырылады. Адамның өмір сапасын жақсарту, оның денсаулығын сақтау, оны әлеуметтік қорғаумен бір қатарда тәрбие мен білім беру де адами капиталды қалыптастырудың негізгі арналары ретінде қарастырылады. 2020 жылға дейін қалалық және ауылдық жерлердегі барлық балалар мектеп жасына дейінгі тәрбие беру және оқытумен қамтылуы тиіс және орта білім беруде 12 жылдық оқыту үлгісі табысты түрде жүзеге асуы қажет. Кәсіптік және техникалық білім беру экономиканың қажеттіліктерімен қатаң түрде байланыстырылып, жоғары білімнің сапасы халықаралық талаптарға сай болып, Отанымыздағы жоғары оқу орындары әлемнің жетекші университеттерінің деңгейіне бой түзеуі тиіс.
Елдің келешегі өскелең ұрпақтың қолында екендігін ескерсек, білім беру мен тәрбие саласына зор мән беру керек. Өйткені, білім мен тәрбие адамгершілікті тұлға қалыптастырудың қос қанатындай. Меніңше, білім – әлемдік, ал тәрбие – ұлттық болуы қажет. Интеллектуалды ұмтылыс тақырыбы өткен жылы Елбасының Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттерімен кездескенде де әңгіме өзегі болды. Алайда дәстүрлі мәдениет пен имандылықтың құнарлы тамырынан сусындап нәр алып тұрмаған білімді немесе ақпаратты адамды рухани жарым-жандардың қатарына жатқызуға болады. Жолдауда аталған “интеллектуалды мектептер” жобасы осыған қызмет етуі керек. Қазір немесе келешекте интеллектуалды бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырамыз десек, интеллектуалдық ұмтылыс жасаймыз десек, өткеннің тағылымынан сабақ алып, бабаларымыздың қалдырған асыл және бай рухани, мәдени мұрасын де игере білуіміз қажет.
Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында ғылым мәселесі де экономиканы әртараптандыру мәселесімен сабақтастықта, ұлттық инновациялық жүйемен байланыста айтылады. Президент үш жаңа ғылыми орталықтың құрылатынын мәлімдеді: Өмір туралы ғылымдар орталығы, Энергетикалық зерттеулер орталығы және Тақырыпаралық аспаптық орталық. Сондай-ақ, Елбасы Үкіметке еліміздегі индустрияның 2010 жылғы басымдықтарын ескере отырып, елдің ғылыми-технологиялық дамуының 2020 жылға дейінгі салааралық жоспарын әзірлеуді және “Ғылым туралы” жаңа заңның әзірленуін жеделдетуді тапсырды. Жалпы, бұл мәселелер біздің тәуелсіздігіміздің баянды болуымен байланыстырылады және ол бүгінгі күннің талабынан туындап отыр.
“Ғылым туралы” заң жобасының талқылануына Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Философия және саясаттану институтының ұжымы да белсене атсалысты. Біз бұл заңнамаға қатысты өз ұсыныс-пікірлерімізді айттық, олардың кейбіреуі жобаға енгізілді.
Білімнің сапасы, еліміздегі саяси-әлеуметтік тұрақтылық пен рухани келісім сияқты келелі мәселелерді Президент Жолдауы жаңа сатыға көтерді. 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын іске асыру жалпыхалықтық қозғалысқа айналып, әрбір адамның күнделікті қызметінің өзегі болуы керек. Білімнің сапасын әлемдік және ұлттық стандарттарға сәйкес көтеру арқылы біздер бәсекеге қабілетті елу ел қатарына кіре аламыз. Елімізде білім экономикасы қалыптасуда. Білім мен ғылым егіз, білімнің сапасын көтеру қазіргі ғылымға негізделуі шарт, іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеулер – болашақ дамуымыздың кепілі, ұлттық қауіпсіздігіміздің өзегі. Біздің институтта жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу жүйесі, адам капиталының қалыптасуы мен дамуы ұлттық басымдық, адамды рухани-адамгершілік жағынан дамыту, адамның жаңа интегралды дүниетанымының қалыптасуы, инновацияның рөлі, жаңа құндылықтар жүйесі, жедел индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асырудағы философия мен саясаттану ғылымдарының рөлі сияқты келелі мәселелер жан-жақты зерттелуде.
Жалпы, Жолдауда “Қазақстан-2030” Стратегиясының қарпі мен рухы сақталған. Жолдауда, Елбасының өзі айтқандай, “бұл бағдарламаның түпкі мақсаты – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тілі мен мәдениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызу”. Елбасы бәрімізді қазығы берік, мемлекеттігі бекем, төрт құбыласы сай Қазақ елінің абыройын асқақтатуға жұмыла кірісуге шақырады. Ендеше, біз де осы үндеуге үн қосып, Жолдаудың жүзеге асуына жабыла жол табайық, ағайын!
Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ, Философия және саясаттану институтының директоры, академик.
ІЗГІЛІК ІЛГЕРІ БАСТАЙДЫ
Жақсылық АЛАНОВ, Атырау облыстық сотының төрағасы.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында алдағы онжылдықта демократиялық мемлекетімізге сот, құқық қорғау қызметінің жоғары халықаралық стандарттарына толықтай сәйкес келетін жаңа тұрпаттағы құқық қорғау жүйесі қажеттігіне айрықша басымдық берілді.
Жолдауда ел экономикасын көтеріп, адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартудың, сөйтіп дағдарыстан дамуға қалай шығудың нақты жолдары мен тетіктері айқындалды. Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау салаларын реформалауға айрықша назар аударылған. Мемлекет басшысы “...Жазалаудың негізгі түрі бас бостандығынан айыру болып қалып отыр. Ешкім қамау орындарынан босағандарды оңалтумен айналыспайды. Осының салдарынан олар қылмыскерлердің қатарын толықтыруда. Мен реформалардың бірнеше жалпы бағыттарын бөліп көрсетер едім. Бәрінен бұрын, құқық қорғау жүйесін оңтайландырып, әрбір мемлекеттік органның нақты құзыретін түзу керек. Біздің заңдарымызды ізгілендіріп, олардың сапасын арттыру қажет”, –деп атап көрсетті.
Өткен жылы облыс бойынша бас бостандығынан айырылғандардың 80 пайызын жұмыссыздар, 6 пайызын мектеп жасындағылар мен жасөспірімдер құраған екен. Бүкіләлемдік қаржылық-экономикалық дағдарысқа байланысты туындаған жұмыссыздық, оқу орындарындағы тәртіп, тәрбие жұмыстарының бәсеңсіп кетуі де облысымыздағы қылмыстық ахуалға өз әсерін тигізуде. Заң талаптары бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарды бас бостандығынан айыруға мәжбүрміз. Қылмыстың үлкен-кішісі болмайды. Заң алдында бәрі бірдей. Сондықтан оны жасағандар қылмыстық әрекетіне сәйкес жазалануы тиіс. Солай бола тұрса да, олардың болашағынан біржолата үміт үзіп, шетке шығарып тастауға тиісті емеспіз.
Қазіргі кезде Атыраудағы колонияларда 1100 адамның орнына 1400 адам жазаларын өтеп жатыр. Олардың әрқайсысына тамағына, жатар орны, басқа да мұқтаждары үшін тәулігіне 1300-1800 теңге аралығында қаражат бөлінеді. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, 63 миллионға жуық тұрғыны бар Францияда небары 15000 адам түрмеде жазаларын өтеуде. Сондықтан да сот ісінде имандылыққа, “Алдыңа келсе атаңның да құнын кеш” қағидаты басшылыққа алынса көп нәрседен ұтарымыз сөзсіз. Ол үшін заңдарымызға елеулі түзетулер мен өзгерістер енгізіп, ауыр, аса ауыр баптарды ізгілендіруіміз керек деп есептеймін. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа ауыр қылмыстардың кейбір түрлерін әкімшілік құқық бұзушылық деп ауыстырса, ал, кейбір ауыр қылмыстарды ауырлығы орташа қылмыстарға алмастырса көп мәселе өзінен-өзі шешілер еді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап сот, құқық қорғау жүйесін өркениет талаптарына сай реформалауды күн тәртібінен түсірген емес. Ел экономикасының нығайып, азаматтарымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларының жақсаруы, ішкі, сыртқы саясатымыздың сындарлы жүргізілуі – сот, құқық қорғау органдарының ырғақты жұмыс жасауына тікелей қатысты. Сол себептен аталмыш саланың материалдық-техникалық базасын нығайтып, білікті де іскер кадрлармен толықтырып отыруды, уақыт үрдісіне толықтай жауап беретін жаңа заңдарды қабылдап, оның сөзсіз орындалуын қамтамасыз етуді ұдайы басты назарда ұстап отыр.
Мемлекет басшысы өткен жылдың аяғында облыстық соттың жаңа ғимаратының ашылу салтанаты кезінде облыс соттары судьяларымен, сот ардагерлерімен кездесуі барысында да жоғарыдағы мәселеге айрықша назар аударды. Сот беделінің мемлекет беделі екендігін атап көрсетіп, Ата Заң талаптарына сай, адал жұмыс жасау керектігін, әрбір судьяның Елбасы Жарлығымен тағайындалатынын, сондықтан да олардың сенімге кір келтірмей, жауапкершілік жүгін жете сезінулері тиісті екендігіне баса тоқталған еді. Елбасының биылғы Жолдауы еліміздің алдағы онжылдықта ырғақты дамуына қатысты нақты мақсаттарды айқындап берді. Жолдаудан және құқықтық саясат тұжырымдамасынан туындайтын маңызды міндеттерді іскерлікпен жүзеге асыру – әрқайсымыздың ардақты борышымыз.
Атырау облысы.
БОЛАШАҒЫН ОЙЛАҒАН ЕЛ ТОЗБАЙДЫ
Еліміздің егемендік алып, тәуелсіздік тұғырына көтерілгелі 18 жылдан асып барады. Тарих үшін бұл аз ғана уақыт болғанымен, Қазақстан халқы үшін тәуелсіздіктің әрбір күні үлкен маңызға ие. Сөйтіп, қысқа уақыт аралығында аяғынан нық тұрған елге айналдық.
Қай елде де Президент Жолдауы, үндеуі немесе алқалы жиындарда сөйлеген сөздері – әлеуметтанушылар мен саясаттанушылар үшін зерттеудің нысаны. Өйткені, кез келген ел президентінің сөзі – бір адамның жеке ойы, іс-жоспары ғана емес, бүкіл елдің болашаққа бағдары, ертеңге үміті мен бүгінге көзқарасы. Қашанда алысты болжайтын Елбасымыздың биылғы Жолдауы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” деп аталып, алдағы бір-екі жылға ғана емес, мемлекет өмірінің білдей он жылына арналған жоспарды қамтыды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының дәстүрлі жолдаулардан бір ерекшелігі – Қазақстанның ұлттық экономикалық өрлеуінен жаһандық жауапкершілікке дейінгі мәселелерінің қамтылуында деп санаймын. Бұлай болуы заңды да. Өйткені, Қазақ елі – ұзақ қоғамдық және тарихи дамуды бастан кешкен, үзілген мемлекеттілігін жаңа сападағы тәуелсіздікпен жалғастырып, бүгінде әлемдік аренаға көтерілген мемлекет. Демек, қазіргі халықаралық қатынастарда Қазақстанның орны мен рөлі айрықша. Сондықтан Президент Жолдауының мазмұны бай, әсері жоғары болуы, міне, осындай оң өзгерістерге байланысты екені анық деп ойлаймын. Бұған еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалыққа сайлануы да айқын айғақ бола алады.
Қазақстанның қазіргі дамуы бізден экономиканы кешенді дамытуды талап етуде. Осы орайда Елбасы елдің негізгі даму стратегиясының жоспарын анықтап берді. Стратегияның басты мақсаты Қазақстанды дағдарыстан алып шығу және дамыған 50 ел қатарына қосу болып табылады. Бұл ретте Елбасы Қазақстан даму стратегиясының жоспары қаржы институттарымен бекітілді деп атап көрсетті. Қаржы бар, тек оны мемлекеттің мүддесі үшін тиімді пайдалану керек. Сонымен бірге, биылғы Жолдауында Президент аймақтық стратегиялық дамуға көп көңіл бөлді.
Жолдауда, сонымен қатар, еліміздің сыртқы саясатындағы басым бағыттар көрсетілді. Әсіресе, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі барысында бұл жайт еліміздің әлемдік қоғамдастық алдындағы жауапкершілігін күшейтетіні көлденең тартылды.
Ал қазіргі қаржы дағдарысы жағдайында көптеген мемлекеттер әлеуметтік көмек саясатында шектеулер енгізіп жатса, Қазақстан Президенті зейнетақы мен студенттердің стипендиясын көтеру, ҰОС ардагерлеріне материалдық көмек беру саясатын ұстанып отыр. 1 сәуірден бастап бюджет саласындағы қызметкерлердің жалақысын көтеру сияқты жоспарларымен бөлісе келіп, бұл сала Үкіметтің басты назарында болатындығын атап көрсетті. Елбасының Жолдауындағы жоспарларды жүзеге асыру үшін ең алдымен елдің ынтымақтастығы мен қоғам алдындағы жауапкершілігі қажет екені де дау туғызбайды.
Жолдауда айрықша мән берілген екі-үш мәселе бар. Оларға бұған дейін мемлекет тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбей келгені жасырын емес. Оның бірі – ғылым, ғылымға мемлекеттік қамқорлық көрсету мәселесі. Тәуелсіздік алғаннан кейін іле-шала жүргізілген жекешелендірудің салдарынан көптеген ғылыми орталықтар өз күндерін өздері көруге мәжбүр болып, Үкімет қамқорлығынан тыс қалған болатын. Тіпті, ғылыми орталықтарға тиесілі жер учаскелерін кейбір коммерциялық ұжымдар басып алып, ғылымның орнын сауда-саттық басқан да уақыт туды. Енді осы мәселені реттейтін кез келген сияқты. Жолдауда бұл мәселе анық айтылған. “Ғылыми орталықтарды дамыту үшін жер телімдерін тегін беру, бастапқы капитал бөлу, қажетті негіздік инфрақұрылымды жасақтау және басқа да бірсыпыра шараларды ұйымдастыру мәселелерін шешу керек”. Осы орайда, Президент Үндістан тәжірибесін алға тартты. Енді халықаралық ұйымдардың қатысуымен қазіргі заманғы ғылыми орталықтар мен “технологиялық парктер” құру ұсынылып отыр.
Елбасының “ғылыми әлеуетті дамыту қолданбалы ғылымды өндіріс пен бизнеске мейлінше жақындатуға бағытталуы тиіс” деп атап көрсетуінде мән бар. Өндірістің дамуы ғылымның дамуымен егіз. Жоғары технологияларды дамыту арқылы халықаралық аренаға шығу мәселесімен енді Инновациялық қор тікелей айналысатын болады. Қазақстанның халықаралық рыноктағы бастамашылық мәселесін пысықтау жөнінде Үкіметке тапсырма да берілді. Қажетті сөз айтылды. Бағыт нұсқалды. Ендігі мәселе – істе. Ғылымы мен мәдениетіне көңіл бөлмеген елдің бәсекеге қуатты 50 елдің қатарына қосылуы екіталай. Себебі, халықаралық абырой-бедел тек ІЖӨ-нің деңгейімен ғана емес, ұлттың ішкі мән-мазмұнымен өлшенеді.
Президенттің биылғы Жолдауы туралы ғалымдар, экономистер, саясаттанушылар, әр түрлі сала мамандары өз пікірлерін айтып, талдау жасап жатыр.
Әйгерім КАЮПОВА. Алматы.
БІЛІМ МЕН БІЛІКТІ ТАЛАП ЕТЕТІН ҚҰЖАТ
Тәуелсіз елдің әрбір жылы тарих сахнасында із қалдырарлықтай тарихи оқиғалармен табысты өтуде. Елбасының былтырғы “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” атты Жолдауы халықтың әл-ауқатын арттырып, өркениетке ілгерілетуге үлес қосқан құжат болды. Алпауыт мемлекеттерді дағдарыс жалыны шарпып тұрған шақта, Қазақстан халқына дағдарыстың салқыны соншалықты сезілген жоқ.
Жыл басынан бері Елбасы Жолдауын тағатсыздана күттік. Өйткені, әрбір Жолдауында Елбасы халқын жағымды жаңалығымен, елін сүйсінтер істерімен тәнті етеді. Биыл қандай жақсы қадамдар жасалады екен деген ойда болдық. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сарабдалдықпен айтылған салиқалы сөзін үлкен ынта-ықыласпен тыңдадық.
Өзім ұстаз болғандықтан, білім саласына қатысты Жолдаудағы айтылған әрбір сөзге аса ұқыптылықпен мән бердік. Біз жаһандану заманында өмір сүріп отырғандықтан, бүгінгі күн ұлтым мен киелі жұртымнан мықты сауаттылықты, биік білімділікті, асқан біліктілікті талап етері сөзсіз. Сондықтан Қазақстанның ғылым мен білімі әлемдік стандартқа сай болуы тиіс екендігін ескеріп, Астана қаласында Президенттің қолдауымен ашылғалы тұрған инновациялық университетті өркениетке өріс деп таныған абзал. Дағдарыс жағдайында мұндай қадамға бару кез келген Мемлекет басшысының қолынан келе бермейтін іс.
Көйлегі көк, тамағы тоқ, бақуатты халқы бар мемлекет бақытты. Жолдауда халқымыздың әл-ауқатын арттыруға байланысты ауыл шаруашылығын дамытуға түбегейлі де соны көзқарас танытқандығы, халықтың көкейіне қонатын, қызу қолдау табатын құбылыс. Ауыл шаруашылығын аяғынан тік тұрғыза отырып, үстіміздегі жылы жетекші саланы екі есе өнім өндіруге бағыттап отыр. Бұған қарап, халқымыздың әл-ауқаты, тұрмысы, экономикасы анағұрлым өседі деп білеміз.
Президент Жолдауы зиялы қауымды бір қуантып тастады. Сәуірден бастап жалақының көбеюі ұстаздар қауымына материалдық жағынан көтермелеу ғана емес, заман талабына сай білім беруде асқан жауапкершілік жүктеп отыр.
Анасын ардақтаған халықтың, бала бақытын ойлаған елдің болашағы зор. Елбасының Жолдаудағы көп сөзі ана мен баланың игілігі мен бақытына арналды десек артық емес. Халқын құрметтеген Елбасы жыл басында зейнеткерлердің зейнетақысын өсіріп, ел құрметіне бөленді.
Кемеңгерлікпен айтылған кемел сөз халықтың денсаулығын жақсартып, өмір сүру жасын ұзартуға бағытталғаны да кез келген пендені сүйсіндірмей қоймайды. Денсаулық сақтау саласында медиа жоспар жүзеге асатындығы қатты қуантты.
Қиын шақта қазақ халқы тағдыр тізгінін Нұрсұлтандай қалаулы ұлына тапсырып еді. Тығырықтан алып шыққан Елбасы халқының үмітін қанаттандырып, елін өркениетке қарай бастап келе жатыр. Бұл – тығырықтан шығудың түбегейлі тетігі ғана емес, жаңаша дамуға бағытталған жасампаздық жолы.
“Түнде ұйықтамаған, күндіз отырмаған” Күлтегін батырдың ұрпағы Нұрсұлтан Әбішұлының әрбір сөзін халқы қолдайды, қызу қуаттайды. Елбасымызға мұқалмас қажыр-қайрат тілейміз.
Төменарық елді мекеніндегі №223 орта мектеп ұжымы. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы.