Батыс Қазақстан облысында «AQJAIYQ SKI RACE» көпшілік қысқы спорттық шарасы өтіп, бір мыңға жуық адам шаңғы тебуге шықты. Олар өздері таңдаған 2,5-5-7,5 шақырым қашықтықты жүгіріп өтіп, арнайы медальмен, марапат қағаздарымен марапатталды.
Шаңғы жолына шыққан белсенділердің ішінде кәсіби шаңғышылар да, қарапайым әуесқойлар да көп болды. Оларды шараны ұйымдастырушылармен бірге Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов құттықтады.
- Баршаңызды бүгінгі спорт мерекесімен құттықтаймын. Бүгін күн райы да керемет болып, ерекше көңіл сыйлап тұр екен. Өздеріңізге мәлім, 2019 жыл Президент Жарлығымен Жастар жылы деп жарияланды. Елбасы қазақстандықтарды әрдайым спортпен айналысуға шақырады. Себебі спорт, салауатты өмір салты – сау ұлттың кепілі. Ал біздің өңіріміздің жастары өте белсенді және спортқа жақын, - деді Ғабидолла Абдоллаұлы.
Көпшілік шаңғы тебу шарасының ең жас шаңғышысы Жанарыс Жасұланұлы мен ең егде шаңғышы Кәкиден Ұлықпанұлы арнайы сыйлық пен дипломға ие болды. Ұйымдастырушылар сондай-ақ Дулат Жүсіпқалиевты «Белсенді волонтер» деп атап, арнайы марапаттады.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»