Өмір дейтін Алланың жұмырбас пендеге тарту еткен қазыналы кеңістігінде кездескен, талай-талай тағдырлы оқиғалар тұсында бірге болған, уақыт шіркіннің ұсынған тұз-дәмін бірге жүріп бөліскен жандардың – алуан мінезді адамдардың бәрі бірдей есіңде қала бермейді. Жылдарды елекке салып, өткен өмір үзіктерін қиялда қайта жалғап, бірінің түсін, бірінің атын, бірінің мінезін, қысқасы әлгі жады төрін жаңғыртқан адамдардың мінез-қалыбын қанша ой-таразыға салғаныңмен, бәрі бірдей есіңде қалмағанын іштей аңғарасың...
Ержұман Смайыл – мен үшін өзінің ешкімге ұқсай бермейтін өзгеше бітімімен, бұлталағы жоқ ермінезді қалыбымен, көзі жетсе, айтқанынан қайтпайтын беріктігімен, тура сөйлеп, тік жүрер азаматтығымен, ұлтты, ұлттық құндылықтарды қызғыштай қоритын ұстанымымен есімде жүретін сондай сиректердің бірі, бірегейі. Мен үшін ол – өз кәсібіне шаң қондырмай, қазақ журналистикасы дейтін тарихы терең, тағылымы мол айдында өз бейнесін өзінің өзгеше қолтаңбасымен сомдай жүріп, ұлт көсемсөзінің екі ғасыр тоғысындағы ауыр жүгін әрі қаламгер, әрі ұйымдастырушы, әрі тәлімгер ретінде қайыспай көтерген тұғырлы тұлғалардың бірі.
Мен Ержұманды өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бастап білдім. «Лениншіл жас», ара-тұра «Социалистік Қазақстан» секілді республикалық басылым беттерінде ойлы толғаныстары, қанатты мақалалары арқылы таныдым. Осы ойымды бір жолы Сейдахмет Бердіқұлов ағамызға айтқанда, «жақсы сөз – жарым ырыс» дегенді өмірінің ұстанымы санайтын ұстаз-тұлғаның ақ жарылып қуанғаны есімде. «Дұрыс байқағансың. Ержұманның мінезі доғал болғанымен, сөзі орамды, мінезі тура болғанымен, жаны жұмсақ. Ең бастысы – адал! Ақжүрек! Төле би атаңның аузынан шыққан «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген сөз осындай қасқа маңдайлар туралы айтылған», деп жылы жымиған еді...
Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының қойын-қолтығында қалып бара жатқан осынау ой үзіктері мен өмір үзіктерін қайыра сүзгіден өткізіп отырып, жадым жаңғырып, жайдары сезім мен жаймашуақ ойдың қорығына кіргендей күйге түстім. Ержұманды еске алып отырып, әдебиет пен журналистика босағасын бірге аттаған құрбы-құрдастар, Алматы түнін әнмен тербетіп, Алатау бөктерін қуаныш пен шаттыққа бөлеген кездер еске түсті. Өмірде «сөз» дейтін өнерден биік, «сөз» дейтін кәсіптен асқақ дүние бар-ау, деп ойламайтын, армандары мен аяулы сезімдерін ақ қағаз бетіне айдынға бауыр басқан аққудай етіп жарыса қондыруға ұмтылған алпысыншы, жетпісінші, сексенінші жылдардың түлектері қаз-қатар тізіліп көз алдымнан өте бастады...
Өтіп бара жатқан дүние-ай!..
Шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтін сыланған сәйгүліктер! Жампоз жүйріктер! Бірінің жалын бірі жұлқылап, бірінің омырауын бірі тістелеп, қазақ жерінің төрт қиырынан келіп, Алматы төрінде табысқандар! Жасына, жолына қарап, әрі-беріден соң бес жыл бірге оқып жүріп, біріне-бірі әбден бауыр басып, «курстас» атанып кеткен үйір-үйір таланттар! Қазақ көркемсөзі мен көсемсөзінің туын ұстап, тұғырын көтеруге ұмтылғандар! Алматы таныстырып, тағдыр табыстырған осындай қазақ журналистикасына олжа салған өрісі кең, өркенді жігіттердің бір тобы – «ақырын жүріп, анық басып», бірін-бірі жетектесе жүріп, өмірде де, қоғамда да өз орындарын адаспай тапқан осы Ержұман Смайыл, Ербол Шаймерденов, Құдайберген Тұрсын, Қуаныш Жиенбай, Сүлеймен Мәмет, т.т. талантты жігіттердің үркердей шоғыры.
Бұл жігіттердің арасынан бірінші танысқаным – Ербол. «Қазақстан пионері» газетінде қызмет етіп жүрген кезім. Жан-жақтан ағылып хаттар келеді. Алғашқы редакторым – Сейдахмет Бердіқұлов: «Жігіттер, талантты тану үшін, әуелі табу керек! Табудың жолы – хат. Атүсті қарамай, әрбір хаттың ар жағында баланың тілі, сөзі, ойы, көзқарасы, тағдыры тұрғанын ұмытпаңдар!» деп шегелеп отыратын. Кейін осындай ұстанымды екінші редакторым – Фариза Оңғарсыновадан да анық аңғардым. Шамамның жеткенінше, хаттарды өз сүзгімнен өткізіп, талдауға, іріктеуге тырысамын. Іріктеуден өткен материалдарды, әзірлеп басшының алдына апарамын. Сондай сұрыптау сынынан өткен екі сәт есіме түсіп отыр. Екеуі де Фариза апайдың тұсында. Біріншісі – «Қазақстан пионері» газетінің бірінші бетіне «Оқуға келді жас тілші» деген үлкен айдармен (суреттерімен қоса жарияланған) мектеп бітірген бір топ қыздар мен жігіттер (Ғабиден Құлахметов (марқұм), Алпысбай Шымырбаев (марқұм), Ұлықбек Есдәулетов, Алма Үмбет, Гүлсім Мұқышева). Екіншісі – Солтүстік Қазақстаннан келген Ербол Шаймерденов есімді жас ақынның бір топ өлеңіне сәт сапар жазып, жеке бастырғаным. Арада аттай арқырап қырық сегіз жыл өтсе де сол жетпісінші жылдардың басында жарияланған әлгі сәт сапарлар менің жадымнан әлі күнге кетпейді. Оны олар да ұмытпайды... Әсіресе Ғабиден мен Ербол інілерім көрген сайын «Нұр-ағаң, бізге сәт сапар беріп еді» деп аға тұтып, құшақтарын жаятын еді...
Сондай сәтте... Ержұман Смайыл маған жасы жағынан өкшелестігін пайдаланып: «Бізге, Сүкең екеумізге берген жоқ... Нұрекеңнің ықыласы ауса, тек ақындарға ғана ауған болуы керек», деп шорт кететін. Қалжыңының түрі.
Иә...
Ержұман Смайылмен жыға танысуым, жалыны мол жас кезде емес, қырықтың ішін аралап, ес тоқтатқан шақта – «Егемен Қазақстан» газетінде бас редактор болып қызмет еткен жылдарда болды. Дәлірек айтқанда, 1993 жылдың қаңтары мен 1996 жылдың шілдесі аралығында.
Мен «Егемен Қазақстан» газетіне бас редактор болып тағайындалғанда Ержұман кезекті еңбек демалысында жүр екен. Ұлт тарихында рухани көшбасшылық орны айрықша бас басылым болғасын толқып аттап, өзіме дейінгі ұжым басшысы болған ардақты ағамыз Әбіш Кекілбаевтан қызметті өткізіп алдым. Алматының қақ төріндегі редакция орналасқан биік ғимараттың төртінші қабаты. Ел Президентінің ұйғарымымен тәуелсіздік дәуірінің тыныс-тіршілігін жан-жақты ашып, жаңа заман талаптарына сай жұмыс жүргізу үшін келген жаңа басшының кең кабинеті.
Үкімет басшылары Сергей Терещенко мен Қуаныш Сұлтанов кезек-кезек сөйлеп, мені ұжымға таныстырды. Құттықтаушылар көп. Көңіл алаң. Шаруа шаш-етектен... Қанша білемін дегенмен, қызмет бабында тоқайласа қоймаған адамдар... Аттарынан ат үркетін ақсақалдар, кеше ғана осы басылым тізгінін ұстаған Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза секілді алаш таныған ағаларым. Қалтай Мұхамеджанов, Камал Смайылов секілді қазақ көркемсөзі мен көсемсөзінің марқасқалары топтасып келіп, бата-тілектерін айтты.
Сонымен... Жаңа қызметке кірісіп, алғашқы нөмірге қол қойған мен үшін тарихи күн (1993 жылдың 23 қаңтары) артта қалды. Бас редактор бөлмесінде отырғаныма екінші күн. Орынбасарым – Мыңбай Ілес, жауапты хатшы – Жанат Елшібек үшеуміз келесі санға баратын материалдарды пысықтадық. Тапсырмалар берілді. Келіп-кетушілер үзілер емес. Телефонда да тыным жоқ.
Осындай толқу-сүреңі мол екінші күн еңсеріле бере, есік ашып, ішке демалыста жүрген бас редактордың бірінші орынбасары Ержұман Смайыл кірді. Қол алып, амандасты. Алғашқы сөзі: «Қызмет құтты болсын, Нұреке!» «Рахмет!» Екінші сөзі: «Мен осы газеттің қызметкері Ержұман Смайылмын ғой» болды. Мен: «Осы газеттің бас редакторының бірінші орынбасары Ержұман Смайыл!» деп түзеттім. Үшінші сөзі: «Демалыста жүр едім. Әдейі құтты болсын айтайын, деп келдім» деп жылы жымиды. «Иә, демалыс қалай? Қайдасың?» «Жаман емес. Үйдемін» деді. Төртінші сөзі: «Нұреке, тура айтты деп сөкпеңіз. Менің орныма ұйғарған адамыңыз болса... Кабинетті босатайын. Өкпе жоқ...» деген үш сөйлемнен тұратын қысқа қайырым. Мен де кесіп айттым: «Адамым жоқ! Кабинетті босатуға асықпа!» дедім. Бесінші айтқаны: «Ендеше... Міндетіме кірісуге рұқсат беріңіз!» деген сөзі... Еңбек демалысын үзіп, Ержұман қызметке қайта кірісті. «Демалысыңды аяқтап бір-ақ шық» деген сөзіме тағы да: «Нұреке, мен үшін демалыстың үлкені – жұмыс. Газет шығару», деді.
Ержұман Смайыл үшін шынында да мына базары мен назары қалың өмірде газеттен, газет болғанда «Егеменнен» артық қуаныш, қызық жоқтай еді. Ол таңның атысы, күннің батысы редакциядан шықпайтын. Қашан көрсең, үстелінің үстінде үйіліп қолжазба жататын. Әлгі қолжазбалар Ержұман дейтін қатал сыншының сүзгісін көп күтіп сарғаймайтын. Бірінен соң бірін оқып, конвейерге түскен «өнім» секілді өз жолымен кетіп отыратын. Тапсырмасы да анық. Өзіне тиесілі міндеттерді де бұлжытпай орындайтын. Тапсырма орындауға қалай жүйрік болса, өзі берген тапсырмаларын қадағалауға келгенде, «қаталдығынан» жазбайтын. Ол мінезін қызметтес әріптестері де, авторлар да жақсы білетін. Ұнаған материалын газетке шығарғанша асығатын. Ұнамағанын кім болса да бет-жүзіне қарамай, тура айтып, қайтарып отыратын. Жөн білгендер үндемей кетіп, жөнге тоқтағысы келмегендер «айқайласып» жататын. Бір қызығы, бас редактордың бірінші орынбасары сөзді қысқа қайырып, әлгі даукес авторларға «әңгіме тәмам» дегендей, үндемей өз жұмысымен айналысуға кірісетін. Тіпті болмағанда «Менің басқа айтарым жоқ. Кедергі жасамаңыз» деп, ашық тұрған есікті саусағымен нұсқайтын. Бұл – газет үшін жанын беріп, жүрегін арнаған осы жолда өзін де, өзгені де аямаған, Абай тілімен айтқанда, «жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуді» мін көрмеген, үндемей жүріп, үлкен шаруа атқаруға қалыптасқан адамның кәсіби ұстанымы, дағдысы болатын.
Жасыратыны жоқ, Ержұман екеуміз қатар қызмет етіп, «Егемен» дейтін ұлттың бас басылымына жетекшілік жасаған жылдар ел тірлігі ауырлап, бір формация екінші бір формацияға ығысып орын беруі қиындап тұрған күрделі кезең еді. Өтпелі дәуір! Атынан-ақ белгілі... Өзекті жалаған жалыны мол! Азаттық дейтін асау ат бас бермей, қоғам әрі-сәрі күй кешіп, нарықтың аяқ-қолды буып тұрған кезі. Демократия дейтін ұғымды желеу етіп, Қазақстанға сұғын қадаған сыртқы күштердің әлекедей жаланған екпіні қатты. Тәуелсіздіктің түпсіз, терең долы мұхиттың тау-тау толқындарымен алысқан кеменің күйін кешкендей бір аухал?!. Билік тізгінін бергісі келмей аласұрған бұрынғы Орталық пен әр алуан мүдделерді мақсат етіп, бір сәт «тізгіні босады-ау» деген оймен ішке лап берген қилы-қилы идеологиялық ағымдардың қызу айқасып жатқан, көзге көріне бермес «мылтықсыз» майданы!.
Өмір-тіршілігі ел қатарлы нарық қыспағына түскен бас басылым үшін бұл «майдан» оңайға түспеді. Тұрмыс қиындығы бір жағынан, қолына қалам ұстаған әріптестердің замана мінезін тани алмай, әрі-сәрі күй кешуі екінші жағынан кедергі тудырып жатты. Осындай объективті, субъективті факторлар қалыптастырып отырған өтпелі дәуір қиындықтарын игеруде ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолұшын беріп, көрсеткен көмегі ұшан-теңіз болды. Елбасы «Егемен Қазақстан» газетін тікелей өз қамқорлығына алып, проблемалардың үлкенін де, кішісін де шешіп отырды. Соның нәтижесінде қысқа мерзім ішінде бас басылымға қанат бітірген идеологиялық, әлеуметтік біраз игі шаралар жүзеге асты...
Ержұман Смайыл сол шаралардың орындалуында «күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей» жүріп, қызу еңбек етті. Қай кезде де, қандай күрделі, қиын тұстарда да бас редактордың қамшылар жағынан табылып, редакцияның ішкі тәртібі мен ұйымдастыру жұмыстарын жолға қоя білді. Ол нарық философиясының әлемдік үлгілерін жан-жақты жүргізуіне күш салып отырды. Реті келгенде айту парыз. Сол тұста менің қасымда болған орынбасарларым – Мыңбай Ілес, Нұртөре Жүсіп, Ербол Шаймерден, жауапты хатшы – Жанат Елшібек секілді талантты, тәжірибелі әріптестерім де «Егеменнің» дәуірмен бетпе-бет келген кездегі қиындықтарын еңсеруде аз тер төккен жоқ. Ержұман осы топтың ауыр жүкті жұмыла көтеруіне себепкер бола білді...
Мақаланың бас жағында «үндемей жүріп үлкен жүк көтеру, үлкен шаруалар атқару» деген ойды айтқанда, Ержұман бойынан байқалған басты қасиеттердің бірі осы – ұйымдастырушылық қабілеті болатын.
Мен байқаған азамат бойындағы екінші бір қасиеті – өз кәсібі мен кәсіптестеріне деген адалдығы.
Ол жақсыға балаша сеніп, ағаларының алдын кеспейтін.
«Нұреке, жақсы-жаман біраз өмір сүрдім. Әлі де бұйырса, көрерміз... Байқап отырсам, аттылы қазақтың көбі атынан түсіп, сәлем беретін ағалардың алдын көріппін. Соңына еріппін. Солардың біреуі туралы бөтен сөз айтпаймын. Айтқым келмейді. Шамам келсе, басқаларға да айтқыздырмаспын... Олар кім дейсіз ғой? Сапар Байжанов, Балғабек Қыдырбекұлы, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Әбіш Кекілбаев... Бәрі қазақтың қасқа маңдай ұлдары...» дейтін анда-санда сырын там-тұмдап, сыртқа шығарып.
Ағалар дегеннен шығады...
«Егеменнің» көлігі көбейіп, тұрмысы оңалып, беті де қалыңдап, тиражы молая бастады» деген ұзынқұлақтың сөзі ел ішін, әуелі журналистер қауымын аралады. «Ел» дейтін қосымша шығарып, «Егемен» дейтін компания ашыпты...»
Осындай күндердің бірінде мен Ержұманды шақырып:
– Ереке, бізден зейнетке шыққан ақсақалдардың тізімін түгендейікші, – дедім. – Түгендейік... – Не үшін деп сұрамадың ғой?!. – Қайдан білейін?.. Бір ойыңыз бар шығар... – Бар... Саны қанша? – Отыздың үстінде... – Әрқайсысына 1000 теңгеден стипендия тағайындасақ... Коммерциялық счеттен... – дедім.
Әншейінде қабағы сирек ашылатын Ержұманның көзі нұрланып, жүзінен қуанғандықтың нышаны анық көрінді. – Рас айтасыз ба? – Тезірек тізім жаса. Бұйрық әзірле! – дедім. – Болады... – Ержұман орнынан тұрып, қуана қолымды қысты.
Сол күні Балғабек аға, Хайдар аға бастаған бір топ ақсақал-қаламгерлерге «орамал тон болмайды, жол болады» деген кәделі ырыммен стипендия тағайындадық. Бұл ұсынысты редколлегия мүшелері де қызу қолдады. Сөйтіп... Жарнама есебінен қоржыны қалыңдаған қор қаражатын (жоғары-төменнен келген тергеу-тексерулерге қарамай) редакцияның әлеуметтік-тұрмыстық, өндірістік жағдайын реттеуге жұмсау басталды...
Ағалар дегеннен шығады...
1996 жыл. Көктем. Шерхан Мұртаза ағамыз, Жоғарғы Кеңес тарап, қызметсіз жүріп қалды. Мәрия жеңгеміз сырқаттанып жатты... Ағаның салқын қабағы арқамызды аяздай қарыды... «Не істеу керек?» Осы бір қиын сұраққа жауап іздедік. «Егеменді» Егемен еткен елағасы ғой!.. Ержұманды шақырып, ой бөлісіп, жағдайды айттым. Ол тоң-торыс, үнсіз. Әлденеуақ:
– Біз не істей аламыз? – деді ауырлау күрсініп: – Жоғары жақтың бір ойлағаны бар шығар?.. – Қызметке алайық. – Қайда? – «Егеменге!.».
Ержұман ебедейсіздеу қозғалып, жылы жымиды: – Шынымен шақырамыз ба? – Сөйлесіп көрейік... Көнсе... Кеңесші деген міндетке алайық... Бізге ағаның атағы мен абыройы керек. Бөлме бөліп, телефон тартайық. Келу, кету... Жүріп-тұру – еркінде! Шерағаңды төрт керегеге қамағанымыз жараспас... – дедім.
Сондағы Ержұман бауырымның балаша қуанғаны, жүгіріп жүріп кабинет ішін әзірлегені есімнен кетпейді.
«Егеменнің» үлкен-кішісі тегіс қобырай қозғалып, өзінің іргелі төріне қайта оралған алаштұлғалы азаматы үшін – елағасы үшін ризалығын білдіріп жатты.
Иә...
Ержұман Смайыл қанағаты қасында, тәубесі тілінде жүретін көпшіл, қоғамшыл, досқа адал, ағайынын естен шығармайтын нартұлғалы азамат еді. Бұл қасиеттері оны әріптестерінің алдында қалай құрметке бөлесе, елі-жұртының алдында да солай кенде еткен жоқ.
Қазақ журналистикасынан өз орнын ойып алған, көсемсөздің жаңа кезеңінде – тәуелсіздік тұғырға қонған дәуірінде өз мінезін өз сөзімен өре білген Ержұман Смайыл өмірінің соңғы жылдарын түгелімен шығармашылыққа арнады.
Анда-санда кездескенде жадырай күліп:
– Баяғыда-а...Қаламды суытпау керек! – дегенді жиі айтушы едіңіз. Бастықтың тапсырмасын орындау үшін жазуға кірістім... – дейтін әзілі мен оспағын араластыра сөйлеп.
Расында да сөзі мен ісі үйлескен, айтпайтын, айтса қайтпайтын, қандай істі бастаса да аяғына жеткенше тыным көрмейтін Ержұман Смайылдың қаламынан туған соңғы бірер туындыларын әр-әр жерден зейін қоя оқып жүрдім. Нені айтса да нақтылап, мейлінше өмірге жақындата суреттейтін қаламгердің жадымда жақсы қалған туындыларының бірі – «Соғыс балалары». Бір Жетісу аймағының немесе Алатау бөктері мен Іле жағалауының ғана көкірегін қозғап, уақыттың шер-шеменін тербейтін шындық емес, күллі қазақ даласына тән өмір, қоғам, заман дәуір ақиқатын тереңнен қопарар Туғанбай ауылының көрінісі, адамдары, дәуір үзіктері оқырманын бейжай қалдырмайды. Тілі тартымды, ойы терең, айтары шүбәсіз... Сан мәрте жазылып, сүрлеуі таптала-таптала, кеңейе-кеңейе даңғылға айналған тақырыпты Ержұман өз призмасынан өткізе отырып, әдемі өреді... «Өмір деген – жол үсті» дейді тағы бір шығармасында автор. Көргенің де, көрерің де Ұлы Жаратушының құзырындағы жұмырбас пенденің еншісіне тиесілі Өмір атты кеңістік! Қалай сүріп, қалай игересің? Кімдермен жүріп, қызығы мен шыжығын кімдермен бірге атқарасың? Міне!.. Соның бәрі Жол дейтін мәңгілік кеңістікте адам баласына алдан шығар сауалдар!..
Осыдан біраз жыл бұрын журналистерге алғаш берілген Президент сыйлығының Ержұман Смайылдың пешенесіне бұйырғаны есіме түсіп отыр. Әділіне жүгінсек... Сол жолғы сыйлық өз адамын дәл тапты деп қаламгерлер қауымы бірауыздан айтып еді. Соған бәріміз де қуанғанбыз... Ержұманды алыс-жақыннан жақсы танып-білген замандас, қаламдасы, бауыры ретінде телефон соғып, құттықтадым.
Ол менің құттықтауымды қабылдап отырып (телефонда):
– Нұреке, бұл бір маған емес, «Егемен» дейтін қасиетті басылымға берілген баға, әділ баға болар деймін... – деп еді. Нені жазса да, нені айтса да күлбілтелемей тура айтатын Ержұман бауырымның әлгі сөзіне еш күдік, күмәнсіз қалай сенсем, бүгін де, міне, араға жылдар салып, іштей солай сеніп отырмын. Рухын еске алып, осы жолдарды жазып отырмын.
Ержұман «Адам – сыйлағанның құлы» дейтін қазақтың ескі мақалын ауық-ауық еске алатын. Соңғы жылдары әр жаңа жыл қарсаңында үзбей телефон соғып тұруды әдетке айналдырып еді. Сөзі қай кездегідей қысқа болатын. «Өмір өтіп барады, Нұреке. Өкпенің бәрі ескі жылда қалсын! Жаңа жылға өкпесіз өтейік. Бауырымыз бүтін болып өтейік!.. Осы сөзді Шерағаға айттым. Осы сөзді Әбіш ағаға айттым. Міне, сізге айтып отырмын. Енді Уәкең мен Сәукеңе айтамын! Бас редакторларымсыңдар! Аман болайық! «Егемен» аман болсын! Егемен еліміз аман болсын!» дейтін әр жылдың 31 желтоқсаны күні кешкі сағат 21.00 мен 22.00-дің арасында.
Бір жыл болды жаңа жыл қарсаңында 31 желтоқсан күні «Егеменін» айтып, Егемен еліне бақ-береке тілеп құттықтайтын қоңыр дауыс естілмеді. Екі дүниенің бары рас болса, Ержұман есімді нартұлғалы қазақ көз көре бермейтін, құлақ ести бермейтін жүрек есімді байланыспен ғана үнсіз тілдесетін белгісіз белдеуден тіл қатып жатуы да мүмкін ғой!..
Рухың пейіштің төрінде шалқысын!
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты