Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7 «А» және 7 «В» сынып оқушыларының ата-аналары Оксфорд Брукч университетінің мұғалімдері дайындаған «Берік отбасы» курсын оқыды. 7 сессиядан тұрған психологиялық тренингке 11 отбасы қатысты.
Отбасы құндылықтарын қалыптастырып, ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға және психоактивті заттардан сақтану жолдарына арналған курсты мектеп психологтары және педагог-куратор Бибігүл Арыстанова жүргізді. Шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – отбасы мүшелерінің қарым-қатынасын жақсартып, ата-ана баланы, бала ата-ананы түсініп, жанұядағы ынтымақтастық пен берекені икемділік арқылы дамыту.
- Курс 10-14 жастағы балалар мен олардың ата-аналарына арналған. Сабақ барысында біз жасөспірімдердің күйзелісінің ерекшеліктерін, айналасындағы ортамен қарым-қатынасын, өзіне деген сенімнің қалыптасуын зерттедік. Сондай-ақ, отбасыдағы шектеулерге, конфликт жағдайындағы баланың өзін-өзі ұстауына назар аударып, баланы күшпен тәрбиелемеу жолдарын қарастырдық. Бағдарламаның ең маңызды тұсы бұл – топтық динамика. Команда мүшелері өзінің жанындағы адамның мықты тұстарын таба білді, - дейді психолог Тілектес Оразбергенқызы.
Мектеп педагог-психологтарының сөзінше, курстың екі дәрісінен кейін-ақ, топ мүшелері ауызбіршілік танытып, өзара жақын тіл-табыса бастапты. Сонымен қатар, сабақ барысында ата-аналар балаларын жаңа қырынан танығандарын да атап өтті.
- Балаларға стресс дегеннің не екенін, одан шығу жолдары, отбасылық тәртіпті сақтау, үлкендерде туындайтын қиындықтар туралы айтылды. Жобаның бір ерекшелігі қатысушыларға тек қана лекция оқыла бермей, әр түрлі ойындар, топтық жұмыстар жасау арқылы түсіндірдік, - дейді куратор Бибігүл Абатқызы.
Тренерлердің сөзінше, жобаның тиімділігін анықтау мақсатында отбасылар әлі де бақылауда болады. Мұнымен қоса курс жетекшлері, команда мүшелерінің білімін өзге де сыныптағы оқушларға тарату мәселесін жолға қоюды жоспарлап отыр. Айта кетейік, «Берік отбасы» психологиялық курсын Ұлыбританиядағы Оксфорд Брукс университетінің мамандары бірігіп жасаған. Қазіргі таңда жоба әлемнің 35 еліне енгізіліп, орыс, испан, неміс, португал, француз, қытай тілдеріне аударылған. 2018 жылдың қараша айында Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің психологы Тілектес Маскарова мен педагог-куратор Оксфорд Брукс университетінің аға мұғалімі, философия ғылымдарының докторы Дебби Ален және Линдси Клубстан бағдарлама бойынша білім алған.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Маңғыстау облысы