Астанада өтіп жатқан «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде сөз сөйлеген Халықаралық Түркі академиясының Президенті Дархан Қыдырәлі Тәуелсіздік жылдарындағы жетістікке тоқталып, қазіргі таңда қазақ атанудың мақтаныш екенін жеткізді.
«Осы жеңісті, жемісті жиырма жылдың ел шежіресіне алтын әріптермен жазылары анық. Азаттықтың арайлы таңынан көшіңіз құйылды, жұртыңыз жиылды! Асқақ Астана төрткүл дүниеге төрелік айтатын, түгел түркінің төрі деп танылды. Ойдағы орнап, көңіл жайланды. Береке-бірлігі бекем байтағыңызға бақыт байланды. Ең бастысы, қазақ болу – үлкен мақтанышқа айналды! Партия қашанда осы тағдыршешті тарихи істердің бел ортасында жүрді. Өзегін өзіңіз салып берген үлкен үрдіс жалғаса береді деп сенеміз!» деді Д.Қыдырәлі.
Сондай-ақ Халықаралық Түркі академиясының Президенті «Нұр Отан» партиясының бағдарламасы Елбасының қоғамдық келісім туралы айтқан идеясымен сай келетінін жеткізді.
«2011 жылы Түркістанда зиялы қауым өкілдерімен кездескенде қоғамдық келісімнің кепілі еліміздегі барлық этностардың қазақ тілі, қазақ тарихы және мәдениетін меңгерумен тікелей байланысты екенін баса айтқан едіңіз. Бүгінгі мерейлі мезетте қабылданған партия бағдарламасы осы идеяңызбен қабысып отыр. Партияның «қазақ халқының тілін, тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және имандылық қағидаттарын елімізде тұратын барлық этностық топтардың өкілдері арасында кеңінен насихаттау» туралы бастамасы жастарды патриотизмге тәрбиелеумен бірге, ұлттық бірегейлікті қамтамасыз етеді деп ойлаймыз» деді Д.Қыдырәлі.
Бұдан бөлек, Д.Қыдырәлі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы Байқалдан Балқанға дейінгі бауырлас елдерде жылы қабылданғанын атап өтті.
«Сіз болат балқытып, құрыштай шыңдалған көшбасшы ретінде темірді қамырша илеп, ағаштан түйін түйген, теріні түрлендіріп, киізді кестелеген дана бабаларымыздың әлемдік өркениетке қосқан үлесін тап басып, таныдыңыз! Осы орайда, «Ұлы даланың жеті қыры» жылқының жалында өскен жауынгер жұрттың қалғып кеткен пассионарлық рухын қайта оятқандай болды! Сондықтан мақалаңызды Байқалдан Балқанға дейінгі бауырлас елдер «ұлттық код», «рухани иммунитет» ретінде қабылдады. Әзірет қонған әз қала – Түркістан қайта түлеп, Орталық Азиядағы ынтымақтың рухани ұйытқысы атанды. Ұлы дала – әлемдік түркологияның жаңа бағытына айналды!» деді Д.Қыдырәлі.
Айта кетейік, бүгін Астанада Нұр Отан» партиясының XVIII съезі өтіп жатыр. Жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысуда.