Ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға қолдау көрсету қоғамға ортақ парыз. Алматы қаласының Мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен «Жанұя» және Алматы облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналып қайырымдылық шара ұйымдастырылды.
Ерекше қамқорлықты қажет ететін балдырғандар Алатау баурайында сырғанақ теуіп, түрлі сыйлықтарға кенелді. Қайырымдылық іске Kinder брендімен Ferrero өнімдерін шығаратын италиялық компания және «Аксай Айс Арена» компаниясы қолдау танытқан. «Балалардың жүзінен қуаныш көруден асқан бақыт жоқ. Аязды күндері жанға жылылық сыйлап қайырымды іспен айналысқан қандай жақсы», – дейді ұйымдастырушылар.
Балдырғандармен бірге көптеген блогер мұз айдынына келіп, балалықтың дәмін қайта сезінді. Бұған қоса әр балаға ойлау қабілетін дамытатын Kinder ойыншықтары үлестірілді. Компания өкілдері мұндағы басты мақсат қайырымдылық акциясын басқаларға үлгі ету екенін айтады.
Басқарма мамандары мен демеушілер алдағы уақытты мұндай бірлескен қайырымдылық шараларын дәстүрге айналдыратындарын жеткізді.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ