Бүгінгі таңда халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту, көпшіліктің тұрмыс ахуалын арттыру мемлекеттік мәселе болып отыр. Бұл орайда мемлекет тарапынан кәсіппен айналысуға ниетті азаматтарға қолдау да жоғары деңгейде.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «Біз әрдайым бизнеске көмек көрсетеміз, бірақ адам, оның құқықтары мен денсаулығы маңыздырақ» деп атап көрсетті. Мәселен, қазіргі таңда көптеген азаматтардың кәсіптің көзін табуы нәтижесінде өңірлерде жүздеген жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздықпен күрес жүйелі түрде жүргізілуде.
Жамбыл облыстық кәсіпкерлік және индустриалық-инновациялық дамыту басқармасының мәліметінше, өткен жылы облыс бойынша мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында 10,6 миллиард теңге бөлінген екен. Яғни, 6,7 миллиард теңге республикалық бюджеттен болса, 3,9 миллиард қаражат жергілікті бюджеттен қаралған. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 2,2 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаражаттың бәрі де тиісті деңгейде игеріліп, кәсіппен айналысуға ниетті азаматтарды қолдауға жұмсалған. Ал аталған басқарманың өзінен облыс бойынша былтыр 162 адам қолдау көрген. «Өткен жылы мемлекеттік қолдау бойынша басқармаға 5 миллиард 900 миллион теңге бөлінген болса, ағымдағы жылы 4 миллиард 600 миллион теңге қарастырылып отыр. Алдағы уақытта тағы да қосымша қаражат бөлінеді», дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасы кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің бас маманы Айгүл Иманбекова.
Бұл көрсеткішке қарасақ, өңірде кәсіпкерліктің кең өріс алғанын байқауға болады. Қаражат жеткілікті, жоспар көп, кәсіппен айналысуға ниеттілер де аз емес. Бұл орайда мемлекеттің қолдауы нәтижесінде тірлігін тіктеп, әлеуетін арттырып отырғандар баршылық. Әсіресе өңірде мал шаруашылығын дамыту, сауда саласын өрістету мақсатында несие алғандардың қатары көп екен. Алайда биыл Жастар жылы жарияланғандықтан, жас кәсіпкерлерді қолдауға өңірде қаншалықты көңіл бөлінуде деген мәселенің де шығатыны рас.
«Облыстық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жастарды «Бизнес бастау» жобасына оқыту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 794 жас оқыды. Өңірде тұңғыш рет Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің бірлескен «Zhas Projeсt» жастар корпусын дамыту жобасы іске асырылуда. Облыс жастарынан 555 жоба ұсынылып, оның 206-сы іске асырылды. Нәтижесінде өңірге 400 миллион теңге көлемінде инвестиция тартылды. Жалпы, жеңімпаз атанған жобаның 77-сі облыс орталығынан болса, қалған 129 жоба аудандар мен ауылдық елді мекендерден. Жоба аясында өңірдегі 762 жас жұмыспен қамтылса, оның 33-і мүмкіндігі шектеулі азаматтар болып отыр. Сонымен қатар өткен жылы басқарманың мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «Облыс жастары арасында кәсіпкерлік қызметке тарту бойынша кешенді іс-шаралар ұйымдастыру» тақырыбы аясында тиісті жұмыстар жүргізілді», дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен.
Жас кәсіпкерлерге деген мемлекеттің қолдауы қашанда қарқынды. Осы орайда жас кәсіпкер Тұрсынай Байғабылова нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы арқылы төмен пайызбен мемлекеттен 14 миллион теңге алып, қала орталығынан «Brilliant» сән салонын ашқанын айта кету керек. Бүгінгі таңда өңірде кәсіпкерліктің кең өріс алуына тиісті жағдай жасалып отыр десек те, кәсіпкерлікті ғылыммен ұштастыруған нақты жобалардың әлі аз екені байқалады.
Ал өңірдегі жас ғалымдар белгілі бір идеяны кәсіби деңгейде жүзеге асыру арқылы кәсіпкерлікті жандандыруға болатынын айтады. Бүгінде өңірдегі жетекші оқу орындарының бірі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті жас ғалымдарды дайындауда белсенділік танытуда. «Қазіргі кезде университетте 670-ке жуық патент бар. Бұған бірінші сұраныс, екінші қаражат керек. Егер патентті сатып алушы кәсіпкерлер бұдан қанша пайда табатынын ойласа, ғылым дамымайды. Ғылыми жобаларды өндіріске шығару маңызды», дейді университет ректоры Махметғали Сарыбеков. Кәсіппен айналысу үшін де белгілі бір идеяның болуы маңызды. Ал ғылым мен кәсіпкерлік ұштасқан жағдайда, кәсіпкерліктің бұдан да әрі дамитыны ақиқат. Мәселен, жоғары оқу орны зауыт не фабрика емес. Оған қоса, идеяны жүзеге асыруға салатын қаражат мәселесі тағы бар. Яғни, ғалымдар өзінің идеяларын бұл жерде кәсіби түрде іске асыра алмайды. Сондықтан ғылымға инвестиция салынса, ғылыми идея белгілі бір кәсіпорын базасында жүзеге асса, онда кәсіпкерліктің де кең қанат жаятыны сөзсіз. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы мен конструкциялау және дизайн» кафедрасы доцентінің міндетін атқарушы, PhD докторы Бекжан Абзалбекұлы қант диабеті ауруына шалдыққандар үшін сапалы әрі ыңғайлы ортопедиялық аяқ киім үлгісін ойлап тапқан. Мамандар бұл сырқатпен ауыратын адамдардың әуелі табанының ойылып кетуі қаупі бар екенін жиі айтады. Сондықтан бұл аяқ киімнің маңызы зор. «Дәрігерлер мұндай азаматтарға міндетті түрде ортопедиялық аяқ киім ұсынады. Алдағы уақытта 3D технологиясымен бұл жобаны өндіріске енгіземіз деп ойлаймын. Бірақ осы бағытта жұмыс істейтін адам аз. Мәселен, бұл аяқ киімнің бағасы 20-25 мың теңге аралығында болады. Яғни қолжетімді», дейді жас ғалым. Ал М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне қарасты «Наноинженерлік зерттеу әдістері зертханасының» инженері Ерлан Атенов құрылысқа қажетті қадаларды жетілдіру мәселесін зерттеу үстінде екен. Яғни жобаның қажетті материалдары дайындалуда. Жас ғалым бұл жобаның тұрғын үйлер салуға да, өзге нысандар тұрғызуға да қажетті екенін айтады. Тағы бір тараздық жас ғалым Дәулет Егембердиев жерді қалпына келтіруге арналған жаңа тыңайтқыш әзірлеген болатын. «Биомелиоранттың өзіндік құны бір килограмм үшін 16 теңге. Сұйықтық түрінде, сұйық фазада тамшылатып суаруға, тіпті құрғақ күйінде де қолдануға болады. Өнімділігі 5-10 есе жоғары. Қазіргі таңда қолданылатын дәстүрлі әдіс 30-35 тонна фосфогипс пен қиды бірге енгізу керек, ал 300-500 кило биомелиорант осы 35 тоннаны алмастырады», дейді жас ғалым. Алайда ауыл шаруашылығы мамандары биомелиорант өндірісін жолға қою үшін де арнайы жабдықтар мен инвесторлар қажет екенін айтуда.
Осындай жобалардың кәсіпкерлерге де тигізер пайдасы бар. Бірақ бүгінде жергілікті жас ғалымдардың жобаларын жүзеге асыруда мүмкіндік болмай отыр. Өйткені кәсіпкерлердің қолдауы мен қаражат қажет. Әулиеата өңіріндегі ірі кәсіпорын «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров өндірісте өмір сүретін идеялардың өте аз екенін айтты. «Бизнес идеялар бар. Бірақ өндірісте патент алу оңай емес. Ол бұрын болмаған нәрсе болуы қажет. Әрине, жас ғалымдарды кәсіпкерлер қолдауы керек. Жастардың кәсіби шығармашылығы осыдан басталады. Мәселен, бізде жұмыс істейтін 6100 адамның 35 пайызы 35 жасқа дейінгі азаматтар. Бізде сары фосфорды тазалау, радиоактивті заттарды қолдану сияқты жобаларды ұсынған 3-4 адамға кәсіпорын атынан жылына 5 миллион теңгеден беріледі. Өздері бірге жұмыс істейді. Бірақ өміршең идеялар өте аз. Ондай идеяның көбі ұжымдық еңбекпен келеді», дейді ол.
Ал Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шәкербектің айтуынша, бүгінде палатаның сүйемелдеуінде құны 2,3 миллиард теңгенің 615 жобасы бар екен. Бұл да төмен көрсеткіш емес. Сонымен қатар өңірде өткен жылы жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Жас ғалым – 2018», «Made in Taraz», Жамбыл облысы жастарының үздік инновациялық, ғылыми және бизнес startup жобаларына облыс әкімінің сыйақысы жарияланған болатын. Ендігі кезекте ғылым мен кәсіпкерлік бір арнада тоғысып, жас ғалымдардың жобалары қолдау тауып жатса, кәсіпкерліктің көсегесі көгере беретіні анық.
Хамит ЕСАМАН,
«Egemen Qazaqstan»
Жамбыл облысы