Камс Камуабо Ұлыбританиядан Қазақстанға осыдан алты жыл бұрын келіпті. Қазақтың елі де, жері де, тіпті тілі де ұнап, өз тереңіне қалай тарта жөнелгенін байқамапты. Алғаш Семей қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде еңбек етіп жүргенде қазақ тілін үйрене бастаған ол бүгінде Ақтау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде физика пәнінен сабақ береді.
Осы жылдар ішінде қазақ тілін меңгеру деңгейі де біршама жетілген. Бүгінде қазақ тілінде өз ойын еркін жеткізуге тырысып жүрген Камс Абай ақынның шығармаларына құштар.
Абай мен оның ана тілін ардақтап, оны меңгеруге талаптанған Камс Камуабоның Ақтау қаласында халықаралық Ана тілі күніне орай ұйымдастырылған «Тіл – тұғырымыз, соғып тұрған жүрегіміз» атты тілдер сайысында бағы жанды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Маңғыстау облыстық филиалының ұйымдастыруымен 15-25 және 25-40 жастағы шет тілді азаматтар арасында алғаш рет өтті. Ұлттар достастығын арттырып, қазақ тілін үйренуге ынталандыру мақсатындағы сайыс екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде қатысушылар өз ана тілінде белгілі қаламгерлердің туындыларын жатқа айтса, екінші кезеңде шығарманы қазақ тілінде жатқа айтуы керек еді. Камс Камуабо көрермендерді Абай Құнанбаевтың «Желсіз түнде жарық-ай» әнін қазақ тілінде нақышына келіп орындауымен қуантты және сайыс қорытындысында бас жүлдеге ие болды.
– Мен тіл байқауына алғаш рет қатысқандықтан қобалжыдым. Бірақ көрермендердің демеуі маған туындыларды көңілден шығатындай етіп орындауға мүмкіндік берді. Мен Абай Құнанбаевтың шығармаларын жақсы көремін. Ақынның «Желсіз түнде жарық ай» әнімен бірге, «Көзімнің қарасы» әні де маған қатты ұнайды, – дейді ол.
Жеңімпаздың ойынша байқау барысында шығарманың мазмұнын түсініп орындау маңызды. Абайдың терең ойларын ағылшын тілінде айтып берген ол ұлы ойшылдың еңбектерін үнемі оқуға тырысатын көрінеді.
– Қазақ тілі – ерекше тіл. Сондықтан үйренуді әлі жалғастырамын. Біздің мектебімізде шетел ұстаздарына қазақ тілін үйрену сабағы бар. Сол сабаққа тұрақты түрде қатысып қана қоймай, «Қазақ» радиосын, телеарналардағы қазақ тілді шоуларды көргенді жақсы көремін, – деп сөзін сабақтады Камс.
Сайыста қазақ тілін меңгеру шеберлігімен тәнті еткен зияткерлік мектептің химия пәні мұғалімі Венера Суровцева екінші орынға лайық деп танылды. Шетелдік ұстаздардың қазақ тілін білуге қызығушылығы және қазақ тілін өте бай тіл деп жоғары бағалауы көңіл өсірді. Кейбір бауырларымыз қадірін білмей жүрген қазынамызды жатжұрттықтар зор тұтып жатса, әрине зор қуаныш.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Маңғыстау облысы