Егер баланың анасы жұмыс істемесе, оған бала туғаннан кейін жәрдемақы тағайындалады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Дүние есігін ашқан бірінші, екінші, үшінші балаға - 95 950 теңге, төртінші және одан да көп балаға – 159 075 теңге бірреттік мемлекеттік жәрдемақы беріледі.
2018 жылы осындай жәрдемақы 395 мың адам алды. Соңғы 3 жылда бұл жәрдемақының көлемі 38% өсті. 2019 жылы осы жәрдемақыны төлеуге 42 млрд. теңге қарастырылған. Ай сайын төленетін 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы, кезек ретіне орай ай сайын берілетін жәрдемақы көлемі 14 544 теңгеден 22 473 теңгені құрады.
2018 жылдың қортындысы бойынша 30 млрд теңге көлеміндегі бұл жәрдемақыны 125 мың адам алды. Соңғы 3 жылда жәрдемақының көлемі 19%-ға өскен.
2019 жылы бұл жәрдемақыны төлеуге 34 млрд. теңге бөлінген.
Төлемақыны тағайындау үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет, сондай-ақ, Үкіметтің электронды порталы арқылы да рәсімдеуге болады. Онымен қоса, 2018 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бала туу бойынша жаңа қызмет түрі енгізілді. Енді азаматтар жолға, ұзын-сонар кезекке уақытын кетірмей, құжаттарын жинап жүрмей-ақ жәрдемақыны 5 минуттың ішінде sms хабарлама арқылы рәсімдей алады. Хабарлама ананың ұялы телефонына келіп түседі.