Қазір полицейлер арасында әйелдер аз емес. Олар теориялық білім алғанмен, физикалық жағынан да шыныққан шымыр болмаса, қиын мамандықтың талаптары үдесінен шыға алмасы анық. Жақында Қостанайда ІІМ Оқу орталығы базасында өткен оқу-жаттығу жиынында аға лейтенант Карина Базарбаева 27 әйел-полицейлердің арасынан мергендігімен оқ бойы алға шықты.
Карина Қостанай қаласындағы ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы академиясын бітірді. Ол мергендікке осы білім ордасында жаттықты. Оқуды бітіргенен кейін бірнеше жыл Ақмола облысындағы Степногорск қаласында қызмет етті. Онда әйелдер арасында мергендіктен алдына жан салған жоқ. Ол Қостанай қаласына қайтып келіп, жасөспірімдер ісі жөніндегі инспектор болып жұмысын жалғастырды. Қазір Карина жақсы жар, ана, Қостанай қалалық полициясының жауапты қызметкері.
«Біз, әйелдер,полицей болған соң теориялық білім жеткіліксіз, физикалық жағынан да дайын болуымыз керек. Сондықтан қару пайдалануды өте ұқыптылықпен, ептілікпен меңгеруіміз керек» дейді Карина.
«Қазір әйелдер меңгермеген мамандық жоқ шығар, сірә. Соның арасында ер адамдарға тән мамандықтарды таңдаған әйелдер де аз емес. Әйел-полицейлер өздерінің ықыластылығымен, шыдамдылығымен, төзімділігімен ерекшеленеді. Жауынгерлік қаруды, жекпе-жек әдістерін пайдалана білуден, психологиялық және физикалық дайындықтан санаттары бойынша халқымыз айтқандай, әйелдердің «нәзік, нашар бала» екенін ұмытып кеткендей боламыз.Ерлермен қатар олар нағыз кәсіби сақшы екенін күнделікті қызметте көрсетіп жүр» дейді облыстық Полиция департаменті Арнайы дайындық басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ерлан Мусин.
Әрине, бұл бағыттағы жұмыс осылай жалғаса беретін болады.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай