Биылғы 27 ақпанда Астанада Қазақстан Республикасының Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өтеді. Съезде «Әл-ауқатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты партияның 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы қабылданады деп күтілуде. Осыған байланысты «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбековпен сұхбаттасқан едік...
− Махметғали Нұрғалиұлы, «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасы неліктен қажет болды деп ойлайсыз?
− 2016 жылы 29 қаңтарда «Нұр Отан» партиясының XVII съезінде «Қазақстан-2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасы қабылданған. Өткен 3 жылдың ішінде қазақстандық қоғамда бірнеше нақты реформа басталып, жаңа стратегиялық құжаттар (оның ішінде 5 институттық реформа) қабылданып, әр жылғы жарияланған Елбасының Қазақстан халқына жолдауларында «Нұр Отан» партиясына жаңа күрделі тапсырмалар берілді. Осыған байланысты партия бағдарламасын қабылданған стратегиялық құжаттарға сәйкестендіру қажеттілігі туындап, келесі онжылдыққа 10 мақсатты жаңа бағдарламаның жобасы дайындалып, 27 ақпанда өтетін «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде ұсынылатын болады.
− Жаңа бағдарламаның негізгі мақсаты туралы айтсаңыз?
– Жаңа бағдарламаның негізгі мақсаты – әрбір қазақстандықтың өмір сүру деңгейін сапалы арттыру үшін елді жүйелі жаңғырту. Сондықтан да бағдарлама 10 жылдың ішінде әл-ауқатты қоғамды құруға бағытталған. Жалпы, қоғам әл-ауқатты болу үшін, әр қазақстандық азамат, қазақстандық отбасы ауқатты болуы қажет. Осыған байланысты адамға бағдарлану мемлекет қызметінің барлық салаларына енуі тиіс.
– Бағдарлама білім беру мәселелерін қамти ма?
– Экономикалық өсу ең алдымен білім сапасымен айқындалады. Яғни, жастарымызға қолжетімді сапалы біліммен қамтамасыз ету – партияның негізгі стратегиялық мақсаты ретінде сақталады. Осы мақсатты орындау үшін «білім – оқыту» парадигмасынан «білім – тұлғаның қалыптасуы» парадигмасына көшу көзделіп отыр. Университеттерде білім беру сапасын жақсарту мақсатымен партия бірнеше нақты мәселелерге назар аударып отыр. Оларға білім беру үдерісінде қолданбалы білімнің рөлін көтеріп, функционалдық сауаттылықты дамытуды, қарқынды технологиялық және ғылыми өзгерістер нәтижесінде болашақ мамандықтардың еңбек рыногында сұранысқа қажеттілігін зерттеу, жұмыс берушілердің қатысуымен пәнаралық байланыстарды дамыту негізінде жаңа оқу бағдарламаларын дайындау, оқу процесіне цифрлы технологияларды ауқымды енгізуді жүзеге асыру, артық есептілік пен регламенттеуді азайту, іргелі ғылымды дамыту үшін жағдай жасау жатады. Даму институттары қолданбалы зерттеулерді ғана емес, іргелі сипаттағы ғылыми әзірлемелерді де қолдауы тиіс.
− Мемлекеттік жастар саясатын іске асыруда «Нұр Отан» партиясы қандай орын алатын болады?
– Партияның жаңа бағдарламасының жобасында негізгі стратегиялық мақсат – елімізде мемлекеттік жастар саясатын жетілдіру. Бүгінгі жастарымыз алдыңғы буындармен салыстырғанда, цифрлы технологиялар әлемімен тығыз байланыс, жекешілдікке нұсқама, саламатты өмір салтына бағдарлану секілді бірқатар ерекшеліктермен сипатталады. Осы ерекшеліктерді ескере отырып, партия жастарды жан-жақты қолдауды күшейтеді. Нақты айтсақ, жастарды жұмысқа орналастыру, жастардың бизнес-бастамалары мен стартаптарын дамыту жөніндегі бағдарламаларды жүзеге асыруға қол жеткізу, жастар өкілдерімен тұрақты кері байланыс орнату сынды ауқымды шаралар партияның назарында болады. Жұмысқа тұрмаған жастарды әлеуметтендіру үшін жағдай жасауымыз қажет.
Партияның негізгі мақсаты – жастарға мемлекет тарапынан жасалған жағдайды дұрыс пайдалануға бағдар беру. Жергілікті атқарушы органдар бүгін жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларды жастар саясатымен ұштастыруы қажет. Партия осы жұмысты бақылайтын болады. Жалпы айтқанда, партияның жаңа бағдарламасы жоғары оқу орындарында инновациялық білім беру бағдарламаларын іске асыруға, жастардың білім деңгейі мен өмір сүру сапасын жақсартуға, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. «Нұр Отан» партиясының жаңа бағдарламасын – жастарға қамқорлық жасаудың жаңа қадамы деп қабылдаймыз.
Хамит ЕСАМАН,
«Egemen Qazaqstan»
Жамбыл облысы