Қала билігі тұрғын үй мәселесін шешу үшін пәрменді шараларды қолданады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қалалық құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Руслан Ахметов әкімдік отырысында «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру барысы туралы айтты. Руслан Ахметовтың хабарлауынша, Астанада аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында басқарма білім беру, тұрғын үй құрылысы және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту саласындағы инвестжобаларды жүзеге асырды.
«Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2015-2017 жылдар аралығында Ұлттық қордан нысаналы трансферттер есебінен инвестициялық жобаларды салуға 9 млрд теңге, оның ішінде тұрғын үй құрылысына 634 млн теңге (қосымша қаржыландыру), білім беру саласына 3,5 млрд теңге, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 4,8 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аяқталды», – деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар, қаланы дамытудың кешенді жоспарына сәйкес «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру аясында тұрғын үйлердің құрылысы жалғастырылмақ. Осы мақсаттарға есепті кезеңде 34 млрд теңге көлемінде мемлекеттік инвестиция бағытталды. Ағымдағы жылы 1 261 пәтерге арналған жалпы ауданы 90,8 мың шаршы метр жалға берілетін тұрғын үй құрылысы жалғастырылды, 2019 жылы аумағы 59,1 мың шаршы метр болатын 731 пәтер пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, ағымдағы жылы жоспарлы көрсеткіштерге сәйкес жалпы ауданы 15,5 мың шаршы метр 188 пәтерлік тұрғын үй құрылысын бастау жоспарланған.
«Кредиттік тұрғын үй құрылысы» бағыты бойынша «Бәйтерек Девелопмент» АҚ-нан қаражатты қарызға алу бойынша әкімдік облигацияларын шығару арқылы тұрғын үй құрылысы жүзеге асырылуда. Осы бағыт бойынша бағдарламаны іске асыру басталғаннан бері бүгінгі таңда жалпы ауданы 103 мың шаршы метр болатын 1 351 пәтер пайдалануға берілді.
«Ағымдағы жылдың бекітілген жоспарларына сәйкес осы бағыт бойынша біз 1 575 пәтерлік 138,4 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысын жалғастырдық. Ағымдағы жылдың соңына дейін 653 пәтерлік 57,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі», – деп атап өтті Р. Ахметов.
Ағымдағы жылы жеткізілген лимиттер шеңберінде жалпы ауданы 32,1 мың шаршы метрді құрайтын 392 пәтерлі несиелік тұрғын үй құрылысы басталады. Сонымен қатар, 10,6 га жер учаскелері бойынша бағдарламаны одан әрі іске асыру мақсатында жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалпы көлемі 120 мың шаршы метр болатын 1 688 пәтерлік бес көппәтерлі тұрғын үй кешенін жобалау басталды.
«Тұрғын үй құрылысының қарқынын сақтау үшін біз мемлекеттік инвестиция есебінен бағдарлама аясында жүзеге асырылатын тұрғын үй құрылысы аудандарын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етеміз», – деп атап өтті қалалық құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы.