• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Ақпан, 2019

Батыс Қазақстан облысында 200 дәрігер жетіспейді

355 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау саласына қазіргі таңда 200 дәрігер жетіспейді. Жергілікті билік Алматы, Астана, Ақтөбе қалаларындағы медициналық оқу орындарымен бірігіп, маман тапшылығын жоюдың көпжылдық жоспарын жасаған.

Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облыстық Қоғамдық кеңес отырысында есеп берген өңір басшысы Алтай Көлгінов хабарлады. Кейбір сирек мамандарды дайындау үшін облыс бюджетінен 16 млн теңге бөлініп, бүгінде 28 батысқазақстандық еліміздің түрлі медициналық жоғары оқу орнында білім алып жатыр. Ал 20 маман «Alma University» филиалының оқу-клиникалық базасының магистратурасында оқиды.

Батыс Қазақстан облысы – еліміз бойынша медицина саласында қағазсыз құжат айналымына алдымен көшкен өңірдің бірі. Бүгінде осы саладағы 121 түрлі құжат толығымен электронды форматқа көшірілген. Өңірдегі әр адамның электронды денсаулық төлқұжаты бар. 22 мың тұрғын «k-vrachu.kz» мобилді қосымшасын қолданады. Медицина мекемелерінде «Kazmedinform» ақпараттық жүйесі, электронды кезек және жедел жәрдемге арналған «АДИС» автоматты жүйесі енгізілген.

- Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде 2016-2018 жылдар аралығында ана өлімі – 67%-ға, сәби шетінеуі – 20%-ға, қатерлі ісікке шалдығу – 6%-ға азайды. Мемлекет пен жекеменшіктің әріптестігі арқасында облыстық клиникалық ауруханаға магнитті-резонансты томография аппаратын алдық. Шыңғырлау ауданының Ақшат ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория салынды, - деді Алтай Көлгінов.

Сонымен бірге Орал қаласында Кардиоорталықтың жаңа ғимаратының құрылысы басталмақ.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан