Сыртқы істер министрлігінде инвестициялық-экспорттық қызмет мәселелері жөнінде екі күндік жиналыс өтуде.
Жиналыстың бірінші күнінде Қазақстанның шет елдердегі бірқатар дипломатиялық миссияларының басшыларымен қатар, Президент Әкімшілігі, Премьер-Министр Кеңсесі, орталық және жергілікті атқарушы органдар, квазимемлекеттік сектор мен Қазақстанның ұлттық компанияларының өкілдері қатысты.
Отырыс барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саяси ведомствосының инвестицияларды тарту және қазақстандық экспортты жылжыту бөлігіндегі жұмысын күшейту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру жолдары егжей-тегжейлі қаралды. Институционалдық өзара іс-қимыл механизмдері мен инвестицияларды тартудың практикалық аспектілері талқыланды. Экспортты жылжыту барысында еліміз тап болатын ерекше және өңірлік сын-қатерлер зерделенді.
Елбасының тапсырмасы бойынша мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, әкімдіктер мен еліміздің шет елдердегі мекемелер арасында өзара іс-қимылды құру үшін инвестициялық климаттың кешенді экожүйесі құрылуда. Қазақстан өңірлерінде инвесторлармен жұмыс істеу жөніндегі фронт-офистер құрылуы тиіс, онда инвестор бюрократиясыз өз жобаларын іске асыруда практикалық және дәйекті көмек алатын болады. Шетелдік инвесторлармен өзара іс-қимыл жүйесі процестің әрбір қатысушысының жауапкершілік аймағын айқындайды.
Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Қазақстанның елшілері ықтимал инвесторлармен тиімді жұмыс істеу үшін инвестициялық ұсыныстар мен жобалар пакеттерін қоса алғанда, барлық өзекті ақпаратпен «қаруланатынын» атап өтті. Бұл ақпаратта қаржылық көрсеткіштер, нарыққа кіру шарттары, жер учаскелерін бөлу, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, кедендік және салықтық преференциялар, тарифтік құрамдауыштар, еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету көрсетіледі. Ведомство басшысы атап өткендей, елшіліктер Қазақстан экономикасына инвестиция мен жаңа ғылымды қажетсінетін технологияларды тарту бойынша жұмысты күшейтуі тиіс.
Отырыс шеңберінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші вице-министрі Арман Евниев, Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Иманғали Тасмағамбетов, Қытайда - Шахрат Нұрышев, АҚШ-та - Ержан Қазыханов, Ұлыбританияда - Ерлан Ыдырысов, СІМ Инвестиция комитетінің төрағасы Ерлан Хаиров, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаев және «Астана» Халықаралық қаржы орталығының Басқарушысы Қайрат Келімбетовтің баяндамалары тыңдалды.