Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдің биылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің орындалуының қорытындылары баяндалып, тұрғын үй секторындағы өрттің алдын алу және 2019 жылғы су тасқыны кезеңіне орталық және жергілікті атқарушы органдардың даярлығы тыңдалды.
Қаңтар айының қорытындылары қандай?
Алдымен Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов баяндама жасады. Оның айтуынша аталған мерзімдегі ІЖӨ өсімі 2,9%-ды құраған. Тұтыну нарығының артуы, сондай-ақ өнеркәсіптің өндіруші секторларындағы сұраныстың сақталуы − көрсеткіштің жоғарылауына әсер еткен негізгі фактор. Баяндамада айтылғандай, өнеркәсіпте сусындар – 15,6%, резеңке және пластмасса бұйымдары –14,3%, жеңіл өнеркәсіп – 17,5% және химия өнеркәсібі 6,6% өсім көрсетті.
− Есепті кезеңде тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 6,8%-ға өсті. Мұнай өндірісі 5,3%-ға, табиғи газ 6,1%-ға және түсті металл 15,8%-ға артып отыр. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласы тұрақты өсім қарқынын көрсетуде, өндіріс көлемі 3,5%-ға өсті. Бұл өсім мал шаруашылығы өндірісінің 3,6%-ға ұлғаюы есебінен болды. Қызмет көрсету саласының көрсеткіші 3,6%-ға өсті. Көлік саласында өсім 3,7%-ды құрады. Сауда-саттықта 7,5% деңгейінде айтарлықтай өсім белгіленген. Бұл негізінен газ, мұнай, мұнай өнімдері, қара және түсті металл кендері, жабдықтар, азық-түлік тауарлары, сусындар және т.б. тауарлардың бөлшек және көтерме тауар айналымының ұлғаюымен байланысты, − деді Ұлттық экономика министрі.
Жыл басынан бергі елдің экономикалық ахуалын баяндаған Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев 2019 жылғы қаңтарда айлық инфляция 0,5%-ды құрап, жылдық инфляция 5,2%-ға дейін бәсеңдегенін хабарлады. Оның айтуынша, жыл басынан бастап теңгенің долларға қатысты бағамы нығайғаны байқалады. Мәселен, 8 ақпандағы жағдай бойынша теңге бағамы жыл басынан бері 1,4%-ға нығайып, бір доллар − 378,73 теңгені құрады.
− Қаржы нарығындағы ахуал біртіндеп жақсарып келеді. Жыл қорытындысы бойынша банктердің активтері 25,2 трлн теңгеге дейін, яғни 4,5%-ға ұлғайды. 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар несиелер қарыз портфелінің 7,4%-ын құрады, − деді Ұлттық банк төрағасы.
Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндаған Қаржы министрі Ә.Смайылов мемлекеттік бюджеттің кірістері (трансферттерді есепке алмағанда) 593 млрд теңгені құрағанын жеткізді. Өткен жылдың қаңтар айындағы көрсеткішпен салыстырғанда оның өсімі 128%-ды құрады. Бюджетке 130 млрд теңгеден артық кіріс түскен. Ал бюджет шығыстарының орындалу пайызы былтырғы осы кезеңге қарағанда жоғары болып отыр. Ә.Смайылов министрліктің мемлекеттік органдармен бірлесіп бюджет қаражатының уақытында және тиімді игерілуін қадағалайтынын айтты. Премьер-Министр Б.Сағынтаев бірінші айдың қорытындылары бәсеңдеу екенін атап өтті. Бірақ жылдың енді басталғанын ескерген Үкімет басшысы, межелі міндеттер аясында көрсеткіштің жоғарылайтынына сенім білдірді. Бұған қоса, Б.Сағынтаев елдегі құрылыс секторына назар аударуды және өңдеу өнеркәсібінің көлемін ұлғайту үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Қарағанды облысының әкімдігімен бірлесіп, өндіріс көлемін қалпына келтіру мақсатында «Арселор Миттал Теміртау» зауытында қалпына келтіру жұмыстарын жеделдетуге қолдау көрсетуді тапсырды.
Тасқынға тастүйін даярлық
Үкімет отырысында қаралған екінші мәселе көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алуға арналды. Ішкі істер министрі лауазымында Үкіметте соңғы баяндамасын жасаған Қ.Қасымов жергілікті атқарушы органдар тарапынан су басудың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды ортаға салды. Оның айтуынша, су қоймаларында бос орын қалыптастыру мәселелеріне көңіл бөлу қажет. Бұл өзендердің қауіпсіздік деңгейін реттеуге мүмкіндік береді. Бұдан өзге, су басу қаупі жоғары автомобиль және теміржол учаскелерін анықтау бойынша қосымша шаралар қабылдау қажеттігін айтты.
Өз кезегінде Энергетика министрі Қ.Бозымбаев еліміздің энергетикалық кәсіпорындары су тасқыны кезеңіне дайындықты қамтамасыз ету мақсатында 2 мыңнан астам арнайы техникамен жабдықталған жедел бригадалар құрғанын атап өтті. Оның сөзінше, қаптағы инертті материалдар − 56 мың дана, жанар-жағармай қоры 360 мың тоннаны құрайды. Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы И.Әбішев те тасқын су қаупін болдырмау үшін құрылыс инерттік материалдардың қоры, сондай-ақ тиісті техника мен тетіктер дайын екенін жеткізді.
Қ.Қасымов тұрғын үй секторында өрттердің алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндай келіп, былтыр өрттен қаза болғандардың саны Атырау облысында 2 есеге, Алматы қаласында, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында 25%-ға, Жамбыл облысында 8%-ға көбейгенін айтты. Өрттердің 60%-дан астамы тұрғын үй секторында болған, Министрлік тарапынан өртке қарсы техниканы қолдану және тұрғын үй секторында өту жолдары мен өрт гидранттарының жай-күйі тексерілуде.
− Тек өткен демалыс күндері 107 мыңдай жеке тұрғын үйде профилактикалық жұмыс жүргізілді (оның 7,6 мыңы уақытша құрылыстар), 49 мыңнан астам бұзушылық анықталды. Бұл ретте, 13 мыңнан астам жеке тұрғын үй тұрғындары пешті тексеруден бас тартты, – деді Қ.Қасымов. Ал өткен жылы 40 мыңнан астам нысан тексеріліп, оның 139 мыңы талапқа сай еместігі анықталған. − Сотқа өрт бақылау ұйғарымын орындамайтын нысандардың жұмысын тоқтатуға 2 мыңнан астам талап-арыз жіберілді. Соның нәтижесінде 1 244 сауда нысанынан 1060 ірі сауда орталығы немесе 74%-ы бұзушылықтарды толығымен жойды. 138 нысандағы ТЖД талап-арыздарына сәйкес оларды тоқтата тұру үшін сот ресімдері жүргізіліп жатыр, − деді Қ.Қасымов.
Сөгіс жариялап, қызметтен босатты
Премьер-Министр тұрғын үй секторындағы өрттердің алдын алу және 2019 жылғы су тасқыны кезеңіне даярлық туралы баяндамаларды тыңдағаннан кейін, өңірлерде өрт қауіпсіздігі мен су тасқынынан қорғау жұмыстарында олқылықтардың бар екенін айтты.
− Қазір қандай мәселелерді шешуіміз керек? «Баяғы жартас – бір жартас» деген сөз бар. Су тасиды, үйлер су астында қалады, қыс келеді, үйлер өртеніп жатады. Ал бәріміздің баяндамамыз керемет. Министрлер қандай кемшіліктердің бар екендігін айтты, сол туралы жауап беру керек. Не себептен қаржыландыру мәселесі шешілмеді? Неге берілмеді, неге іске қосылмады? Өртке не себепті жол берілді? Қандай тексеріс жүргізіліп, нендей шаралар қабылданды? Ол туралы бір ауыз сөз жоқ. Айтатындарыңыз «бәрі керемет, бәрі жақсы, қатаң бақылауда». Қандай бақылауда екендігін көріп отырмыз, − деді Б.Сағынтаев. Үкімет басшысы Ішкі істер министрлігі мен барлық әкімдерге тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігі мәселесін жылыту маусымының соңына дейін бақылауда ұстауды тапсырды. Тұрғын үй алабындағы өрттің алдын алу жұмыстарын жалғастыру қажеттігін, әсіресе көп балалы және аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттар тұратын үйлер жіті назарда болуы тиіс екенін екшелеп айтты.
Үкімет отырысында белгілі болғандай, Қазгидрометтің болжамы бойынша кейбір өзендерде ылғал қоры нормадан жоғары. Қардың түсуі әлі жалғасуда. Оның үстіне ақпанның үшінші онкүндігінде ауа температурасы көтеріледі деп күтілуде. Қазгидрометтің болжамына сәйкес, 1 ақпандағы жағдай бойынша Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Қостанай облыстарындағы өзендердің бассейндерінде ылғал қоры нормадан артық. Қостанай облысындағы Тобыл және Тоғызақ өзендерінің бассейндерінде – 10-30%-ға, Ақмола облысындағы Есіл өзенінде – 15%-ға, Қарағанды облысындағы Нұра өзенінде – 55%-ға, Батыс Қазақстан облысының өзендерінде 40-110%-ға артық екендігі анықталып отыр. Ылғал қорының көлемі тау өзендерінің арасында Түркістан облысындағы Арыс өзенінде – 15%-ға, Шығыс Қазақстан облысында Ертіс өзенінің оң жағалауында – 40%-ға, сондай-ақ Талас-Алатау, Қаратаулардың солтүстік-батыс бөлігінде – 15%-ға, Тарбағатай бөктерінің оңтүстік-батыс бөлігінде 30%-ға артық.
Премьер-Министр Б.Сағынтаев өңірлердің әкімдеріне бірқатар нақты тапсырма берді.
− Тасқын қаупінің алдын алу және жою бойынша жол картасын сапалы іске асыруды қамтамасыз ету қажет. Жұмысты үйлестіру Ішкі істер министрлігіне жүктеледі. Су қоймалары аймақтары мен белдеулерінде тұратын адамдар мен нысандарды қауіпсіз жерлерге көшіруді қамтамасыз ету керек. Ішкі істер министрлігі әкімдермен бірлесіп, су тасқыны маусымына күштер мен құралдардың толық дайындығын, қауіп төнген жағдайда халықты уақытында хабардар етуді қамтамасыз етуі тиіс. Төтенше жағдайда жедел шара қолдану қажет, – деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы өрт қауіпсіздігі және оның алдын алу жұмысын тиісінше атқармағаны, бақылау жүргізбегені үшін Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильинге сөгіс жариялау жөнінде Президент Әкімшілігіне ұсыныс түсіретінін айтты. Бұған қоса, Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккерге қатаң сөгіс жариялау, Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Барат Оспанұлы Дұзақбаевты қызметінен босату, елорданың Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Марғұлан Топашұлы Аманбаевқа қатаң сөгіс жариялау тапсырылды.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»