Еліміздегі ең алып мегаполис саналатын Алматының аумағы жыл сайын артып келеді. Тұрғындар саны да еселеп өсуде. Бұл туралы қала жұртшылығымен жүздескен шаһар басшысы айтты.
Бауыржан Байбектің айтуына қарағанда, алматы халқы жылына 50 мың адамға көбейіп келеді. Халықтың әлеуметтік әлеуетін арттыру мен жұмыспен қамту мәселесін оңтайлы шешу мәселесі басты назарда болуға тиіс.
«Қаладағы өмір сүру сапасының жоғарылығы жұртшылықты осында көшіп келуге ынталандырады. Бұл қарқынмен 15 жылда Алматы халқы 3 миллионнан асуы ықтимал. Бізге экономиканы қайта құрылымдау керек. 700 мың жаңа жұмыс орны қажет. Көптеген сауда желілері өз қызметтерін автоматтандырып жатыр. Адамдардың көпшілігі жұмыс тапшылығына душар болады. Олар сонда қайда барады? Оларды оқыту жайын ойлану қажет», – дейді әкім.
Тұрғындармен кезекті есептік кездесу барысында баса айтылған тағы бір мәселе – қала экологиясының ластануы. Соңғы жылдары мегаполистегі көліктерді азайту мақсатындағы шаралардың қолға алынғанына қарамастан, көлік саны азаяр емес. Бұл күннен-күнге ауаның ластануына әкеліп отыр.
Ауа ластануының 70 пайызы көліктерден бөлінетін улы газдардың себебінен екені айтылды.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ