Жұма, 3 тамыз 2012 7:42
Қызылжар өңірінде Ұлттық медициналық холдинг күндері өтіп, оның аясында холдинг пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ госпиталі» деп атаған медициналық холдинг құрамындағы жоғары мамандандырылған 6 жетекші медициналық орталықтың басшылары мен мамандары екі күнге созылған шара барысында емдеу мекемелерін аралап, тәжірибе алмасты.

БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ басқармасының төрағасы Елжан Біртанов мұндай акциялар тізбегін еліміздің өңірлерінде өткізу дәстүрге айналғанын, ондағы мақсат Елбасының халыққа арнаған Жолдауын және «Әлеуметтік жаңғыртулар» жөніндегі тапсырмаларын орындау болып табылатынын жеткізді. Тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатымен елімізде инновациялық-медициналық технологияларды өңірлерге енгізу, біліктілік курстарын ұйымдастыру жағдайы жақсарып келеді. Акциялар аясында жоғары білімді мамандардың дәрістерін тыңдау, шеберлік сыныптарын өткізу арқылы жергілікті жерлердегі мамандардың білімдерін жетілдіруге айрықша маңыз берілген.Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен құрылған Ұлттық медициналық холдинг мекемелерінде жылына 30 мыңнан астам науқас емделсе, оның 70 пайызын өңірлерден келгендер құрайды. Жыл сайын 40-тан аса жаңа медициналық технология енгізіледі. Соның арқасында күніне 2000-нан астам науқасқа күрделі ота жасап, консультациялық көмек көрсету мүмкіндігі туды. Жиында «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрайымы Тамара Вощенкова, «Республикалық диагностикалық орталық» АҚ басқарма төрағасы Әмір Ахетов сөз алып, уақыт талабынан туындап отырған проблемаларды ортаға салды. «Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығы, «Республикалық жедел медициналық жәрдем орталығы» және «Республикалық балаларды оңалту орталығы» акционерлік қоғамдарынан келген мамандар да өздерін толғантқан мәселелер жөнінде ой бөлісті. Делегация құрамындағы жоғары санатты дәрігерлер мен мамандар шеберлік сыныбы сағаттарын өткізіп, кардиология, гинекология, гепатология, урология және басқа да салалар бойынша дәрістер оқыды.Бақытжан ЖОЛДАСОВА,журналист.Солтүстік Қазақстан облысы.