• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Ақпан, 2019

Әлеуметтік сақтандыру реттеледі

360 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар бірқатар заң жобаларын жұмысқа алды.

Мәжіліске келіп түскен заң жоба­лары­ның ішінде міндетті әлеуметтік сақ­тан­дыру туралы заң жобасы және оған ілеспе заң жобасы бар. 

Аталған құжат міндетті әлеумет­тік сақтандырудың құқықтық, экономи­ка­лық және ұйымдастырушылық негіз­дерін нығайтуға бағытталған. Атап айт­қанда, міндетті әлеуметтік сақтан­дыру жүйесіне қатысу өтілі мен міндет­ті әлеу­меттік сақ­тан­дыру қорынан төленетін әлеу­­меттік төлем­дердің мөлшері ара­сын­дағы өзара байланысты күшейту қарастырылған. 

Сондай-ақ жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Бұл шартты ратификациялау қылмыспен күресте екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Аталған құжатқа 2017 жылдың маусымында Ханойда қол қойылған. 

– Шарт қылмыстық істер бойынша құқықтық көмекті көрсету мәселелерін реттейді, сондай-ақ жасалған қылмыс тұр­ғысында күдіктінің кінәсін дәлел­деуге қажетті тергеу амалдарын жүргізу ескерілген. Жалпы, бұл шарт стандартты құжат болып саналады, – деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин. 

Баяндамашының айтуына қараған­да, шартты ратификациялау екі елдің қыл­мыс­керлікпен күрестегі ынтымақ­тас­­тығының тиімділігін арттыруы тиіс. Қазір­гі уақытта осындай шарттар 27 ел­мен бекітілген. Сонымен қатар қазір Куба­мен, Грекиямен және Македониямен арада осы тектес құжатқа қол қою мәселесі пысықталуда. 

– Вьетнаммен ынтымақтастық айтар­лықтай белсенді түрде дамып келеді. Бұл мемлекет Оңтүстік-Шығыс Азияда біз үшін тартымды елдердің бірі болып отыр, яғни экономикалық тұрғыда байланыстар нығайтылуда, – деді А.Лукин. 

Жалпы, Қазақстан мен Вьетнам арасын­да өткен жылы сауда айналымы 500 млн АҚШ долларынан асқан. Сондай-ақ мем­лекеттер арасында тікелей әуе рейс­тері ашылған.

Жалпы отырыста Қазақстан Прези­дентінің Жарлығымен Парламент Мәжі­лісінің депутаты Сапархан Омаровтың Ауыл шаруашылығы министрі болып та­ға­йындалуына байланысты депутат­тық өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. 

Сонымен қатар палата Мәжілістің Аг­рар­лық мәселелер комитетінің төр­аға­сы лауазымына Берік Оспановты сайлады.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»