Сейсенбі, 24 шілде 2012 7:47
Кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде кеңейтілген алқа мәжілісі болды. Онда Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы шеңберінде әлеуметтік-еңбек саласын дамыту міндеттері талқыланды.
Сейсенбі, 24 шілде 2012 7:47
Кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде кеңейтілген алқа мәжілісі болды. Онда Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы шеңберінде әлеуметтік-еңбек саласын дамыту міндеттері талқыланды.
Алқа мәжілісіне Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед қатысып, сөз сөйледі. Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Ербол Орынбаев қатысты. Мәжілісте сондай-ақ облыстар әкімдерінің орынбасарлары, министрлікке қарасты мекемелер мен оның аймақтардағы құрылымдарының басшылары бас қосты.Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова баяндама жасады. Мемлекет басшысының кешенді бағдарлама сипатындағы мақаласының маңызына тоқталып өткен баяндамашы оның еліміздегі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудің басты бағыты болумен қатар, жаңа идеологиялық қадам болып та табылатынын тілге тиек етті. «Бағдарламада министрлікке әлеуметтік заңнаманың жаңартылуы, әлеуметтік еңбек қатынастарының тиімділігін қалыптастыру, өмір сүру сапасының қазақстандық жоғары стандартын бекіту секілді нақты міндеттер жүктелді», деп атап өтті министр.Ағымдағы жылдың бірінші жартысында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы жаппай жүзеге асырыла бастады. Оның 2011-2012 жылдарға арналған бюджетінің қаржысы 99,7 млрд. теңгеге жетті. Осыдан қазірге дейін 51,7 млрд. теңге қаржы игерілді. Бұл уақыт аралығында елімізде 110 мың адам аталмыш бағдарламаға қатысуға ниет білдіріп, әлеуметтік келісім-шарттарға қол қойды. Осы қол қойғандар қатарындағы адамдардың 66,7 пайызын жұмыссыздар, 29,2 пайызын өз беттерінше жұмыспен айналысатындар және 4,5 пайызын табысы аз санаттағылар құраған. Бір сүйсінерлігі, бағдарламаға қатысушылардың жартысынан астамы, яғни 57 пайызы 29 жасқа дейінгілер болып отыр.Министр бұдан кейін бағдарламаның «Өз бетімен жұмыспен айналысатын, жұмыссыз және табысы аз халықты оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу» атты бірінші бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды саралап шықты. Осының шеңберінде 80,8 мың адам қатарға тартылды. Оларды кәсіптік оқытуды ұйымдастыруға республикалық бюджеттен 30,9 млрд. теңге қаржы қаралды. Бұл 442 білім беру ұйымымен шарт жасасып, 43,9 мың адамды кәсіптік оқудан өткізуге, 30,7 мың адамды қайта даярлауға және 5,6 мың адамның біліктілігін арттыруға мүмкіндік берді. Жылдың екінші жартысы басталған қазіргі шақта 46,3 мың адам оқуларын аяқтады.Олардың шамамен 75 пайызы жұмысқа орналастырылды. Бұл ретте жұмысты тыңғылықты атқарып отырған Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстарын ерекше атап өтуге болады.Уақытша жұмыспен қамту мүмкіндіктері әлеуметтік жұмыс орындарын ашу есебінен мүмкін болды, деді Гүлшара Әбдіхалықова бұдан әрі. Бұл үшін жергілікті жерлерде 5 мыңнан астам жұмыс берушімен шарт жасалып, шамамен 38 мың адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беретін әлеуметтік әріптестік тетіктері жұмылдырылды. Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған бағдарлама қатысушыларын жалақымен субсидиялауға 2,6 млрд. теңге жұмсалды. Ал жұмысқа орналастырылған бағдарлама қатысушыларының орташа айлық жалақылары 46 мың теңгені құрады. Есепті кезеңде жастар практикасының мүмкіндіктері де белсенді пайдаланылды. Оның пішінінде 26,7 мың жас буын өкілі жұмысқа орналасты.Баяндамада жұмыссыздарды, өз бетінше жұмыспен айналысатындарды және жастарды «нақты экономикаға» енгізу үшін бағдарламаның «Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру» деп аталатын үшінші бағыты шеңберінде атқарылған жұмыстарға да айрықша көңіл бөлінді. Ол еңбек етуге қабілетті жұртты әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті төмен қоныстардан еңбек ресурстарына қосымша сұранысы қалыптасқан, даму әлеуеті жоғары елді мекендерге көшуге ынталандыруды көздейді. Осыған байланысты биылғы жылдың өзінде еліміздің 18 өңірінде 1 158 жеке және көп пәтерлі үйлер салу жоспарланған. Күні бүгінге дейін бұл тұрғыда 403 үйдің құрылысы салынып бітті.Министр Г.Әбдіхалықова еңбек қатынастарын дамыту бағытында да айтарлықтай ауқымды жұмыстардың қолға алынғанын мәлімдеді. Өзінің сөзін осындай көтеріңкі мәлімдемемен аяқтаған министрдің баяндамасынан кейін сөз тізгінін Мемлекеттік хатшы алды. Мәжіліс жұмысына орнында отырып араласқан Мұхтар Құл-Мұхаммед баяндаманың жақсы мазмұнда жасалғаны, әлбетте, жақсы екенін айта келіп, онымен қабат жақсы жұмыстардың болғаны бұдан да жақсы екенін айтып өтті. «Сіздердің министрліктеріңіздің атауының өзі «еңбек» деген сөзден бастау алады, деді Мұхтар Абрарұлы. Бұл сіздердің басты жұмыстарыңыздың осы еңбекпен байланысты екенін білдіреді. Сондықтан ең бірінші еңбек және осы еңбекке сай еңбекақының болуы әрдайым қаперлеріңізде жүруі керек». Бұдан әрі Мемлекеттік хатшы қазір республика бойынша жалақыға қарыз дерегінің 1 млрд. 821 млн. теңге болып отырғанын баяндама бойынша алғанын негізге ала отырып, мұншалықты берешектің қалай пайда болғанына назар аударды. Осының үштен бір бөлігін, яғни 708 млн. теңгесін бір ғана Алматы облысы құрайды. Ал халқы барынша тығыз Оңтүстік Қазақстан облысындағы қарыздың мөлшері бұдан жиырма еседен астам аз, бар болғаны 35 млн. теңге болып отыр.Бұдан кейін Мемлекеттік хатшы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының төртінші бағыты ретінде тіркелген ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту мәселесінің өте орынды қолға алынып отырған шаруа екеніне тоқталды. Осы бағдарлама бойынша Шығыс Қазақстан облысына – 968 млн., Қарағанды облысына – 946 млн., Қостанай облысына – 699 млн., Павлодар облысына 574 млн. теңге қаржы бөлінген. Қазір жылдың тамыз айы да келіп жетті, ал аталған облыстарда жаңағы қаржыны игеру пайызы «0» деген цифрды көрсетіп тұр. Біздің міндетіміз, бұл межелерді белгілеп алу ғана емес, сол жобаланған жұмыстарды атқару үшін бөлінген қаржыны игеруге де қатысты. Және оларды жылдың соңына дейін қалайда бір игеріп шығу міндет емес, негізгі мақсат, ауылдық жерлердің инфрақұрылымы жақсаруына серпін беру болып табылады.Мемлекеттік хатшы бағдарламаның екінші бағыты бойынша да айтарлықтай пәрменді жұмыстардың атқарылып жатқанын ауызға алды. Айталық, Батыс Қазақстан облысында осы бағыт шеңберінде 1415 жоба қолға алыныпты. Ал халқы бұдан әлдеқайда көп Қостанай облысында бар-жоғы 2 жоба көрініс тапқан. «Сонда бұл облыста микрокредит алуға ынталы адамдардың шынымен болмағаны ма?» деген сауал тастады Мемлекеттік хатшы. Әлде мұның басқалай себептері бар ма?М.Құл-Мұхаммед бірінші бағыттың құрамына кіретін жастар практикасы жөнінде де біраз салиқалы ойдың арқауын ширатты. Бұл бағытқа тартылған студент жастар күні ертең оқуларын бітірген соң өздерінің қайда барып қызмет ететіндерін алдын-ала біледі. Осы жөніндегі республика аймақтары бойынша мәліметтердегі бірқатар көрсеткіштер көңіл тоғайтады. Мәселен, Жамбыл облысында ол 146 пайыз болып тұр. Осы арқылы тек осы облыста ғана 2 684 адам жұмыспен қамтылған. Қызылорда облысында да өте жақсы көрсеткіш бар. Мұнда 2 284 жас жұмысқа тартылған. Ал Астана қаласында бұл деңгей небәрі 38 пайыздан қайтады. Құрылысы қарқынмен жүріп жатқан және оған жұмыс қолы жетпей жатқан қаладағы ахуал, міне, осындай. Онымен бірдей студенті көп тағы бір мегаполис – Алматыда аталмыш мөлшер 161 пайызға жеткен. Еліміздегі ең жоғары көрсеткіш те осы. Мұның бәрі бұл мәселеге барынша мұқият және зор жауапкершілікпен қарауды талап етеді.Осыдан кейін Мемлекеттік хатшы мінбеге көтеріліп, алқа мәжілісіне қатысушыларға арнаған сөзін бастады.Тәуелсіздік жылдары Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен халықты әлеуметтік қорғаудың нарықтық экономикаға сай келетін жаңа моделі жасалды. Зейнетақы, еңбекақы, жәрдемақы мөлшері еселеп өсіп, еліміз бойынша мыңдаған жаңа әлеуметтік нысандар: мектептер мен ауруханалар салынды, деп бастады сөзін Мұхтар Құл-Мұхаммед осы орайда. Елбасының жақында жарияланған стратегиялық мақаласы елімізді әлеуметтік жаңғыртуға қол жеткізген табыстарды орнықтырып қана қоймай, оны одан әрі жетілдіруге арналған. Сондықтан әлеуметтік саланың әрбір қызметкері осы стратегиялық құжатты терең меңгеріп, оны халыққа жан-жақты түсіндіре білуі керек.Бұдан әрі Мемлекеттік хатшы мына жәйттерге салмақ салды. Жазғы демалыстардың қызып жатқан қазіргі кезде бүгінгі алқа мәжілісінің өтуінің өзі Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын тездетіп жасап шығу керектігін білдіреді. Мұндағы әңгіме шын мәнінде Қазақстанның тек әлеуметтік жүйесін жаңғырту ғана емес, сонымен қатар, әрбір қазақстандықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған жаңа идеологияны қалыптастыру туралы болып отыр. Бұл құжаттың сұлбасы мен негізі нақтылы адамға қамқорлық жасауға арналған.Президенттің аталған мақаладағы барлық тапсырмалары іс жүзінде сіздердің министрліктеріңізбен тікелей байланыста, сондықтан әрбір әлеуметтік инспектор мен еңбек жөніндегі инспектор бұл кезеңде осынау маңызды стратегиялық құжаттың нағыз насихатшысы мен жүзеге асырушысы бола білуі керек, деп бір түйіндеді Мемлекеттік хатшы жоғарыдағы ойларды.Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда қалыптағыдан тыс қимыл мен үлкен жауапкершілік керек. Бұл мәселеде ешқандай да науқаншылдық пен салтанаттылық орын алмауы тиіс. Үкімет қазірдің өзінде Елбасының аталмыш мақаласында берілген тапсырмаларды жүзеге асырудың шаралары жоспарын жасап қойды. Осы ойларды тарқатып айтып шыққан М.Құл-Мұхаммед үстіміздегі жылғы ақпан айында болып өткен кеңесте министрлік басшылығына кәсіподақтар ұйымдары қызметін жетілдіру туралы тапсырма берілгенін жеткізді. Сол 8 тапсырманың бүгінде 5-і орындалды. Қалған 3-ін орындау 2013 жылдың соңына дейін жалғасады. Сөзінің соңында Мемлекеттік хатшы Елбасының 20 тапсырмасына орай министрлік алдында тұрған нақты міндеттерге тоқталды.Мәжілісте Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әли Бектаев, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Қайрат Айтуғанов және басқалар шығып сөйлеп, күн тәртібіндегі мәселе бойынша өз ойларын ортаға салды.Алқа мәжілісі қаралған мәселе бойынша шешім қабылдады.Серік ПІРНАЗАР,«Егемен Қазақстан».Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ,«Егемен Қазақстан».