Бейсенбі, 19 сәуір 2012 8:11
«Болашақ бүгіннен басталады» атты жалпыреспубликалық акция аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сенбілік өтті. Аумағы 70 гектардан асатын университеттік кампус аймағын тазарту және жинау жұмысына аталмыш оқу орнының басшылығы, оқытушылар құрамы мен студенттер, қызметкерлер – барлығы 17 мыңнан астам адам қатысты.
Бейсенбі, 19 сәуір 2012 8:11
«Болашақ бүгіннен басталады» атты жалпыреспубликалық акция аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде сенбілік өтті. Аумағы 70 гектардан асатын университеттік кампус аймағын тазарту және жинау жұмысына аталмыш оқу орнының басшылығы, оқытушылар құрамы мен студенттер, қызметкерлер – барлығы 17 мыңнан астам адам қатысты.
Сенбілікке қатысушылар оқу корпусы мен жатақханалар маңын арам шөптерден тазартып, ағаштарды әктеді, гүлдер, жас шыбықтар отырғызды, қоқыстарды арнайы техника көмегімен қоқыс алаңына жөнелтті. Сенбілік ұйымдасқан түрде және өте жағымды көңіл күйде өткізілді.
ҚазҰУ студенттері, университеттің жастар ұйымдары комитеті еліміздің Жастар конгресі бастамасына үн қосып, «Болашақ бүгіннен басталады» акциясына қолдау танытып отыр. Қолдау шарасы аясында ҚазҰУ Студенттер сенаты саламатты өмір салтын насихаттау жолында жастарды дене шынықтырумен айналысуға және спортқа тарту мақсатында шағын футболдан студенттік топтар арасында қалалық турнир өткізуді бастап кетті.
Бұдан басқа, университеттің «Көмек» студенттік волонтерлар ұйымы қайырымдылық жәрмеңкесін өткізіп, онда мүгедек балалардың жасаған қолөнер бұйымдары қойылды.
Жәрмеңкеден түскен қаржыны Қаскелеңдегі балалар үйіне, қалалық интернатта тәрбиеленушілерге, «SOS» балалар ауылына табыстайтын болады.
Қазіргі кезде жастарды осындай жұмыстардың барынша көп болғаны мемлекет үшін де, жастардың өздері үшін де керек. Өйткені, мұндай еңбекке баулып, қоршаған ортаны қорғауға үндейтін шаралар жастарды болашақта ортақ істерге біріктіретіні сөзсіз. Бүгінде мемлекет тарапынан жастарға қолдау көрсетіліп отырғаны белгілі. Сондықтан, жастар сенбілік сияқты тәрбиелік жұмыстар арқылы «мен елімнен не аламын» деп емес, «мен еліме не беремін» деген оймен Отанымызға қызмет етулері керек. Ал мемлекеттің жастарға қолдау-көмегіне келсек, мәселен Алматы қаласында жыл сайын жастарды жұмыспен және баспанамен қамтамасыз ету мәселесі көтерілетінін, мемлекеттік бағдарламалар бойынша оларды жұмыспен және жатақханамен қамту мәселесі шешіліп жатқанын, соның бір дәлелі ретінде «Алатау» ауданында жаңадан студент-жастарға арналып жатақханалардың салынатынын айта кеткен жөн. Осыған байланысты қалалық Жастар саясаты басқармасының бастығы Бақтияр Мәкен Алматыда жасалып жатқан жұмыстар басқа облыстарда да жүргізілсе деген ниетін білдірді.
Жалпы, бүгінде елімізде 16 мен 29 жас аралығындағы 4,5 млн. жас тұрады екен. Қазақстан жастар Конгресінің атқарушы директоры Шахмардан Баймановтың айтуынша, осы күндері студенттерді жатақханамен, жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, оқу орындарына түсу үшін гранттарды көбейту, оқу бітірген түлектерді жұмыспен қамтамасыз ету, жастардың ғылыммен айналысуына кең мүмкіндік беру, дене тәрбиесі және спортпен айналысуына жағдай жасау сияқты көкейкесті мәселелер көтерілуде.
Қанат ЕСКЕНДІР,
Алматы.