• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Ақпан, 2019

Ақтөбеде кәсіпкер көпбалалы отбасыға пәтер сыйлады

401 рет
көрсетілді

Ақтөбе облысында мобильді топтар аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды аралап, мүмкіндігінше олардың әлеуметтік проблемаларын шешу жұмыстарын жалғастыруда.

Өңір басшысы бастамалық еткен акция ешкімді бей-жай қалдырмады, оған қоғам қайраткерлері, мемлекеттік органдардың басшылары, еріктілер, жастар қосылып, жергілікті кәсіпкерлер де белсенді түрде ат салысып жатыр. Халық арасындағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған ондаған отбасы күн сайын азық-түлік, коммуналдық қарыздарын төлеу, көмірмен қамтамасыз ету секілді т.б. көмектер алуда.

«Ақтөбеқұрылысэксперт» компаниясының директоры Жасталап Жанбауов Сәдуовтер отбасының тұрғын үй мәселесін шешіп берді.

47 жастағы «Алтын алқа» иегері Салтанат Сәдуованың отбасында сегіз бала болса, олардың екеуінің мүгедектігі бар, жолдасы да екінші топтағы мүгедек. Отбасы осыдан біраз жыл бұрын балаларының сырқатына байланысты Әйтеке би ауданынан Ақтөбеге көшіпті. Облыс орталығында баспаналары болмағандықтан олар төрт жыл бойы пәтер жағалап жүрген. Енді бұлай етудің қажеті жоқ.

«Осы қуанышты сәтті біз төрт жыл күттік. Міне қамқор жандардың, облыс басшылығының арқасында біздің өз пәтеріміз бар. Жасталап Жанбауов – жерлесім, өзі де көп балалы отбасында өсті. Көмегі мен қамқоры үшін алығс айтамын»,- деді көз жасына ерік берген Салтанат Сәдуова.

Кәсіпкер: «Осындай қайырымды істен ешкім тыс қалмауы керек. Біздер, кәсіпкерлер мұқтаж жандарға қолдан келген көмігімізді аямағанымыз жөн. Бизнес өкідері бұл бастамаға қолдау көрсетіп, аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетеді деп сенемін. Әріптестерім, бірнеше құрылыс компанияларының басшылары да көмек қолын созуға әзір. Кәсіпкерлерді қоғамдық іске қолдан келген үлестерін қосуға шақырамыз»,- деп атап өтті.