Биыл Индустрияландыру бағдарламасы аясында жалпы сомасы 1,1 трлн теңгені құрайтын 120 жоба іске қосылады. Соның негізінде 20 мың тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Бұл туралы бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Жеңіс Қасымбек мәлімдеді.
Министр Жеңіс Қасымбек атап өткендей, 2018 жылдың қорытындысында барлық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалады. Өнеркәсіп 4,1%-ке өсті, соның ішінде тау-кен 4,6%-ке, өңдеу өнеркәсібі 4%-ке өскен.
Министрдің айтуынша сонымен қатар, Қазақстан арқылы өтетін транзитті контейнерлік тасымал көлемі тұрақты өсіп келеді. «2018 жылы контейнерлік тасымал көлемі 537,4 мың ЖФЭ-ті құрады. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 55%-ке артық. Соның ішінде Қытай-Еуропа-Қытай бағыты бойынша көрсеткіш 54,6%-ке өсіп, 310,8 мың ЖФЭ-ті құрады. 2019 жылы контейнерлік тасымал көлемін екі есеге, яғни 1,2 млн ЖФЭ-ке дейін арттыру жоспарланып отыр. Осылайша, бүгін Қазақстанды Еуразия орталығында қалыптасқан транзиттік хаб деп айтуға болады», - деді Жеңіс Қасымбек.
Бұған қоса, 2019 жылы республикалық маңызы бар 4,4 мың км жол қайта жаңғыртылатын болады. Жыл соңында 654 км жолда қозғалысты ашу жоспарлануда. Республикалық маңызы бар 1,7 мың км автожолды жөндеу жоспарланып отыр. Оның ішінде 518 км жолға күрделі жөндеу, 1 190 км автожолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жергілікті желідегі 4 мың км жол жөнделеді. Өткен жылдың тенденциясы сақталған жағдайда, 2025 жылға қарай жергілікті жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 85%-ке дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ол шамамен 60 мың км жол.
Алқа мәжілісі отырысында Индустрияландыру, «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру, сондай-ақ шикізаттық емес экспортты, техникалық реттеуді, геология және жер қойнауын пайдалануды, көлік және логистиканы, азаматтық авиацияны, құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты, инновация мен өнеркәсіпті цифрландыруды ілгерілету мәселелері қаралды. Министрліктің алқа мәжілісіне Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»