• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2019

Алаяқ компаниялар азаяр емес

628 рет
көрсетілді

«Туристік Қамқор» корпоративтік қорының мәліметі бойынша, 2018 жылғы туристік маусымында 343 мың қазақстандық саяхатшылар шет­елде демалып қайтқан. Бір өкініштісі, 200-ден астам қазақстандық 137 млн теңге көлемінде түрлі турфирмалардың алаяқтық іс-әрекеттерінен зардап шеккен екен.

Атап айтқанда, 2018 жылдың шілде айының өзінде-ақ турфирмалар тарапынан алаяқтықтың 4 фактісі тіркелген. Мысалы, Алма­ты­дағы туристік компания 30 қазақ­стандық туристі Түркияға жол­дамаларды арзан бағамен сатып, 19 млн теңге сомасында шығынға батырған. Зардап шеккендердің айтуынша, олар қонақүйде бронь расталмағаннан кейін өздерінің алдан­ған­дарын түсінген. Тура сол айда Алматыда тур­фир­ма­н­ың алаяқтық іс-әрекет­тері­нен тағы 10 адам 10 млн теңгеге зардап шеккен. 

Келесі алаяқтық оқиға­сы 2018 жылдың маусымында Қарағандыда тір­келген. Тиісті уақытында де­ма­лу­ға бара алмаған 18 адам поли­цияға арызданып, турфирма дирек­то­ры­на іздеу салған. Келті­рі­л­ген шығын сомасы 30 млн теңгені құрады. Кейіннен директорға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал қыркүйекте Өскеменде 60-тан астам адам туркомпаниялардың іс-әрекеттерінен зардап шекті.

Қазан айында Оңтүстік Кореяға саяхаттамақ бол­ған 50 адам тағы да алаяқ компанияның құрбаны болды. Зиян шеккен турис­тер тез арада тиісті арыз­­дарымен поли­ция­ға жүгін­ген. Оңтүстік Ко­­р­ея­да дема­­ламыз деп ой­­ла­ған 50 ту­ри­ст ақыр ая­ғын­да 17 млн теңге көле­­­­мінде шығынға ұшы­ра­­ған. Соны­мен қатар 2018 жыл­дың желтоқ­сан айын­да Ақтөбеде тур­фирма менеджері 56 млн теңгені жым­қырып, қа­шып кеткен. Сотта өкіл хабарлағандай, бұл жағ­дай­­да ком­пания­ның кінәсі жоқ. Тур­фир­ма­ның өзі зардап шегуші жақ болып, менеджерді халық­ара­лық іздеуге салған. 

Алаяқ турфирмалардың арбауына тек қазақстан­дық­тар ғана емес, ше­­тел­­­дік туристер де ілінген. Қазақ­­станға келмек болған 47 үндістандық азамат құжаттарды ре­сім­­­деу міндетін алған қазақ­стан­дық фирмаға 5 млн теңге төлеген. Ке­­йін анықтал­ған­дай, фирма оларға визаны ресім­де­ме­ген және қаржы­ла­рын қайтармай, ұшты-күйлі жоғалған.

«Туристік Қамқор» корпо­ра­тив­тік қорының ақпараты бойынша, 2018 жылғы туристік маусымда қазақстандық туристердің басым бөлігі, яғни 148 мың адам Түркияға барып демалуды жөн санаған. Екінші орында Мысыр (104 мың) болса, үшінші орында – Біріккен Араб Әмірлігі (33,5 мың). Төртінші сатыны Қытай мен Таиланд өзара бөлісіп отыр (18 мың). Бесінші орында – Вьетнам (4,5 мың), алтыншы орында – Үндістан (2,7 мың), жетінші орында – Чехия (2,4 мың), сегізінші орында – Доминикан (2,1 мың), тоғызыншы орында – Грекия (2 мың) және ондықты Грузия мемлекеті түйіндеді (1,4 мың). 

Қуаныштысы, 2018 жылы шетелге шыққан бірде-бір қазақ­стан­дық сақтан­дыру полисін пай­даланбаған. Туын­да­ған кішігірім мәселелер же­дел түрде сол жерде ше­шіліп отырған. Сондай-ақ бірде-бір қазақ­стан­дық туроператордың кінә­сі­н­ен шетелден шұғыл шы­ға­рыл­ған жоқ.

Бүгінгі таңда «Туристік Қам­қор» тізімінде 56 тур­оператор бар, олармен fondkamkor.kz сайтын­да танысуға болады. Бұл ретте, жалпы Қазақстанда нақты тур­операторлық қыз­метті жүзеге асыратын шамамен 140 компания жұмыс істейді. «Турис­тік Қамқор» ауа райы жағдай­ларын негіз­ге ала оты­рып ақпан және нау­рыз айларында қазақ­­­стандықтардың дема­­­лысы үшін Таиланд, Египет, Куба, Үндістан, Шри-Ланка, Доминикан, Филип­­пин және Танзания ел­де­рі қолайлы әрі қауіпсіз деп есептейді.

Әли БИТӨРЕ, 

«Egemen Qazaqstan»