Мәжілісте өткен Үкімет сағатында мемлекеттік жастар саясатын іске асыру барысы талқыланды.
Отырысты ашқан палата Төрағасының орынбасары Г.Исимбаева мемлекеттік жастар саясаты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатындағы басым бағыт екенін атап өтіп, биылғы жылдың Жастар жылы болып жариялануының маңыздылығына тоқталып, жастар арасындағы өзекті мәселелерді көтерді. Сондай-ақ Мәжіліс өткізген «Жастарға инвестиция» халықаралық конференциясында 35 елдің депутаттары Қазақстанның 2019 жылды Жастар жылы деп жариялау туралы шешімін жоғары бағалағанын атап өтті.
– Жастар жылын өткізу жөніндегі Жол картасы бойынша 80-нен астам іс-шара өткізу және оған тұтастай алғанда шамамен 130 миллиард теңге жұмсау болжанып отыр. Жұмыссыздықты азайту мақсатында Жол картасында «Жас маман», «Жас кәсіпкер» бағдарламаларын жүзеге асыру қарастырылған. 100 қажетті мамандық бойынша мамандарды дайындау жоспарлануда. Өйткені қоғамда бір жағынан, мамандар тапшылығы орын алса, екінші жағынан, жұмыс таба алмай жүрген жастар баршылық, – деді Мәжіліс Төрағасының орынбасары.
Міне, сандардың арасындағы сәйкессіздік дәл осы жерден басталады. Мәселен, жастар арасындағы жұмыссыздық, ресми статистикаға сәйкес, бүгінгі күні 82400 адамды құрайды. Ал Электронды еңбек биржасы порталында жұмысқа орналастыру бойынша 34 мыңнан астам бос орын және жұмыс берушілерден 82 мыңнан астам сұраныс орналастырылған. Сондықтан тек цифрларға сүйенсек, бос орындар жұмыссыз жастардан көп...
Үкімет сағатында негізгі баяндама жасаған Қоғамдық даму министрі Дархан Калетаевтың айтуынша, Жастар жылы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмыспен қамту, білімді, волонтерлікті, ғылыми гранттарды дамыту, жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру және жас отбасыларды қолдау, денсаулық және әлеуметтік инклюзив құралдарын дамытуға басымдық беріледі.
– Білім беру саласында «Жас кәсіпкер» бағдарламасы арқылы жылына 100 мыңға жуық жасты оқыту, «Бизнестің жол картасы-2020» шеңберінде жас кәсіпкерлерге қосымша гранттар бөлу, жұмыспен қамтылмаған, оқымайтын және біліктілігін арттыруға бармаған жастардың санын жыл сайын 1 пайызға қысқарту, ірі бизнеспен бірлесіп жастар стартаптарын қолдау қорын құру, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген мамандарға біржолғы жәрдемақы мөлшерін 100 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту және мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілетін мамандықтардың тізімін кеңейту және басқа да тың жобалар бар, – деді Қоғамдық даму министрі.
Д.Калетаевтың айтуына қарағанда, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жұмыс істеп жатқан жастар үшін жыл сайын кемінде мың пәтерлік жалға берілетін үй салынады. Осы мақсатта 2019-2020 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде көзделген қаржыны қайта бөлу көзделген.
Бұл мәселеге байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов: «Шаршы метрі 180 мың теңге, пәтер аумағы 40 шаршы метр болады. Қазіргі кезде үш қаланың әкімдіктерімен жобаны пысықтап жатырмыз», – деді.
Баяндамашы Д.Калетаев бастауын Елбасы тапсырмаларынан алатын әрбір іс-шараның жоспарына тоқтала келе: «Жас буын Жастар жылынан көп үміт күтеді. Сауалнама жүргізу нәтижесіне сәйкес, жастардың 76,6 пайызы өз өмірі мен отбасы жағдайы жақсарады деп үміттенеді. Жастарға, олардың проблемаларына назар аудару бір жылмен ғана шектеліп қалмайды. Біз бұл жылды жастармен белсенді жұмыс жасауға бастау алған жыл деп қарауымыз тиіс, сондай-ақ жақсы іс жасауымыз, келешектегі жұмыстың бағытын қалыптастыруымыз қажет» деп атап өтті.
Дәстүрлі сұрақ-жауаптардан соң, мәселеге байланысты сөз алған депутаттар да жастарды толғандыратын жағдаяттарды барынша қамтып қалуға тырысты.
Атап айтқанда, Геннадий Щиповских жастарды жұмысшы мамандықтарына бейімдеу үшін, алдағы уақытта үлкен жұмыс атқарылуы қажет екендігіне тоқтала келе:
– Атап айтатын болсақ, еліміздің көптеген өңірлерінде ауыл шаруашылығының мамандары, дәнекерлеуші, кран жүргізушілері, құрылысшылар және білікті механиктер қажет. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін мектеп қабырғасындағы бітіруші түлектердің арасында және ата-аналарға түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізу, сонымен қатар өндірістік орындарға апарып көрсету керек, – деді.
Ал депутат Артур Платонов құмар ойындарға, арзан ақша табуға ынталы жастардың қатары көбейіп кеткендігіне алаңдаушылық білдірді.
– Әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында ойынпаздардың саны 300 мыңнан 1 миллионға дейін жететіндігі туралы сұмдық ақпараттар таралуда. Демек, біздің жастардың 30 пайызы құмар ойындардың құрбанына айналып, букмекерлік компаниялардың қаржы айналымы 250 млрд теңгеге жеткен. Бұл – еліміздің жылдық бюджетінің 2,5 пайызы, – деді А.Платонов.
Өз кезегінде депутат Бекболат Тілеухан: «Қазіргі кезде елімізге көршілес мемлекеттерден мигранттар келіп еңбек етуде, ал өзіміздің 300 мың жас жұмыссыз отыр. Олардың көбі ауыл азаматтары. Осыларды жұмыспен қамту мәселесін шешу жолдарын қарастыруды ұсынамын, мысалы, жаңа құрылған Түркістан облысы сияқты жерлерге жұмыссыз жастарды тарту мәселесін қарастыру керек деп ойлаймын», деген пікірін ортаға салды.
Жастар арасындағы қылмыстық ахуалға байланысты депутат Бақытгүл Хаменова: «Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің дерегі бойынша, 2018 жылдың 6 айы ішінде 14-29 жас аралығындағы жастар жасаған 25 286 құқық бұзушылық тіркелді. Нарық қыспағына алған бүгінгі заманда ата-аналардың дені жұмысбастылықты желеу етеді. Бірақ, үш таған – ата-ана, ұстаз, оқушы бірлесіп жүйелі жұмысты жолға қою қажет. Ұлт ертеңі – қыздар тәрбиесіне тәрбиелік мәнді көбейтсек, рух ертеңі – ұлдарға айрықша көңіл бөлінуі керек. Сайып келгенде, елдің ертеңі, ұлттың қалқаны – тәрбиелі қыз бен рухты ұл болмақ», деген тұжырымын айтты. Үкімет сағатының қорытындысы бойынша арнайы ұсынымдар әзірленеді.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»