Қызылорда әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінде Елбасының төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесі отырысында көтерілген өзекті мәселелер талқыланды.
Мемлекет Басшысы 2019-2022 жылдарға арналған Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары әзірлеуді тапсырған болатын
– Бұл бізден үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жоспарлы жұмысты атқаруға республикалық бюджеттен қаржы сұралады. Сондықтан, аймақ үшін маңызды мәселелер кешенді жоспарға енгізілуі тиіс, – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.
Кешенді жоспарды әзірлеуге облыстық жұмысшы тобы құрылды. Оның алғашқы жобасын қалыптастыру үшін ұсыныстар жинақталып жатыр.
– Қаржылық түйткілі шешілмеген жобалар да кешенді жоспарда қосымша көрініс табуы қажет. Олар – кәсіпкерлікті дамыту, жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, спорт, көлік, инфрақұрылым, туризм, өнеркәсіп, экология, табиғатты пайдалану, қоғамдық тәртіп және азаматтық қорғау салалары, – деді облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов.
Биыл облыста барлық деңгейдегі әкімдер халық алдында есеп берген болатын. Облыс әкімі халықты мазалаған барлық сұрақтар ескерусіз қалмау жағын айтты.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Egemen Qazaqstan»
Қызылорда облысы