Қай қоғамда болсын, қайырымдылық пен қолдауды қажетсінетін жандар болмай тұрмайды. Әсіресе, мұндай көмекке көп балалы тұрмысы төмен отбасылар, қамқоршысынан айырылған көп балалы аналар зәру екені айтпаса да белгілі.
Осы мәселені реттеу үшін өңірде арнайы жұмылдырушы топтар құрылды. Оның мүшелері тұрмысы төмен, табысы аз, тұрақты баспана мәселесі шешімін таппаған отбасылардың үйлеріне барып, жай-күйлерімен танысуды тұрақты іске айналдырып келеді. Оның құрамында қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, қоғамдық қорлар мен мемлекеттік органдардың өкілдері бар.
Сондай-ақ бұл құрамға аймақтағы абыройы жоғары, өмірден көргені мен түйгені мол зейнет жасындағы адамдар да енді. Солардың бірі, прокуратура органдарының ардагері Мәрия Тәжібаева мұқтаж жандарға көмек көрсету ісінің бел ортасында жүр. «Мен зейнеттемін. Әйтсе де топ құрамында ел-жұртқа қолымнан келген көмегімді тигізуді қажет деп таптым. Сонда байқағаным, бірқатар отбасылар мен мұқтаж жандар өздерінің заңды құқықтарын біле бермейді. Оларға осы тұрғыдан заңдық кеңес беруді парызым деп санаймын. Тұтастай алғанда қарапайым тұрғындар жергілікті биліктің өздерін елеусіз қалдырмағаны үшін ризашылықтарын білдіруде» дейді ол.
– Жұмылдырушы жұмыс топтары тұрмыс деңгейлері төмен отбасылардың жай-күйімен танысқаннан кейін тиісті шешім қабылдайды. Қажет жағдайда оларға әртүрлі материалдық көмек беру шараларын ұйымдастырады. Бұл мәселе жұмылдырушы топтар мүшелерінің қатысуымен қалалық әкімдік жанында тұрмысы төмен отбасыларға көмек көрсету жөнінде құрылған штабтың мәжілісінде талқыланып, түбегейлі шешімін табады, − деді Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов.
Өңірде дербес баспанасы жоқ, пәтер жалдап тұратын көп балалы аналарға бизнес өкілдері мен кәсіпкерлер көмек көрсетуде. Мысалы, таяуда «АқтөбеСтройЭксперт» ЖШС-ның директоры Жасталап Жанбеуов құрқылтайдың ұясындай тар, уақытша баспанада тұратын сегіз баланың анасы, «Алтын алқа» иегері Салтанат Сәдуоваға пәтер сатып алып берді. Бұл үшін ол «Қолқанат Ақтөбе» қоғамдық қорына қажетті қаражатты аударды. Осы арада көп балалы ананың ері, екінші топтағы мүгедек әрі екі перзенті арнайы мектепте оқитын мүгедек балалар екенін де айта кеткен жөн.
Сондай-ақ Ақтөбе қаласында жалдамалы пәтерде тұратын алты баланың анасы Галина Новиковаға жер телімінің сертификаты берілді. Ендігі кезекте Ақтөбенің атымтай жомарттарының бірі, жеке кәсіпкер Айбек Әмірбаев берілген жер теліміне оған үй салып беруді көздеп отыр. Аймақта тұрмысы төмен көп балалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету ісінің өзге де мысалдары жеткілікті. Жұмылдырушы топтар мен Ақтөбе қалалық әкімдігі жанынан құрылған штаб мүшелері алға қойған мақсаттарын іске асыру үшін нақты мекен-жайларға барып, қарапайым тұрғындардың өтініштеріне құлақ түріп жүр.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Egemen Qazaqstan»
АҚТӨБЕ