Бұл сұраққа «Financial Times» газетінің шолушысы Дэвид Шеппард жауап берді. Мұнай жаңа жылдан бері 11%-ға қымбаттаған. Мәселенің мән-жайын BBC News ақпараттық агенттігі жазды.
Goldman Sachs инвестициялық банкі мұнай экспорттаушы елдер ұйымындағы (МЭЕҰ) бағаға Сауд Арабиясының шешімі әсер еткенін айтты. Бұл істің басты мақсаты – қара алтынның бағасын көтеру.
Осы аптада Сауд Арабиясының энергетика министрі Халид Фалих Корольдік мұнай өндіруді наурыз айында, шамамен, 9,8 млн баррельге дейін қысқартатынын мәлімдеді. Бұл Ресей мен мұнай экспорттаушы елдер ұйымы жасаған қараша айындағы келісімнен 1 млн баррельге аз. Сондай-ақ Корольдік 2011 жылдан бері мұнай экспортын ең төменгі деңгейге дейін қысқартқан.
Goldman Sachs аналитиктері мұнай бағасы келесі кварталда көбейетінін айтты. Бірақ, бұл тек Эр-Рияд саясатына ғана байланысты емес. Қара алтын бағасының өзгеруі әлемдегі көп жағдаяттарға әсер етуде. Венесуэлаға қатысты санкция, ирандық мұнай экспорт көлемінің күрт қысқаруына алып келген Вашингтонда қабылданған шешім, айта берсең көп.
Алайда, бүгінде баррельдің долларға шаққандағы бағасы – 60 доллар. Өткен жылғы көрсеткіш 86 доллар болатын. Дәл қазір 2018 жылғы бағаның ауылы алыс дейді шолушы. Nordea экономистері қысқы уақытта энергетикалық ресурстарға деген қажеттілік мұнайға деген сұранысты арттырады дейді. Бірақ, жақын уақытта мұнай бағасы күніне баррельге шаққанда 60-62 доллардан артық болмайтынын айтты.
Мұның басты себебі – АҚШ-та өндіріліп жатқан мұнай көлемнің көбеюі. Өткен жылы қара алтынның көп өндірілуіне байланысты оның бағасы құлдыраған болатын. Америкалық энергетикалық ақпарат басқармасы осы аптада 2019 жылы күнделікті өндірілетін мұнай 12,4 млн баррельге дейін өседі деп болжам жасады. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 1,45 млн баррельге көп.
Сонымен қатар бұл осыдан үш ай бұрын болжанған бағадан 350 мың баррельге артық. Бір жыл бұрын америкалық ұйым 2019 жылы мұнай өндіру күніне бар болғаны 590 мың баррель болады деп есептеген еді.
Goldman Sachs банкі америкалық мұнай әлемнің көптеген еліне экспортталатынын, сондай-ақ бағасы өсуі мүмкін екенін айтты.
Салтанат ШЫНӘДІЛ