• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Ақпан, 2019

«Нұр Отан» партиясының XVIII съезіне қатысушылар лебізі

2351 рет
көрсетілді

Ақмарал ӘЛНАЗАРОВА, Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Бүгін Елбасы – партия Төрағасы ұйымның алдағы он жылдық жоспарын бағдарлап, жолын көрсетіп берді. Бізге керегі – тек осы бағытқа сай жұмыс істеу. Бүгінгі жиында қаралған ең елеулі мәселелердің бірі – әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін көмек, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау болды. Бұл жай ғана сөз емес, нақты қаражат бөлінген. 

Өзім еңбек ететін медицина саласына тоқталсам, Қызылорда облысындағы алғашқы медициналық көмек көрсету көрсеткіші қазірде 43 пайызды құ­райды. Соны 60 пайызға дейін жеткізу – алға қой­ған үлкен міндет. Міне, осыған байланысты істер атқарамыз. 

Биыл «Нұр Отан» партиясы­ның 20 жылдығы. 20 жылда атқарған нақты нә­тиже – еліміздің өркендеуіне партияның, ондағы мүше­лердің қосқан елеулі үлесі. Сонымен қатар Қазақ­станның дамуында нұротандықтардың еңбегі зор. 

Бүгінгі айтылған, күн тәртібінде қаралған мәсе­лелерді шешуге, алдағы 10 жылдыққа, оның ішінде 2021 жылға дейінгі орындалатын тапсырмаларға Ұлттық қордан қосымша қаражат бөлінуі – үлкен қамқорлық, нақты бастама және елге көмек. 

 Бекзат АЛТЫНБЕКОВ, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, кәсіпкер:

– Съезден күткен үмітім ақталды. «Нұр Отан» ежелден нақ­ты істер партиясы деп та­нылған. Елбасының осыған дейін берілген тапсырма­лары да орындалған. Енді 2030 жылға дейінгі мерзімді бағдарға алған бағдарла­ма­дағы мәселелер де шешімін табатынына сенім­дімін. Бұл біздің халқымызды қуантады. Өйткені бағ­дар­ла­ма­ның негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арт­тыру болып тұр. 

Осы жұмысты атқару үшін Елбасы Ұлттық қор мен бюджеттен 2 триллионнан артық қаражат бөлгі­зетін болды. Мұншалықты қаражаттың әлеуметтік са­лаға бұрын-соңды бөлінгенін білмеймін. Бюд­жет­тің барлық шығыстарының 45 пайызы осы сала­ға бағытталады делінді. Әсіресе көп балалы ана­лар қуанатын болды, өйткені балаларға 21 мың тең­геден атаулы әлеуметтік көмек көрсетілетін болды. Өз басым халыққа жасалатын осындай қолдауларға қуа­нып отырдым. Халық бай, қуатты болса, кәсіпкер болып жүрген біз де бақуатты боламыз. Өйткені біз­дің көрсететін қызметтерімізге, шығаратын өнім­дерімізге алушы табылатын болады. Ал халық кедей, тапқаны тамағына ғана жетіп отырса, ол ештеңе де алмайды, өндіріс тоқтап, өнім өндіру құлдырайды. 

Сембек СЕЙДӘЗІМОВ, Жамбыл облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы: 

– Бүгінгі күні әлеуметтік мәселелер күрделеніп тұр. Өмір сапасын жақсарту керек деген әңгімелер көптен беруі айтылуда. «Нұр Отан» партиясы осы мәселелерді зерделеп, халықтың жағдайын ойлайтын шешімдер қабылдар деп күткен едік. Өйткені жоғары дамып келе жатқан елде халқының тұрмысы да жоғары болуы керек қой. Әйтпесе жоғары дамығанымыз, 30 дамыған елдің қатарына енетініміз тек сөз ғана болады емес пе? 

Міне, Елбасының бүгінгі сөзінен соларға жауап алып, қанағаттанып тұрмыз. Атап айтқанда, халықтың әл-ауқатын көтеруге, көп балалы аналарды қолдауға, ауылдар арасындағы жолдарды жөндеуге орасан зор көлемде қаражат бөлініп отыр. Енді соны Үкімет тиімді жұмсап, көтерілген мәселелерге орынды пайдаланса екен деген тілегіміз бар. 

Елбасының жуырда Үкіметті жаңалағаны да сол мақсатта екендігі айтылды. Халықтың үміті енді Үкіметке қарап тұр. Біздің халқымыз жақсы өмір сүруге лайықты деп ойлаймын. Оның үстіне қазір еңбек етсең жақсы тұрмысқа қол жеткізуге болады. 

Алина СОЛОВЬЕВА, Қазақстанның Еңбек Ері, Шымкенттегі №1 мектеп-гимназияның биология пәнінің мұғалімі:

– Жалпы айтқанда, мен елімізге жаңа идеология қабылдау керек деп ойлаймын және бұл сөзден қашудың қажеті жоқ. Ол – табысты дамудың идеологиясы болу керек. Мен партияның басты мақсаты – адамдарға көмектесу және Үкіметтің жұмысына бақылау жасау деп ойламаймын. Партияның негізгі жұмысы идеология, ұлттық бірлік, отансүйгіштік тәрбие, жастардың дұрыс жолмен дамуына ықпал ету болуы керек деп есептеймін. Елбасының бүгінгі сөздерінен мен өзімді толғандырған осындай бірнеше мәселеге жауап таптым. 

Нақ өз жұмысыма қатысты айтатын болсам, жаңа білім беру саласындағы эксперименттерді тоқтатып, сапалы білім мен саналы тәрбиені алдағы уақытта басты бағдар ету керектігі аталды. Мен оны өте дұрыс деп санаймын. Ұстаздар туралы заң да енді қабылданып, біздің түйткілді мәселеміз шешілер деген үміттемін. Айта кететін жайт, бұл заң жобасында мен болуы мүмкін емес деп ойлайтын мәселелер де қарастырылған. Соның ішінде мұғалімнің шығармашылығына қолдау білдірілетіні бізді қуантты, әрине. 

Ибрагим СӘРСЕНБАЕВ, Ақтөбе облысындағы «Наурыз Сим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры:

– Ақтөбе облысының Ырғыз ауданынан келдім. Өздеріңіз білетіндей, биыл «Нұр Отан» партиясының құрылғанына жиырма жыл толды. Осы бір мерейлі жылды асыға күттік. Бастауыш партияның XVIII съезіне делегат болып келу – бізге үлкен құрмет әрі жауапкершілік. Осыған дейінгі съездерге куә болып келеміз, бұл съездің бұрынғылардан өзгешелігі – жиынды, ондағы талқыланатын мәселелер мен алға қойылатын міндеттерді білуге барша қазақстандықтардың барынша ықылас біл­діргені. Бүгінгі жиында елдегі түйткілді мә­селелерге қатысты маңызды шешімдер қабыл­дан­ды. 

Партияның жариялаған 2030 жылдарға ар­нал­ған бағдарламасы өміршең болатыны белгілі, өйткені онда алдағы он жылға арналған жоспар, үлкен қадамдар мен мақсаттарға негізделген нақты әрекеттер қамтылған. Дегенмен, меніңше, заманның әрдайым өзгеріп отыратынын ескерсек, заманға, ондағы проблемаларға қарай, бұл бағ­дар­ламаның мазмұны мен бағыты да жақсы жағына өзгереді. 

Камила КОВЯЗИНА,  Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

– «Нұр Отан» партиясы XVIII съезінің ең басты оқи­ғасына келсек, Президент Н.Назарбаев, біріншіден, 2018 жылғы 5 қазандағы Жол­­дауында жариялаған бас­та­­маларын мазмұндық тұрғыда жалғастырды, екін­ші жағынан, соңғы кезде көтерілген өзекті мәселелер­ге жауап берді.

Уәде етілгендей, партия мүшелері, әкімдер мен мемлекеттік органдар жетекшілері ұсынған шаралардың басым бөлігі халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталды. Басты назар көп балалы отбасылар мен аз қамтылған тұрғындарды, сонымен бірге бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерін қаржылай қолдауға аударылып отыр. 

Мемлекет басшысы күнкөріс минимумынан жоғары табыс табатын көпбалалы отбасыларды кезінде көмектен айыру дұрыс болмағанын атап өтті және мұқтаж қазақстандықтарды белгілі бір әлеуметтік әлсіз топтарға қосу талаптарын қайта қарауды тапсырды. Сонымен қатар көпшіліктің өтініші бойынша, ондай отбасындағы жәрдемақы көлемін әр балаға 21 мың теңгеге арттыруды жүктеді. Осы мақсатқа бюджеттен қомақты қаржы бөлінетін болады.

Қайрат АЙДАРХАНҰЛЫ, Астанадағы «Шипалы» емдеу орталығының директоры, денсаулық сақтау саласының үздігі:

– «Нұр Отан» партиясы бү­гінде еліміздегі жетекші пар­тияға айналып, нақты нәти­женің партиясы атанды. Партия көтерген барлық мәсе­лелер оң шешімін табуда. Мен өз салам бойынша ай­тар болсам, бүгінде елімізде медицина саласы қарқынды дамып келеді. Отандық медицинаның өзге елдермен бәсекеге түсу қабілеттілігі жыл өткен сайын артып келеді. Сондай-ақ ел дамуының негізгі көрсеткіші – халықтың әл-ауқаты өсіп, өмір сүру жасы ұзарды. 

Сонымен қатар, партияның кезекті съезінде қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру жұмысына ерекше назар аударылды. Мұнда әлеуметтік мәселелер жан-жақты көтеріліп, оның тиімді шешімін табу үшін көптеген шаралар қабылданды. Соның ішінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көп балалы, аз қамтылған отбасылар және әлеуметтік қорғауды қажет ететін топтарға мемлекеттік қолдау жасаудың қаржылай тетіктерін жақсарту аса маңызды екенін атап көрсетті. Мұның барлығы еліміздегі адамның даму индексін көтеру, денсаулығын жақсарту мәселесін шешуге тікелей әсер етеді.