Бейсенбі, 30 тамыз 2012 6:58
Өмірдің қымбат екенін ажал алдындағы науқас меңдеген адамнан артық сезінетіндер кемде-кем шығар? Демек, дертінен құлан-таза айығып, жарық сәулені көруге, тағы да ауа жұтуға мүмкіндік алғандардың қуанышында шек болмауы түсінікті. Жуырда ғана тұңғыш рет донор жүрегін иемденген Жәнібек Оспановты жүзбе-жүз көргенде осындай ойға келдік.
Бейсенбі, 30 тамыз 2012 6:58
Өмірдің қымбат екенін ажал алдындағы науқас меңдеген адамнан артық сезінетіндер кемде-кем шығар? Демек, дертінен құлан-таза айығып, жарық сәулені көруге, тағы да ауа жұтуға мүмкіндік алғандардың қуанышында шек болмауы түсінікті. Жуырда ғана тұңғыш рет донор жүрегін иемденген Жәнібек Оспановты жүзбе-жүз көргенде осындай ойға келдік.
Естеріңізде болса, елімізде тұңғыш рет жүрекке трансплантация жасалғаны туралы газет бетіне сүйіншілей жазғанбыз. Тамыздың сегізі күні елордадағы Кардиохирургия ұлттық ғылыми орталығында қаншама жылдан бері созылмалы жүрек жетіспеушілігімен ауырып келген, аурудың соңғы сатысына жетіп, тағдыры қыл үстінде тұрған қостанайлық азамат Жәнібек Оспановтың жүрегі білікті кардиохирургтердің көмегімен ауыстырылған еді. Оған донор болған 43 жастағы азаматшаның миына қан құйылып қайтыс болғанын да сонда баяндағанбыз. Ал сол кезде осы адаммен, оған қоса донор әйелдің ұлымен кездесеміз деген ой мүлде басымызға келмеген.
Жәнібек Оспанов пен Игорь Воротниковтың (донор әйелдің ұлы) журналистермен кездесуі Ұлттық медициналық холдинг тарапынан ұйымдастырылды. Әлі де болса стационарда ем алып жатқан Жәнібектің томаға-тұйықтығы, өмірге қайта келгендей болған әсерлерімен бөлісуге тартыншақтағаны анталап отырған біздерге бір жағынан жағымды әсер берді. Қанша жерден ақпарат ғасыры деп аптыққанымызбен, адамның сол мезеттегі сезім-күйін, ішкі дүниесінің сыр-қырын ешқандай да ақпарат жеткізе алмайтыны шындық. Сол күні жұбайы босанып, екінші баланың әкесі атанып отырған азамат мамандарға, әсіресе, анасының жүрегін ауыстырып салуға рұқсат берген Игорьге деген алғыс сезімін сыпайы білдіріп, қалған уақытта өзгелерді тыңдаумен отырды. Сондай-ақ, кездесуге келген Игорьдің де әңгімесі анасының төңірегінде өрбіп, ендігі жерде Жәнібекпен араласатын болармыз, мүмкін туыстығымыз артар дегенге сайды.
Осы жиынға қатысқан үшінші бір кейіпкер – Евгений Курц. Оған Игорьдің анасының бауыры трансплантталыпты. Женя да өз кезегінде тиісті адамдарға алғысын білдіріп, жанына батқан ауруынан құтылғанын әңгімелеп жатты.
Енді біз осы кездесуден не түйдік дегенге келейік. Иә, қазір мамандарымыз әлемдегі медициналық жаңалықтарды шама-шарқынша игеріп, өз елімізге енгізуге талпыныс жасап жатыр. Соның бірегейі – трансплантация дейтін болсақ, соңғы екі-үш жыл көлемінде бұған әзірліктің мықтап қолға алынғаны белгілі. Қоғамда түрлі пікірлер тудырып, депутаттардың ұзақ талқысынан өтіп барып, ақыры 2009 жылы тиісті заңға Трансплантация туралы арнайы норма енгізілді. Онда қайтыс болған адамның ағзасы оның өлер алдында жазып кеткен келісімімен миы қызметін толық тоқтатқаннан кейін алынады. Ал аяқ астынан қайтыс болған адамдардікі өзгелерді емдеу жұмысына жақын-жұрағаттарының рұқсатымен ғана пайдаланылады. Соның негізінде қазіргі таңда бауырды, бүйректі ауыстырып салу мысалдары бірен-саран болса да кездесіп жатыр. Бірақ жүрек пен бауырға қарағанда, бүйректі ауыстырып салудың өзіндік жеңілдіктері бар. Бүйректі тірі адамнан алады. Екі бүйрегінің бірін өзінің бауырына не туысына берген адамдар өздері де толыққанды өмір сүре береді. Ал, жүрек пен бауырды міндетті түрде мәйіттен алу қажет. Онда да алғашқысын 3-4 сағат ішінде, екіншісін 6-8 сағат ішінде өңдеуден өткізіп, келесі адамға қондырып үлгеру керек.
Қазіргі таңда біздің елімізде осы ағзаларды қажет етіп отырған, басқаша айтқанда өмірі тікелей осы ағзаларға тәуелді 5 мыңға жуық адам бар екенін білеміз. Бес мың адамның артында ата-ана, бала-шаға, туған-туыс, жақын-жұрағатын қосқанда қаншама мыңға жуық үміт пен күдіктің көзі жылтырап тұрғаны тағы рас. Өйткені, шетелдерде трансплантация жасату өте қымбат. Білуімізше, бүйрек – 30-35 мың доллар, бауыр – 250-280 мың доллар, жүрек – 300 мың доллар шамасында. Оған қарапайым пенденің қолы жетпейді. Ал өз елімізде бұл тегін жасалады. Бірақ ең қиыны – донор мәселесі. Өлгеннен кейін ешкім өзінің не жақын туысының ағзаларын басқа біреуге бергісі келмейді. Пациенттер мен донордың ұлы қатысқан кездесуді жүргізген «Кардиохирургия ұлттық ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Махаббат Бекбосынова осы донор мәселесінің елдегі орталықтарда трансплантация жасауды ары қарай дамытып әкетуге қолбайлау болып отырғанын жеткізді. Әйтпесе, Астана мен Алматыдағы іргелі медициналық орталықтарды айтпай, тек Кардиохирургия ұлттық ғылыми орталығының әлеуетінің өзі бұл оталарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді екен.
Әрине, дамыған шетелдерде олай-бұлай дегенімізбен, біздің халықтың менталитеті бөлек. Өмірге деген көзқарасы, салт-санасы басқа. Әрі өзге елдердің тіршілігінің тініне айналып кеткен біраз дүниелер бізге кешеуілдеп жетіп жатқаны үшін, оған бастапқыда тосырқай қарайтынымыз да рас.
Міне, Жәнібектен басталған әңгімеміздің осы жерден тұйықталғанын ішіңіз сезетін болар, оқырман? Қолыңнан келіп тұрса немесе сол нәрсе тек саған ғана байланысты жағдайда өзгенің өмірін құтқару, сол арқылы бір нәзік сәуле – жарық күннің қадірін арттыру – сіз бен біздің ар-иманымызға, адамгершілігімізге үлкен жауапкершілік жүктеп, ойымызға қозғау салады екен.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».