Әдебиеттанушы, академик Қажым Жұмалиевтің туғанына 110 жыл толды. Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің педагогика факультеті Орал қаласында «Қажым оқулары - 1: Әлем мәдениеті контексіндегі білім жүйесінде жалпыадамгершілік құндылықтарды қалыптастыру мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Қажым Жұмалыұлының ұстаздық жолы 1932 жылдан бастау алады. 1930 жылдың басына дейін Кеңес өкіметі түрлі желеумен орта мектептерде қазақ әдебиетін жеке пән ретінде оқытқан жоқ. Мұны бүгін біреу білсе, біреу білмейді. Өз жерінде өгейлік көрген қазақ әдебиеті қоғамтану пәнінің құрамында ғана оқытылып келді. Арнайы бағдарламасы дайындалмаған қазақ әдебиетін жеке пән дәрежесіне көтеруде Қажекеңнің еңбегі ұшан-теңіз.
Бұл туралы шәкірті, академик Серік Қирабаев: «Қажым педагог, ұстаз еді. Өмірінің отыз бес жылын оқытушылық қызметпен өткізді. Қажым шәкірттерінің қатарына оның дәрісін тыңдаған жастарды ғана емес, осы отыз бес жыл ішінде қазақ мектептерінде оқып, қазақ әдебиетінен дәріс алған шәкірттердің бәрін де қосар едім. Олардың бәрі әдеби білімді алғаш Қажым оқулығы арқылы алды, Қажым оқулығы негізінде орта мектепте қазақ әдебиетін пән ретінде жүргізу ісі жолға қойылды. Қажым Жұмалиев республикада әдебиет кадрларын даярлауда өлшеусіз мол еңбек сіңірді. Қажым Жұмалиевтің жетекшілігімен 32 адам ғылым кандидаты, 8 адам ғылым докторы дәрежесін алды. Сонымен қатар ол ғылым докторлары аз көрші республикаларда, Орталық Азия әдебиетшілерінен докторлар даярлау ісіне зор қолғабыс етті. Өзбек, қырғыз, қарақалпақ, башқұрт әдебиетшілерінің бір қатары-ақ (Н.Сағитов, Н.Жапақов, Қ.Рсалиев, А.Харисов, т.б.) бұл жағынан Қажымға қарыздар» деген болатын.
Қызметін Батыс Қазақстан облысында бастаған Қажым Жұмалиев өңіріміздегі білім мен ғылымның, әдеби-мәдени ортаның қалыптасуына тікелей мұрындық болған тұлға. Ол Орал педагогикалық институтында сабақ бере жүріп, батыс аймағындағы ақын-жазушылардың басын біріктірді. Қасым Аманжолов, Хамит Ерғалиев, Абдолла Жұмағалиев, Жәрдем Тілеков, т.б. сынды жастарды жинап, шығармашылық орта қалыптастырған Оралдағы жазушылар филиалының тұңғыш төрағасы.
Бұл туралы өмірбаянда:
«...Алғаш облыстық жазушылар ұйымының бастығы жұмысын атқарып, облыс көлемінде әдебиет жұмыстарын ұйымдастыру, кадр даярлау тәрізді әртүрлі жұмыстар жүргізуге басшылық еттім. Ол жылдардағы Орал облысындағы жүргізген әдеби істеріміз нәтижелі болды деуге аузым бара алады. Өйткені кейін қазақтың белгілі ақын-жазушылары қатарына іліккен: Қасым Аманжолов, Жәрдем Тілеков, Сағынғали Сейтов, Хамит Ерғалиев, Абдолла Жұмағалиев, Қуан Тастайбеков, т.б. ақын-жазушылар сол Оралда тәрбиеленді» деген жазба қажымтануда ғана емес, Батыс Қазақстан облысында жазушылар ұйымының негізін салушы кім деген сұрақта да тың тарихи мәлімет екені даусыз.
Қазақ әдебиеттану ғылымында ХVІІІ-ХІХ ғасырлардың білгірі, махамбеттанушы ғалым деп мойындалған Қ.Жұмалиев Махамбет өлеңдерін ел ішінен аралап жүріп жинап, текстологиялық қалыпқа түсіріп, ақынның құпия болып келген мәңгілік мекенін ақсақалдар көмегімен тауып, басына құлпытас орнатқан рухани шырақшысы. Сондай-ақ Махамбеттің бейнесін көнекөз саңлақтардың айтуымен «Айқас» повесінде алғаш сомдаған ғалым-жазушы. Дауылпаз ақынның өмірі мен өлеңдерін сөз еткенде Қ.Жұмалиевтің зерттеулері махамбеттанудың темірқазығы болуы керек. Өкініштісі, Қажым мектебі арқылы бас-аяғы бүтінделген Махамбет өлеңдері соңғы кезде текстологиялық жағынан өзгеріске ұшырап жүр. Бұл, әрине, өз алдына бөлек әңгіме.
Қазақ халқының бар болмысы, рухани әлемі, дүниетанымы, ұлттық коды әдебиетінде жатыр дейтін болсақ, сол асыл мұраны қазақ әдебиеттану ғылымында тұңғыш зерттеп, 1941 жылы «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті тарихы» тақырыбында кандидаттық диссертация, 1946 жылы «Абайға дейінгі қазақ поэзиясы және Абай поэзиясының тілі» тақырыбында тұңғыш докторлық диссертация қорғаған көшбасшы ғалым, көрнекті қоғам қайраткері, зергер жазушы, академик Қ.Жұмалиевтің есімі мен еңбегін мерейтойлар тұсында ғана аталмау қажет. Оның ғылым жолында көрсеткен бағыт-бағдары аясын кеңейту, дәстүр сабақтастығын жалғастыру мақсатында ашылған «Қ.Жұмалиев атындағы ғылыми зерттеу және қосымша білім беру» орталығы Орал өңірі жастарын интеллектуалды тұлға болып қалыптасуына септігі тиері сөзсіз.
Саналы ғұмырын қазақ ғылымының өркендеуіне арнаған академик Қ.Жұмалиевтің өмірі мен шығармашылығын тану, насихаттау Батыс Қазақстан облысында соңғы уақытта жаңа бір мазмұнға ие болды. Ғалымның әр жылдары жазылған еңбектері тұңғыш рет 2010 жылы «Ақ Жайық қаламгерлері кітапханасы» сериясымен 7 том етіп шығарылды. 2012 жылы «Қ.Жұмалиев – эпостық жанрдың түрлерін зерттеуші» атты монография жарияланды. 2015 жылы «Қазақстан-Орал» телеарнасының «Тарих толқынында» хабары негізінде «Қажымтану» пәні бойынша электронды дәрістер қоры жинақталды. 2017 жылы «Академик Қ.Жұмалиев архивінен» атты оқу құралы баспадан шықты.
Қажым Жұмалиев шығармашылығын зерттеу нәтижесі ғалымның жеке архивінде кеңестік идеология жариялауға мүмкіндік бермеген мол материал сақталғанын көрсетіп отыр. Бұл материалдар қазақ әдебиетінің байлығын еселей түсері анық. Тозығы жеткен қолжазбалар жойылып кетудің алдында тұр. Әрі мұндағы деректердің басым бөлігі қазақ әдебиетіндегі ақтаңдақтарды тануға мүмкіндік беретін сирек жәдігерлер. Көлемі бірнеше томға жүк болғандай.
Архив материалдары кітапша етіп тігіліп, реттік санмен белгіленген. Кітапшалардың беттері түгел емес, мұның салқынын сарғайған беттердегі «Изъято у меня 1953 год» деген жазулардан аңғаруға болады. Ызғарлы жылдары жазықсыз 25 жылға сотталып, кейін мерзімінен бұрын шыққанымен Қажекең тәркіленген материалдарды кесірі тиер деп жойып та жібермеген, жариялай да алмаған. Біздің мақсатымыз ғалымның аманатына айналған көл-көсір архив материалын елдің рухани қазынасына айналдыру. Қажым Жұмалиевтің архиві білген жанға ғалымның аманаты. Аманатқа адалдық – арлы адамның ісі.
Азамат МАМЫРОВ,
Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті
Орал