Ауыл шаруашылығы министрлігі делегациясы вице-министр Г. С. Исаеваның басшылығымен Қытай Халық Республикасына сапары барысында Пекин қаласында ҚХР Коммерция министрлігімен келіссөздер жүргізілді. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі хабарлады.
ҚХР Коммерция министрлігі Қытайдың Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік өнімдерін импорттауға деген жоғары қызығушылығын атап өтті.
Бұл ретте, Қытай тарапы қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экологиялық тазалығын атап өтті.
Тараптар ауыл шаруашылығы өнімдерін сату және Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комитетінің жанындағы Ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобы шеңберінде келесі бағыттар бойынша ынтымақтасуға уағдаласты:
- ҚХР коммерция министрлігінің қолдауымен Қазақстаннан Қытайға импорттық тапсырыстарды ұйымдастыру (мысалы, өңіраралық ынтымақтастық шеңберінде Шаньси провинциясына қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу);
- Өңіраралық ынтымақтастықты күшейту, ағымдағы жылдың көктемінде ҚР-да өңіраралық ынтымақтастықтың екінші форумын өткізу;
− Электронды сауда алаңдары арқылы қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытай нарығына жылжыту, жұмыс тобының кезекті отырысы аясында АӨК өнімдерінің электрондық саудасы бойынша практикалық семинар өткізу;
- «Қорғас» ШЫХО-да ветеринарлық және фитосанитарлық зертхана мен электрондық сауда алаңын құру бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыру»;
- Шығыс Қазақстан облысында бірлескен ветеринариялық зертхана құру бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыру.