• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
11 Желтоқсан, 2012

Жас жұлдыздар жарқылы

694 рет
көрсетілді

Жас жұлдыздар жарқылы

Сейсенбі, 11 желтоқсан 2012 7:29

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы студенттерінің Мәскеудегі Мемлекеттік Эстрада Театрында табысты өткен концерті ұлттық эстрада келешегінің жаңа көкжиектеріне ұмтылдырадыМәскеу күні бұлыңғырлау болғаны­мен, Алматыдан келген жас дарын иеле­рінің көңілдері жаймашуақ. Көлге біткен көк құрақтай, осындай балғын да балауса шақта Ресей астанасындағы әлемге әйгілі театр сахнасында өнер көрсету бақыты екінің бірінің маңдайына бұйыра бер­мей­тінін, әлбетте, олар жақсы түсінетін сияқты.

Сейсенбі, 11 желтоқсан 2012 7:29

Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы студенттерінің Мәскеудегі Мемлекеттік Эстрада Театрында табысты өткен концерті ұлттық эстрада келешегінің жаңа көкжиектеріне ұмтылдырадыМәскеу күні бұлыңғырлау болғаны­мен, Алматыдан келген жас дарын иеле­рінің көңілдері жаймашуақ. Көлге біткен көк құрақтай, осындай балғын да балауса шақта Ресей астанасындағы әлемге әйгілі театр сахнасында өнер көрсету бақыты екінің бірінің маңдайына бұйыра бер­мей­тінін, әлбетте, олар жақсы түсінетін сияқты.

«Қазақстан эстрадасы – жаңа есімдер» атты осынау ерекше концерт «Ресей – Қазақстан: ХХІ ғасыр» фестивалінің шы­мылдығын жабу аясында өтіп, ол ең алдымен еліміздің Тұңғыш Президенті кү­нін мерекелеу құрметіне, сондай-ақ тәуел­сіз Қазақстан мен Ресей арасындағы достық рәуішті дипломатиялық қатынас­тардың 20 жылдығына арналды. Екі жақ үшін де бірдей игілікті іс-шараның ықы­ласты ұйымшылдықпен өтуіне Ресей Фе­дерациясының Мәдениет министрлігі, Қа­зақстанның Мәдениет және ақпарат, Білім және ғылым министрліктері, сонымен бірге, Ресейдегі біздің елшілік тарапынан қолдау білдірілсе, концерттің бар­лық ауыртпалығы мен жауапкершілігін мойындарына алып, ыстық-суығын бө­ліскен тікелей ұйымдастырушылары Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық академиясы мен Ресейдің Фестивальдар, конкурстар және шетелдермен мәдени ынтымақтастық жө­ніндегі Халықаралық орталығы екендігін айта кеткен ләзім.Осы арадағы үйлесімділіктің бір гәбі, былайша айтқанда, табыс кілті аталмыш мекемелер басшыларының бейіл-белсен­ділігінде жатқанын да аңғарғандаймыз. Өткен жылғы желтоқсанның басындағы концерттері мәскеуліктерге ұнап қалған­дықтан, Ресейдің Мәдениет министрлігі биыл Қазақ өнер академиясын өз астанасына екінші рет шақырып отыр. Ректор Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, шақырушы жақ концерт шығындарын түгелдей өздері көтерген. Қазақтың жас өнер жұлдыздары, балауса дарындары атақты сахнада екінші мәрте ән шырқауға лайықты деп тапқан. Әрине, көрермен талғамына қанық, кәнігі ұйымдастыру­шылар мұндай шығынға тектен-тек бармаса керек. Концерт бір деммен тамаша аяқталған кезде Халықаралық мәдени орталықтың директоры Владимир Линчевскиймен де тілдесіп қалудың сәті түскен. Владимир Николаевич Қазақстан­ның тумасы екен. Біраз жылдар бойы Павлодар облыстық филармониясына басшылық етіпті. Мәскеуде де маңайына Қазақстанға деген сүйіспеншілік ұрығын егіп жүретіні көрініп тұр. Арыстанбек бауы­рымызбен де рәуішті достық қаты­наста екендігі байқалды.– Қазақстан тарапына әрдайым ізгі жүректен шыққан ілтипатты лебіздерімді айта жүремін, – дейді В.Линчевский әлі жаңа ғана тыңдаған әндердің ғажап әсе­рінен арыла алмаған қалпында. – Кон­церт­тің басы жақсы басталды, жалғасы одан да тамаша болды. Сіздердің жастармен бірге өзіміз де өсіп, көңіліміз көр­ке­йіп қалды. Ұлттық өрнек те, орыс әндері де жетерлік. Мұның өзі бар жағынан мәскеулік көрерменге деген құрмет қой. Сонымен бірге, әлемдік классика мен эстрада мәдениетіне зор құштарлықпен кірген, табиғи кіріге білген.Т.Жүргенов академиясы таланттары­ның өнерін осылай бағалай келе, Владимир Николаевич екі елдің достығымен өрнек­телген осындай концерттердің алдағы уақытта дәстүрге айналатындығына үміт­тенетінін айтты. Қазақ өнерінің Мәскеу­дегі осындай үлкен жүректі жанашыр досына Қазақстанның еңбек сіңірген мәде­ниет қызметкері атағы берілгендігі, оның өз еліміздің «Достық» орденін тағып жүруі қандай ғанибет.Біздің жас таланттардың өнерін тама­шалауға келген қауымның театр залын лық толтыруы Мәскеуде Қазақстан­ның достары көп екендігінің тағы бір айғағы деп білдік. Осы тілектес әлеуметке қазақ­стандық өрендер өткен жылғыдан да ай­шықтырақ өнер көрсеткені айқын сезіліп тұрды. Менің жай тыңдарман ретінде қызыға назар аударғаным: әрбір нөмірден кейін «Браво» деген делебе қоздырар ризашылық үндері, шат айқайлар құлақ тұндырды. Орыстың «бравосы» қазақтың «бәрекелдісі» ғой. Әр реттегі сол «Браволарды» естіген сайын іштей шүкірана­мазды айтып, көктемдегі көктей қаулаған жауқазын жастарымызға біз де «Бәре­келді!» деп марқая мерейленіп отырғаны­мызды несін жасырайық.Гүл жайнап, құлпыра түрленген қазақ әндері, орыс композиторларының шығар­малары, әлемдік ән жауһарлары ғажап орындалғаны соншалық, пікір айтушы көрермендер концерттік бағдарламаны Ресей мен Қазақстанның таңдаулы телеарналарында жарқырата көрсетуге әбден лайықты деп бағалады. Арыстанбек Мұ­ха­медиұлы айтса айтқандай, тыңдау­шы­сы келіскен Мәскеудің концерттік залдары өзіндік сынақ алаңы екені де рас-ау. Олай болса, Эстрада театрының сахнасында өнер көрсетуі қазақтың жас дарын­дары­ның өмірінде өшпес із қалдырары да сөзсіз. Кім біледі, келешекте осынау өрен студенттер арасынан ұлттық өнеріміздің даңқын асырып, мақтанышына айналар ерен тұлғалары шығатын күндер де алыс емес шығар. Қалай десек те, осы жас талаптарға – әзірге көпшілікке белгісіз есімдерге үлкен сахнада өздерін танытуға мүмкіндік беріліп отырғаны қуантады.Студенттермен бірге Қазақстанның халық артисі, Өнер академиясының профессоры Роза Рымбаева мен респуб­ли­каның еңбек сіңірген қайраткері, академия ұстазы Толқын Забированың өнер көрсетуі жаңғыра жалғасқан ұрпақ са­бақ­тастығын паш етіп, өзі де шырайлы кон­цертті одан әрі көркейтіп жіберді. Роза Қуанышқызы нақ осы сахнада Кеңес Одағының басқа да артистерімен бірге ән қанатында алғаш атойлай қалықтаған алыс жылдарды, топ жарған жалаулы жастық шағын сағынышпен елжірей еске алды.Қазақстанның жас эстрадасының кон­церті Қазақстан туралы асқақ әнмен бас­талуы заңды еді. Бауыржан Ретбаевтың орындауындағы Мейірбек Атабаевтың осы­нау кең тынысты әнін мейірлене тыңдадық, кеудені еліміз бен жерімізге деген бір мақтаныш сезімі кернеді. «Қа­зақ­станым, жерім байтағым, ән айтсам да сен деп шырқап айтамын», деп қайыр­масына іштей ілесе, үндесе қосылып отырдық. Одан соң Бердібек Құлғараев, Ермек Дидар, Ержан Мұсырманқұлов, Айдарбек Дүйсебаев, Жанел Болат, Ба­қытгүл Бекбергенова, Мархаба Сәбиева, Айна Қалмағамбетовалардан құралған студенттер тобы кеңес композиторла­рының белгілі әндерінен поппури шашуын шашты. Осы ән шашуынан ерекше шуақ себелегендей, көрермендер күлім қағып қуанып қалды. Ел мен елдің ажырамас достығын, дәнекердің мықтылығын да осынау әр жүрекке ыстық «Старый клен», «Хорошие девчата», «Шар голубой», «Первым делом самолеты», «Я люблю тебя жизнь» әндерінің соншалықты әсем ойнақылықпен, жүрек қылын шерте қысқа қайырым орындалуы айғақтай бейнелеп тұрғандай еді. Мәскеулік әнсүйер қауымға қазақтың өнерпаз өрендері бір сәт осы поппури арқылы: «Иә, біз тәуелсіз елдің жастарымыз», бірақ біз сіздерге адал доспыз» деп айтқандай еді. Біздің жастар Мәскеу сахнасында ел имиджін осылай көтерді, ел мерейін осылай асырды.Келесі поппури кезегі белгілі қазақ сазгерлерінің әндеріне берілді. Жоғары­дағы октет құрамында болған сүйкімді қыздар квартеті. Иә, Жанел мен Бақытгүл, Мархаба мен Айна залға қазақ әндерінің көгілдір көктемін сыйлағандай болды. Мәскеу тыңдарманын махаббатпен, жас­тық шақтың жайдарман күншуағымен, ақ жауынды сезімдермен аялаған бұл әндер «Өмір өзен», «Арыс жағасында», «Сырласу вальсі», «Кешікпей келем деп ең», «Қайықта» екенін де айта кетейік. Қай­ран, Шәмші! Әнің сенің аққанат достық рәуіш елшілігіне мәңгілік жүре берер. Нақ осы нөмір алдыңғыға қоса концерт бағдарламасындағы ең әсерлі де аймаң­дай нөмір болған сияқты. Өз пайымдауымызда да, қауымның қабылда­уын­да да.Осы жолы эстрада орындаушыларымен бірге бишілер де келген екен. Бұл – концертке академияның хореография фа­культетінің қосқан үлесі екені анық. Қалай болғанда да, «Пассодобль» биі мен Арыстанбек Мұхамедиұлының «Вальсін» Евгений Моисеев пен Мәдина Алдамбергенова, Рауан Рахымжанов пен Ксения Пахомовалар шыр көбелек үйіріле, құй­қылжыта шалқып, жеңіл қалықтап, нә­шіне келтіре ұсынды. Академия студенті Даниэль Данлади орындауындағы Жеңіс Сейдоллаұлының «Қияли қыз» әні де өзгеше сәнімен, өрнекті экзотикасымен, сахналық шабытты еркіндігімен, қылық­ты еркелігімен езу тарттыра, жақсы қабылданды.Мәскеуде өнер көрсеткен екі жас дарынға, байқауымызша, екі досқа ерекше тоқталғымыз келеді. Оның бірі – Әли Оқапов. Иә, иә, бір кездерде Роза Рымбаеваны ашып, жұлдызын жарқыратқан, қазақ эстрадалық музыкасы ізашарла­ры­ның бірі Тасқын Оқаповтың ұлы – Әли. «Ат тұяғын тай басар» деген осы. Әли жастайынан пианиномен айналысыпты. Қазір – өнер академиясының студенті. Атақты анасының көмегіне де, беделіне де жүгінбей, өз тағдырын өзі жасауға ұмтылуда. Соңғы уақытта ән айта бас­таған. Бұл күнде өзіндік бағыт ұстанып, эстрадалық әндердің орындалуына би элементін көбірек қосып, көрерменді солай жаулағысы келеді. 21 жастағы ізденгіш Әли Мәскеуге ақын Ибрагим Исаевтің сөзіне жазылған өзінің «Ар­ман­ға» атты әдемі әнін ала келіпті. Хорео­графиялық бейнелі суретпен өрнектелген, қимыл һәм ырғақ тілімен айшықталған Әли Оқаповтың әні де мәскеулік тың­дарман жүрегіне ұялап ұнағанын «Браво!» деген айқайлар айтпай-ақ білдірді. Концерт басталар алдында ғана әңгіме­лескенімізде: «Эстрадалық әннің әрін келтіріп, жанын кіргізетін – би ғой, аға» деген Әли сөзіне де енді ден қойған­даймын.Әншілік таланты айқындалып, әр жерде мойындалып та үлгерген жастың бірі Батыржан Тазабеков болып шықты. Опералық табиғи тамаша дауысымен мамандарды таң қалдырып жүрген ол The Jigits тобының құрамында ән салады. Бұл топ биыл жазда Юрмалада өткен «Жаңа толқын» жобасында төртінші орынды еншілепті. Сонымен бірге, Батыржан ре­сей­лік «Жұлдыздар фабрикасы» жобасы­ның да ақтық сынында өнер көрсеткен көрінеді. Продюсері – Байғали Серкебаев. Жыл басында «Сәби» қоры ұйымдас­тырған әлеуметтік-мәдени акция аясында Америкада ән шырқайды. Сол жолы бағын сынамаққа Джилиарт академия­сын­дағы тыңдалымға түссе, сыннан мү­дірмей өтеді. Бірақ біздің жігіт ол мәр­тебелі оқудан бас тартады. Осы жолы Батыржан дүние жүзіне мәшһүр Дэвид Фос­тердің әндерін итальян тілінде әуелете еркін шырқап, елдің ризашылығына бө­ленді. Бүгінгі жас жұлдыз қазақ эстра­дасының ертеңгі бас жұлдызына айналсын деп тілейік, ағайын.Қалай десек те, А.Қалмағанбетова, М.Сәбиева және Ж.Болат құрамындағы қыздар триосы, Бердібек Құлғараев, Диас Нүсіпов, Нұрсаят Серікбаев, Ержан Мұсырманқұлов сынды жас дарындар барын сала, жанын шаға таңғы шықтай мөлдіреген тамаша таза дауыстарымен шырқаған, әсем бимен әсерлендіре әдіп­телген әлемдік шлягерлер мен орыс ән­дері, соның ішінде, әсіресе Р.Коччиан­тэ­нің жалпыға мәшһүр «Нотэрдам де Пари» мюзиклі жиылған талғампаз көпшіліктің көңілінен табылды дей алсақ керек. Бір ғана түйткіл, шіркін-ай, осы жауһарлар­дың арасында қазақтың дарқан жанының, жазира даласының бейнесіндей болып эстрадамен әдемі үйлестік тапқан бір-екі халық әні, Біржан сал мен Ақан серілер­дің әндері жүргенде тіптен ғажап болар еді-ау деп ойлағанбыз. Солай болғанда бұл концертті көрген адам жалпы қазақ эстра­дасының сыр-сипатын, өзіндік дара­лы­ғын, ұлттық нақыштарын тереңдеп тани түсер еді-ау дегенбіз. Иә, қазақ эстра­дасының ешкімге ұқсамайтын өз бет-бейнесі, өз репертуары болғаны мақұл. Осы жайды алда ескере жүрсек, құба-құп.Қорыта айтқанда, жүргеневтік өнерпаз өрендердің Мәскеудегі концерті аса биік өреден табылды. Шетелдермен мәдени ынтымақ орталығының фестивальдық-концерттік бөлімінің бастығы Инна Щавелева: «Осы концерттен-ақ Қазақстан­ның аршынды адымдармен дамып отыр­ғанын көреміз де сеземіз. Сіздердің жас­тарыңыз өте дарынды. Сонымен бірге, тәр­бие-әдебі де ғажап. Техникалық жа­рақ­тануы, бәрі құрметке лайық. Қазақ­станның жас әншілерін, олардың дарқан дауыстарын айтсаңызшы. Осындай кең тынысты күшті дауысты қазақ елінің табиғаты, ұлан-байтақ ұшан даласы сыйға тартқан болар. Мен өзім жұмыс бабында Қазақстанда жиі болып тұрамын. Қазақ халқын құрметтеймін», деп айтқан риясыз сөздері зал толы барша қауымның көңіл күйін білдіргендей еді.Ұзақ қол шапалақтау үстінде Қазақ­станның жас дарындарының құрметіне сахнаға Ресей Мәдениет министрлігінің және Ресей федерациясындағы Қазақстан елшілігінің ықылас гүлдері қойылды. Ал жүректердегі ықылас бұдан да зор деп білдік.Қорғанбек АМАНЖОЛ,«Егемен Қазақстан».Алматы – Мәскеу – Алматы.