Ведомствоаралық комиссияның өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен отырысында жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мәселесі, сонымен қатар, көңіл көтеру орындарындағы қылмысты азайту шаралары қаралды.
Жыл басынан бері түнгі уақытта серуенге шыққан ақтөбелік жасөспірімдердің 128 ата-анасы әкімшілік жауапкершілік жазаға тартылып, оларға 2 млн теңге айыппұл тағылды. Өткен жылдың тек тамыз айынан бастап 2 мыңға жуық ата-ана ескерту алды. Жастар саясаты басқармасының басшысы Нұрлан Күнтуов хабарлағандай, өңірде «Жас сақшы» жастар патрулі өз жұмысын жалғастыруда. Бүгінде студенттер бірлестігінің құрамында 100 мыңнан аса жас бар.
Облыс әкімі: «Кәмелетке толмаған құқықбұзушылармен мақсатты жұмыс істеу керек. Студенттер жатақханасында тәртіп болуы тиіс. Қылмыстың денін аудандардан қалаға оқуға келген студенттер жасайды. Олардың бос жүрмеулерін бақылауға алыңыздар»,- деп тапсырды.
Облыс басшысының тапсырмасымен құрылған құқықбұзушылықтың алдын алатын ведомствоаралық жұмыс тобы қоғамдық жерлерде әрдайым рейдтер жүргізіп тұрады. Бұдан басқа, жұмыс тобы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі көптеген жүйелік кемшіліктерді жоюға мүмкіндік берген бірқатар тиімді шараларды ұйымдастырды.
Бердібек Сапарбаев көңіл көтеретін орындарға әрдайым кешкі рейд жүргізіп отыруды тапсырды. Тіркелген құқықбұзушылықтар саны көбірек орын алатын елу көңіл көтеру орны ендігі бақылауға алынды.
«Он көңіл көтеру орнында анықталған ескертулер толықтай жойылды, 15-і берілген бұйрықты орындап жатыр, үш нысанның басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сонымен қатар, екі нысанның жұмысы тоқтатылды»,- деп баяндады кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы міндетін атқарушы Асқар Көкеев.
Сондай-ақ, аулалар мен көшелерде бейне бақылау камераларын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ақтөбе бойынша 278 аулада 1 358 камера орнатылған. 1 634 көпқабатты үйдің ауласы мен кіре берісі түнгі уақытта жарықтандырылады. Облыс әкімі жұртшылықты құқықбұзушылықтың алдын алуға тартуды тапсырды.
Б.Сапарбаев: «Халықтың қауіпсіздігі бәрінен жоғары. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді бірге жүргізу керек. Құқыққорғау бағыттылығының қоғамдық құрылымдарының жұмысын күшейту қажет»,- деп атап өтті.
Жалпы, осы жылдың басынан бері қылмыстық құқықбұзушылықтың 10,4%-ға төмендегені тіркелді.