Зеренді ауданы Көктерек ауылының маңында орналасқан Әулиетас деп аталатын киелі орын бар. Самсаған қайың-қарағай тойған қозыдай томпайып жатқан Әулиетастың жүзін көлегейлеп, жасырып тұр. Тап жанына барғанша көре алмайсыз. Тік шаншыла біткен, жақпар тастармен әлдебір шебер адам мінсіз етіп қалағандай ғажайып көрініс.
Ауылдағы көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, бұл жер ежелден киелі саналады екен. Етегі жылқының қартасындай бұйра-бұйра болып жатқан Әулиетастың бауырына тіршілікте тақсырет көрген адамдар арнайы келіп тілек тілейтін болған. Тілегі қабыл болғандар әулие бабаның рухы қолдап жүр деп есептеген.
Бүгінге дейін осы төңіректегі жұрт әлдебір тылсым күштің бар екеніне сенеді. Осыдан жеті жыл бұрын Көктерек ауылының тумасы, белгілі кәсіпкер Жұмағұл Жолдықов Әулиетастың маңайын абаттандырып, ескерткіш белгі қойып, перзенттік парызын өтеді. Қазіргі күні бұл жер елге рух беретін, тәу ететін қасиетті орындардың бірі.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Egemen Qazaqstan»
Ақмола облысы