Францияның Марсель қаласында өткен халықаралық турнирде табысты өнер көрсетіп, финалға дейін жеткен қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин әлемдік рейтингтегі жағдайын күрт жақсартты.
Үздіктер тізімінде бірден 11 сатыға жоғарлаған жерлесіміз қазіргі кезде АТР рейтингінде 39 орында тұр. Бұрын-соңды ол дәл осындай биікке көтерілген жоқ еді. Осыған дейінгі Михаил Кукушкиннің ең жақсы көрсеткіші - 46 орын. Қазақстандық теннисші бұл нәтижеге осыдан төрт жыл бұрын қол жеткізді.
Өкінішке қарай, өзге жігіттеріміз өрелі өнерлерімен өз жанкүйерлерін қуанта алмай жүр. Еліміздің екінші және үшінші ракеткалары Александр Бублик пен Александр Недовесов бұл тізіміде 153 және 191 орындарды иеленуде. Ал әйелдер рейтингінде Юлия Путинцева мен Зарина Диас «ТОП-100» ойыншының санатында. Юлия 46 орында тұрса, Зарина 96 сатыға жайғасты. Қазақстанның үшінші рактекасы Елена Рыбакина 193 орынды еншілеуде.
Көшбасшыларға келер болсақ, WTA тізімінде жапониялық Наоми Осака, румыниялық Симона Халеп және чехиялық Петра Квитова алдығы лектен көрінсе, АТР рейтингінде сербиялық Новак Джокович, испаниялық Рафаэль Надаль және германиялық Александр Зверевтің тегеуіріні қатты.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»