Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 институттық реформаны енгізу бойынша қабылдаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 64-қадамында ғылыми гранттар мен бағдарламалар құрылымдары индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының қажеттілігіне орай қайта бағытталатыны айтылған болатын.
«Ғылым қоры» – бастамалар баспалдағы
Бұл ретте Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Ғылым қоры» акционерлік қоғамы ғылым мен өндірісті жақындастыру, ғылыми жетістіктерді коммерцияландыру бойынша жүйелі жұмыс атқарып отыр деуге болады. Айталық, акционерлік қоғам 2016 жылдан бастап ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мақсатында бойынша жобаларды гранттық қаржыландыру 3 конкурс өткізіп, оның нәтижелері бойынша 153 жоба іске асырылды. Тіпті, жобалардың 23-і қазіргі таңда өндіріс кезеңіне шығып, өнім мен қызметтерді сатудан түскен табыс 852 млн теңгені құрады. Жалпы, ғылымды қаржыландыру экономиканы дамытудағы бірден-бір қажет тетік.
«Ғылым қоры» АҚ басқарма төрағасы Әнуарбек Сұлтанғазиннің айтуынша, бүгінде отандық ғалымдар 253 жаңа өнім шығаратын үлкен әлеуетке ие. Бұл еліміздегі бизнес-алаңдардың отандық ғылыми зертханаларға бет бұра бастағанын көрсетеді. «Үш жылдық қолдаудан кейін толық қуатын қалыптастырған жобалар екі конкурс бойынша 253 жаңа өнім түрін шығаратын болады», дейді Ә.Сұлтанғазин. Басқарма төрағасының айтуынша, аталған жобалардың негізінде 951 жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, өнімдердің коммерциялық сатылымынан 30 млрд теңге табыс түседі деп күтілуде. Бұл ретте іске асырылған жобаларға бөлінетін қаражаттың 40,3 пайызын бизнес өкілдері аударғанын айта кеткен жөн.
Бүгінге дейін еліміздегі ғалымдардың жобасы 850 млн теңге табыс тапқан. Бұл ретте грант беру шарттары толығымен заңды негізде іске асырылатынын айта кеткен жөн. «Ғылым қоры» акционерлік қоғамының жобалық дирекция басшысы Құрманғазы Омаровтың айтуынша, грант беру тәртібі айтарлықтай қарапайым. «Басты талап – жоба жетекшісі міндетті түрде Қазақстан азаматы болуы керек. Сол секілді жоба Қазақстан аумағында жүзеге асырылуы тиіс. Гранттың көлемі 300 миллион теңгеден аспайды. Сондай-ақ ғылыми жобаны ұсынатын топтың жеті адамнан аспауы қадағаланады. Әлбетте, жоба үш жылға дейін іске асуы тиіс», дейді Құрманғазы Құралұлы.
Жалпы, еліміздегі «Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заңды іске асыру нәтижелері бүгінде жақсы көрсеткіштерге ие. Бұл бағытта «Ғылым қоры» ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру бойынша жобаларды іске асыратын ғалымдар мен кәсіпкерлердің арасында алтын көпір болып отыр.
Сенат депутаты Асқар Бейсенбаев атап өткендей, «Ғылым қорының» жұмысы бүгінде өз жемісін бере бастады. «Мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаражатты аталған қор игі істерге бағыттап отыр. Қор өткізген бірнеше байқау нәтижесінде 100-ден аса жоба қолдау тапты. Қазір оның басым бөлігі қолданысқа еніп, ел игілігіне қызмет етуде. Елбасы тапсырмасына сәйкес, қорды құрудағы мақсат та осы болатын. Елімізде бастамашыл зерттеулерге көңіл бөлініп, тәжірибелік-құрастырмалық жұмыстар дами бастады. Ең бастысы, ғылыми жаңалықтар ел экономикасына үлес қоса түсті», дейді А.Бейсенбаев.
Сенат депутаты сонымен қатар отандық ғалымдардың қымыздан, сүттен адам ағзасына пайдалы өнімдер шығарып жатқанын айтады. «Бұл – ғылым мен мемлекеттің, сондай-ақ бизнестің қарым-қатынасын білдіреді. Мемлекет тарапынан қаржы бөлінеді, ғылым тарапынан жаңа ой ұсынылады, одан бөлек бизнес өкілдері аталған жүйелі жұмыстарға өз қаражаттарын құяды», дейді депутат А.Бейсенбаев.
Ғылым қорының тағы бір ерекшелігі, жобаға қаржылай қолдаудан бөлек, нарықта өз орнын табуына да аталған қор көмектеседі. «Әрбір жобаның өзіндік күнтізбелік жоспары мен сметасы бар. Күнтізбелік жоспар бойынша, 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін 6 жобаны аяқтауымыз керек болатын. Біз бұл жобаларды толық аяқтадық. Күнтізбелік жоспар бойынша осы жылы 31 жобаны бастаймыз», дейді Ә.Сұлтанғазин.
Жобалардың жолын ашатын тармақ көп
Ғылым қорының жұмыстарымен танысқан уақытта өз жемісін берген нақты жобаларға көз жеткізуге болады. Мәселен, Көкшетау минералды суы өз өнімдерін нарыққа шығара отырып, 441 миллион теңге коммерциялық кіріс тапты. Сондай-ақ игілікті жобалардың қатарында «Қазтехникос» өнімі бар. Отандық ғалымдар жарықдиодты шамдар үшін арнайы қуат көзін ойлап тапты. Бұл өнім жарықдиодты шамдардың қызмет ету мерзімін екі есеге арттырады. Яғни, осы өнім арқылы шамға артық жүктеме түспей, қызмет көрсету мерзімі ұзарады. Бұл жоба қазірдің өзінде еліміздің 11 өңірінде іске асырылып жатыр.
«Біз алдымызға екі стратегияны белгілеп алдық. Оның біріншісі, ғылыми жобаларын коммерцияландыру бағытында ғалымдарды кешенді түрде қолдау болса, екіншісі – ғалымдарға бизнеспен серіктестік орнатуда қолдау көрсету. Алдағы уақытта әлбетте, біз бұл стратегияларды конкурстар арқылы іске асырамыз. Нарықта гранттарымыз, конкурстарымыз қызығушылыққа ие болып отыр», дейді Ә.Сұлтанғазин. Оның айтуынша, «Ғылым қоры» әрдайым бизнес өкілдеріне «егер өнімдеріңіз нарықта бәсекеге қабілетті әрі сапалы болсын десеңіздер, біздің ғалымдар сіздерге көмектесе алады» деп бағыт сілтейді. Бүгінде Астана мен Алматы қалалары көшбасшы ретінде басқа өңірлерге үлгі болуда. Сонымен бірге, Түркістан, Қарағанды облыстарында ғылыми жобалар көбірек жүзеге асатынын айта кету керек. Аталған мәселеде Парламент Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті мен Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары, «Ғылым қоры» АҚ өкілдері, сондай-ақ ғылыми техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруды гранттық қаржыландыру бойынша жобаларды іске асыратын ғалымдар мен кәсіпкерлер үлкен қызығушылықпен жұмыс істеп жатыр.
Ауқымды жобаларға қатысты сенатор Бірғаным Әйтімова ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммерциялау саласындағы заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру қажеттігі туралы айтады. «Ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру және жас ғалымдардың жобаларына белсенді қолдау көрсету бойынша одан әрі жұмыс істеу қажет. Бүгінде бизнес-ғылым деген мемлекеттің өз өнімдерін экспорттауға мүмкіндік беретін жақсы платформа құрылды», дейді ол.
Атқарылып жатқан ілкімді істерге ғалымдардың өздері де риза екендіктерін айта кету керек. Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры, академик Аманкелді Саданов отандық өнімдердің нарыққа шығуына аталған қордың септігі тиіп отырғандығын қуана жеткізеді. «Ғылым қоры ең алдымен бізді қосымша қаржымен демеп, зертханаларымыздың құрал-жабдығын жасақтауға көмек берді. Кейінгі екі жылға бөлінген 300 млн теңге 31 жыл бойы зертханада түрлі тәжірибеден өткен өнімімізді ел игілігіне жеткізуге сеп болды. Бұдан әрі де «Ғылым қоры» АҚ көмегімен ғылыми немесе ғылыми-техникалық зерттеулердің нәтижелерін коммерцияландыру, өндіріске енгізу және сатуды жетілдіре берген жөн. «Ғылым қоры» арқылы коммерцияландыруға берілетін жобалардың ерекшелігі – бизнес-серіктестің жобаны қосымша қаржыландыруы деуге болады. Бұл жоба нәтижесін пайдаланатын бизнес өкілдерінің қызығушылығын арттырады, кейбір қажетсіз жобаларды қаржыландырудан сақтайды. Сонымен қатар ғылымды нақты өндіріспен ұштастыруға мүмкіндік береді. Бұл жерде тағы бір ескере кететін жайт, жобадағы талаптар орындалмаған жағдайда, бөлінетін қаражаттың 20%-дан 30%-ға дейінгі мөлшерін мемлекетке кері қайтаруы керек. Бұл ұйым басшыларының және жобаның ғылыми жетекшілерінің өтінімдерді беру, жүргізген зерттеулерінің нәтижелерін экономиканың тиісті секторына енгізу кезінде де жауапкершілігін арттырады», дейді академик А.Саданов.
Мирас АСАН,
«Egemen Qazaqstan»