Қазіргі кезде «Дене шынықтыру» ұғымы жиі және ретсіз қолданысқа ие болды. Мәселен, жоғары оқу орындарында «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бар. Жалпы білім беретін мектептерде «Дене шынықтыру» сабағы өтеді. Мәдениет және спорт министрлігіндегі комитетіміз «Республикалық спорт және дене шынықтыру істері комитеті» деп аталса, облыстарда «спорт және дене шынықтыру басқармалары» тағы бар.
Негізінде, барлығы әу баста дұрыс қалыптаспаған ұғымдар. Сөзді төтесінен қойып айтсақ, «Дене шынықтыру» ұғымын қолдану дұрыс емес. «Физическая культура» термині, ұғымы қазақ тіліне «Дене мәдениеті» деп аударылуы керек еді. «Мәдениет» деген сөзді «Шынықтыру» деген сөзбен ауыстыру арқылы ғана біз бүкіл «Дене мәдениеті» термині көрсете алатын кең, мән-мағыналы ұғымнан айырылып отырмыз. Өйткені «Дене шынықтыру» деген сөз орыс тілінде «закаливания тела» деген мағынаны ғана береді.
Бұл қателік о баста қалай жіберілген?
Менің ойымша, «дене шынықтыру» деген ұғымды дене тәрбиесі және спорт мамандары емес, тіл мамандары дене мәдениеті саласының терең философиясын түсінбей енгізген болуы керек. Спорт бапкерлерінің, дене тәрбиесі мұғалімдерінің беретін негізгі білімі − қозғалысқа үйрету. Спорт бапкерлері жарыс жаттығуларының техникасын үйретіп, жетілдірсе, дене тәрбиесі мұғалімі оқушыларға өмірге қажет қозғалыс шеберлігі мен дағдысын үйретеді. Теориялық мағлұматтар береді, спортшылардың, оқушылардың дене қуаты қасиеттерін: күш, жылдамдық, төзімділік, ептілік, икемділігін дамытады.
«Физическая культура» деген термин орыс тілінің сөздік қорында XIX ғасырдың аяғында пайда болды. Оны кіргізген, 1827-1909 жылдары өмір сүрген орыс дәрігері, анатомы және педагогы П.Ф.Лесгафт тарихта Ресей мемлекетінің дене мәдениеті жүйесінің негізін қалаушы ретінде танылды. Ол 1874-1876 жылдары әскери министрліктің тапсырмасымен Батыс Еуропаның 13 елінің 26 қаласында болып, дене мәдениеті мен спортты, дене тәрбиесі мамандарын даярлауды зерттеді. Соның нәтижесінде 1888 жылы «Мектеп жасындағы балалардың дене тәрбиесі білімін басқару» атты бірінші кітабы жарық көрді.
«Культура» деген термин латынның «CuItura» деген сөзінен шыққан. «Тәрбиелеу», «білім беру», «дамыту», «сыйластық» деген мағыналарды береді. Қазіргі кездегі арнайы әдебиеттерде «мәдениет» деген сөздің анықтамасы – «қоғамға және жеке басқа құндылық әкелетін өзінің амалдары мен әдістері, әдістемелері бар адамның немесе қоғамның белгілі бір әрекет түрі» болып табылады. «Мәдениет» деген сөзді түсіну үшін оны «табиғат» деген сөзбен салыстырады. Табиғатқа, адамның араласуынсыз табиғи түрде пайда болған жанды, жансыз заттар жатады. Ал мәдениетке жататындар, адамзаттың пайдалануы үшін адамдардың күшімен жасалған нәрселер.
Дене мәдениеті – жалпы мәдениеттің бір саласы. Адам мәдениеттің барлық саласын қолдан жасаса, оның денесіне, ағзасына әсер етіп, оны осы салаларды өркендетуге мүмкіншілік беріп отырған дене мәдениеті саналады. Біз ЖОО-дағы магистрант, студенттерге «Дене мәдениеті және спорттың теориясы мен әдістемесі» пәнінен сабақ беретін теоретик ғалымдар «Дене шынықтыру» деген ұғымды қолданбаймыз. Өйткені «шынықтыру» деген сөздің мағынасында қозғалысқа үйрету деген сөз, ой жоқ (Менің баспадан басылып шыққан 15-тен астам оқу құралдарым, оқулық, монографиям бар). Бұл тек қана денені шынықтыруды білдіреді. Ал денені жаттығу орындап қана емес, суық суға түсіп, күнге күйіп те шынықтыруға болады.
Дене мәдениеті ұғымына анықтама берейік. Дене мәдениеті – адамдарды жоғары жетістіктерге, келешек мамандыққа дайындайтын, денсаулығын нығайтатын, дене, мүсін сұлулығын, қимыл-қозғалыс әдемілігін, үйлесімділігін, дене қуатын, жан дүниесін жетілдіруге қолданылатын мемлекеттің, қоғамның материалдық және рухани байлығын құрайтын, халықтың жалпы мәдениетінің бір саласы. Оның материалдық байлықтары – спорт сарайлары, стадиондар, бассейндер, спорт залдары, түрлі спорттық ғимараттар, құрал жабдықтар. Ал рухани байлықтары – дене тәрбиесі мен спорт саласындағы арнаулы білім, ғылыми зерттеулер, әдістемелер, тәжірибелер, идеялар.
Дене мәдениеті негізінен 5 үлкен бөлімдерге бөлінеді: Олар – базалық, спорт, қолданбалы, сауықтыру және жеке бас дене мәдениеті. Негізгі дене мәдениетіне балабақша, мектеп, колледж, ЖОО-дағы дене тәрбиесі сабағы жатады.
Мектептердегі «Физическая культура» сабағын да тек қана «Дене тәрбиесі» деп атау керек. Орыс тілінде де мектептің дене тәрбиесі сабағы «Физическая культура» деп дұрыс аталмаған. Л.П.Матвеевтің «Теория и методика физического воспитания» атты 1976 жылы Мәскеудегі «Физкультура и спорт» баспасынан шыққан кітабының 12-бетінде «термин «физическая культура» имеет и другие, более узкие значения. Во избежание путаницы понятий есть смысл, пользуясь термином «физическая культура» в частных значениях, добавлять соответствующее прилагательное: «личная физическая культура», «школьная физическая культура» и.т.д.» деп жазылған. Сондықтан біз мемлекеттік тіліміздегі терминдерді шатастырмай дұрыс қолдану үшін, Ресей ғалымдары секілді дене мәдениетінің кең мағынасы, дене мәдениетінің тар мағынасы демей, мектептің дене тәрбиесі сабағын тек қана «дене тәрбиесі» деп атауымыз керек. Анықтама бойынша: «дене тәрбиесі дегеніміз – тәрбиенің бір түрі, міндеттері қозғалысқа үйрету, дене қуаты қасиеттерін дамыту және дене тәрбиесі мен спорт саласында теориялық білім беру». Қазақ мақалдарында «Бірінші байлық – денсаулық», «Дені саудың жаны сау» делінген. Халық даналығын білдіретін, өте орынды айтылған сөздер. Демек «Дене тәрбиесі» сабағы дегеніміз – тек жаттығуларды орындау ғана емес, оқушыларды еңбексүйгіштікке, қажырлылыққа, төзімділікке, батылдыққа, батырлыққа, жігерлілікке, патриоттыққа, отансүйгіштікке тәрбиелейтін пән. Ол адамның тәнін ғана емес, жан дүниесін, рухын тәрбиелейді. Демек, «Дене тәрбиесі» термині, ұғымы мектеп сабағының мәні мен мағынасын ашып, анықтап, көрсетіп тұр.
Міне, дене тәрбиесі, жастарды, балаларды спортқа баулу саласында, оның білім беру жүйесінде дұрыс қалыптаспай отырған атаулар мен термин сөздерге қатысты ескеретін мәселелер көп. Бізге негізі көп кешікпей осындай кемшіліктерден арылу керек.
Еркін УАНБАЕВ,
С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты
Шығыс Қазақстан облысы