Батыс Қазақстан облысында 16 жылдан бері пәтер жалдап жүрген көп балалы отбасы қайырымды жанның көмегімен 3 бөлмелі пәтерге ие болды.
Бүгін Орал қаласында «ҚазХол» ЖШС құрылыс компаниясы жеті балалы отбасына аумағы 90 шаршыметрлік су жаңа пәтер кілтін сыйға тартып, сауапты іс жасады. Қайырымдылық шарасы өңірде қолға алынған «Мейірімді көктем» акциясы аясында өтіп отыр.
Манар Бүркітова – «Алтын алқа» иегері. Су жаңа пәтерге оң аяғымен аттап кіріп, тәттіден шашу шашқан ананың жүзі қуаныштан бал-бұл жанып тұр.
- Бүгінгі сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бізді, балаларымды осылай қуантқан қайырымды азамат - «ҚазХол» компаниясының құрылтайшысы Тимур Әминге, Орал қаласы мен Батыс Қазақстан облысы басшыларына алғысым шексіз. Ұмытпаңыздар, біздің үйдің 9 жаны – баршамыз Сіздердің амандығыңыз үшін, еліміздің әрқашан дұға қылып, тілеуіңізді тілеп жүреді, - дейді Манар Кеңесқызы.
Бүркітовтер отбасының тұңғышы Бибіхабиба туғалы бері бүйрек сырқатына шалдығып, арнайы есепте тұрады. Үнемі білікті дәрігерлік бақылауды қажет еткендіктен олар Теректі ауданы Аңқаты ауылындағы үйін тастап, облыс орталығына көшіп келуге мәжбүр болған. Тұрақты тіркеудің жоқтығынан пәтер кезегіне де кеш тұрыпты. 2015 жылы 15 тамызда пәтерге мұқтаж отбасылардың кезегіне №6087 болып тіркелген Бүркітовтер кезегі бүгінде №4894 болған.
- Орал қаласында біз пәтер жалдамаған аудан қалмаған шығар. Балаларымыз да мектептен мектепке ауысып, шаршады. Пәтерін жалға берушілер баласы көп отбасын ұнатпайды ғой. Осы кезге дейін біздің басымыздан талай жағдай өтті. Бірақ «бейнет соңы зейнет» деген рас екен. Құдайға шүкір, балалардың бәрінің де сабағы жақсы. Ұлдарым спортпен айналысады. Қыздарым тігін тігеді, тоқыма тоқиды, тамақ пісіреді. Енді болашағымыз бұдан да жарқын болады деп сенемін, - дейді бақытты ана.
Манар Бүркітова – физика-математика пәнінің мұғалімі, Қазақ Ұлттық университетін бітірген жоғары білімді маман екен. Бірақ қазір отбасы жағдайына байланысты үй шаруасында. Отағасы Ержан да ауыл шаруашылығы саласы бойынша жоғары білім алған. Алайда Манардың айтуынша, мамандық бойынша тұрақты жұмыс істеп, көп балалы отбасын асырау мүмкін емес. Тіпті отбасы үшін ең қуанышты сәт – пәтер кілтін алған кезде де отағасы отбасымен бола алмапты.
- Пәтер кілтін түстен кейін береді деген соң қалаға жақын ауылға шығып кетіп еді. Үлгермей қалды, - дейді жұбайы.
Айта кетейік, Орал қаласының нақ ортасындағы 10 қабатты бұл үй осыдан бір апта бұрын ғана пайдалануға берілген су жаңа ғимарат. Бұрын бұл жерде апатты үй болған. Мемлекет-жекешелік әріптестігі бағдарламасы аясында «ҚазХол» ЖШС бұл орынға жаңа үйдің құрылысын 1,5 жыл бұрын салып бастаған еді.
- Компаниямыз 2006 жылдан бері Орал қаласында 50-ден аса көпқабатты үй салып, пайдалануға берді. Құрманғазы көшесіндегі осы үйді де бір апта бұрын ғана тапсырдық. Сол кезде Орал қаласы әкімдігінде аса пәтерге мұқтаж болып жүрген осы отбасы туралы есітіп, компания атынан үш бөлмелі пәтерді сыйға беруге шешім қабылдадық. Бұл пәтер үш бөлмелі, аумағы 90 шаршыметр, барлық жағдайы жасалған. Қазір құжаттарын тіркеу үстіндеміз, толығымен Бүркітовтер отбасына жекеменшікке беріледі, - дейді компания мердігері Тимур Сағитжанұлы.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Батыс Қазақстан
Суретті түсірген Тимур ТОҚМӘМБЕТОВ